Бас тақырып | Тема дняҚоғам | Общество

ҰРПАҒЫМЫЗ ҒАЛАМТОР ШЫРМАУЫНДА

Қазіргі таңда баламызды әлеуметтік желілер мен ғаламтордағы түрлі қосымшалар тәрбиелеп жатқаны рас. Пандемиялық жағдайға орай онлайн тіршілік өмірімізге дендеп енгелі балаларды телефоннан тіпті ажырата алмайтын болдық. Ал ғаламтор баламыздың санасына, тіліне, діліне қалай әсер етіп жатыр?

Алыстан мысал іздеудің қажеті жоқ, жолдасым да өзім де қазақы қаймағы бұзылмаған Қызылорда өңіріненбіз. Үйде таза қазақ тілінде тілдесеміз. Жүрген, тұрған ортамыз да қазақ тілді. Бірақ үйдегі екі жасар ұлымыз бен бес жасар қызымыз үйде орыс тілінде шүлдірлесіп жүргенде басында қызық көрдік. Уақыт өте дастархан басында барлық әңгімесін орыс тілінде жеткізе бастағанда алаңдап бастадық. Бақсақ youtube-тан таңертеңнен кешке дейін тек орыс тіліндегі мультфильмдерді көретін, көбінесе екеуара орыс тілінде сөйлесіп бастаған балаларымыздың тілі орыс тілінде шығып келе жатыр екен. Тіпті кейде ашуланып немесе ренжіп қалғанда эмоциямен ішкі ойын орыс тілінде оңай жеткізетіндіктен қанша тыйым салсақ та, орыс тіліне көшіп алатынына қарап, тілдерін қазақыландыруға кірістім. Youtube-тың балаларға арналған көрсетілімдерін қарап шықтым. Балапан арнасының өнімдері мен бірді екілі мультфильмдер болмаса балаларға арналған қазақша контент жоқтың қасы. Телефон сұраған уақытта қолдарына қазақ тіліндегі мултфильмді қосып бергеніммен аз уақыт өткен соң балаларым оны өткен жолы да көргендерін, қазақ тіліндегі балаларға арналған контенттің үнАл емі жаңармайтынын айтып шағымдана бастады. Расында да «Балапан» телеарнасының өзі түстен кейінге дейін біршама уақытын онлайн сабаққа бөлгеннің өзінде түстен кейінгі беретін бағдарламалары күнара айналып келе беретінін, эфир уақытын қайталаумен өткізетінін аңғардым. Яғни балалардың  сұрынысын қанағаттандыра алмай отырмыз. Таныстарымыз «тіл үйренгеннің зияны жоқ, сөйлей берсін, түсінісерсіңдер уақыт өте» деп бізді жұбатқанымен, қызымның қыңыр, өзімшіл Машаның қасиеттерін бойына сіңіріп, «Маша и медведь» мультфилміндегідей дастархан басына келіп «кашу, кашу» деп айқайлағанына қарап, ұлымның Youtube-тағы «Влад и Никитаның» хикаяларына сай қатігезденіп бара жатқанын көргенде, не істерімді білмей кеттім. Әлеуметтік желі арқылы сұрау салып көрсем, туа сала телефонды тани кететін талай кішкентайлардың тілі орыс тілінде шығып келе жатқанын естідім. Ғаламтордағы өнімдерді бақылып, осы бастан өзіміз алдын алмасақ, ғаламтордың бізді тәрбиелейтінінің бір айғағы бұл! Ал Youtube тағы балаларға арналған контентті көбейтіп, баланы тәрбиелеуде ұлттық ұстанымдарымызды, ұлттық ертегілердің басты кейіпкерлерін санасына сіңіріп, әлеуметтік желінің балаларға тиімді әсер етуін ойласақ қазірден ғаламторды қолға алуымыз керек.

Сондай-ақ қазіргі таңда компьютер ноутбукты айтпағанда теледидар мен ұялы телефонға емін еркін қосыла беретін ғаламтор арқылы, балаңыз зиянды әдеттерге оп оңай-ақ шырмалып, тіпті ажалға шақыратындардың арбауына да түсіп қалуы бек мүмкін. Мәселен жыл басынан бері елімізде жасөспірімдерді суицидке итермелеген 14 топ анықталған екен. Олардағы барлық нәрсе кураторлар деп аталатын зиянсыз тапсырмалардан басталып, өз-өзіне қол жұмсауды талап етумен аяқталады. Өлім ойынын ойнаған Түркістан облысындағы бір оқушы алғашында оны қарапайым ойын деп ойлаған.  Олар әр түрлі тапсырмалар жіберіп, сурет салғызып ең соңында тамырды кесуді бұйырған. Бас тартқан кезде қоқан лоққы жасап, тығырыққа тірелген оқушы соңында қорқыныштан барып тамырын кесуге мәжбүр болған. Сыныптастарынан алшақтап, қатты қобалжып, жиі ашуланып, мінез құлқы өзгере бастаған жасөспірімнің өзгерісін көргенімен өлім ойынын ойнап жүргенін айналасындағылардың ешқайсысы түсінбеген. Жақында «Telegram-арналардың» көмегімен жасөспірімдерді суицидтік ойындарға тартқан тағы бір куратор ұсталды. Жедел уәкілдер мұндай арналардың «кураторын» ұстау қиын екенін мойындайды. Кейде оны іздеу алты айдан бірнеше жылға дейін созылады екен. Бүгінде жасөспірімдердің гаджеттермен көп уақыт өткізетінін ескерсек, мәселе өткір болып тұр. Осы орайда «үлкен жауапкершілік ата-аналарға жүктеледі» дейді психотерапевтер. Көбінесе, өз істерінен «қолы босамайтын» ата-аналар баласының қиын жағдайға тап болғанын сезбейді де екен. Сондықтан мамандар  «оң мен солын танымаған жасөспірімдерді өлімге итермелейтін қоғамға қауіпті ондай адамдар кез келген уақытта пайда болуы мүмкін. Ата аналары тарапынан балаларға үнемі қадағалау, жақын тартып, сыр жасырмай әңгімелесіп отыру қажет. Кез-келген көріністерге, кез-келген қоңырауларға назар аудару керек. Елемеуге, күлуге, бағаламауға, морализацияға немесе айыптауға болмайды. Баламен сөйлесу керек, өзін қанша уақыттан бері осылай сезінетінін, немен байланысты екенін сұрау керек. Кураторлар арамшөптер сияқты, құқық қор,ау орынары қадағалап отырғанымен үнемі жаңалары пайда болып отырады» дейді.

Соның айғағы «Тихий Дом», «Синий киттен» соң пайда болған балаларды суицидке иермелейтін «қырға дейін 50 қадам» жаңа ойыны атауы өзгергенмен, мақсаты бір. Әуелі балаларды өзіне қарай баурап алып, кейін түрлі тапсырмалар беріп, соңында өзіне қол жұмсауға мәжбүрлейтін топтарға айналасынан жылу іздеген, ата анасының назарынан тыс қалған балалар үйір болатынын ескерсек, ата аналардың балаларына уақыт бөліп отыруы маңызды екенін байқаймыз.

Айнаш Мақсатқызы, психотерапевт:

– Балаларды суицидке итермелейтін топтар ата-анасы көңіл бөлмейтін, достарымен бірге жүрмейтін, бойында белгілі бір комплексі бар балаларды таңдайды. Сөйтіп досының рөліне кіреді. Кейін балаларға айтқанын істететін әміршісіне айналады. Ал үйдегі ұл-қыздың арам пиғылды жандардың құрығына түскенін қалай білеміз? Ең басты екі нәрсе арқылы білуге болады. Бұл баланың ұйқысы және тамағы. Дәл осыны бұзады олар. Олар осы жағынан өте жақсы әсер ете алады. Бала тамақтан тыйылып, ұйқысы бұзылған уақытта роботқа айналып, кез-келген тапсырманы орындай береді. Мен өзімді жек көремін, мен сендерге керек емеспін деп өз-өзін кінәлай бастайды. Немесе айналасын жек көре бастайды. Бұл ата-ана үшін үлкен сигнал. Рас құзырлы орындар ғаламторда отырып алып, жаналғышқа айналғандарды бұғаттауға тырысып жатыр. Дегенмен, кез келген уақытта жаңасының ашылмасына кепіл жоқ. Сондықтан әр ата-ана баласын өзі үнемі бақылап отырғаны дұрыс.

Қазіргі таңда балаларды тез баурап алып, жасөспірімдердің мықты ермегіне айналған әлеуметтік желінің бірі  TikTok. Бүгінде оның қолданушылары бүкіл әлемде 800 млн асып жығылады екен. TikTok қа еліткен жастар би билеп, ән айтып, түрлі қозғалыстарды жасап видео түсіруден бөлек, шағын рөлдерді де ойнайды. 2016 жылы құрылған әлеуметтік желідегі әуестік бізге енді ғана жетіп жатыр. Желінің негізгі қолданушылары – жастар, жасөспірімдер мен балалар. Қазақстанда TikTok былтырдан бастап ерекше кең тарай бастады. Ал жақында ұлт зиялыларын мазақ етіп, Абай, Ыбырай, Әлихан аталарымызды билетіп, бет аузын қисаңдатып қойған әрекеттеріне қарап, аталмыш желіні де бақылауға алмасақ болмайтынын аңғарамыз. Сондай-ақ вк-ның да талай жастарды жат ағымдардың шырмауына тартқаны есте. Тіпті вкдағы топтарды үнемі бақылып жүрген орта жастағы азаматтарымыздың өзі көп ұзамай Сирия асып кеткен. Баламыздың тілінің шығуынан бастап, ықпалын жүргізіп, тіпті санасының өзгеруіне әсер етіп жатқан әлеуметтік желіні талай ел қадағалауға алған. Мәселен  Үндістан 59 қытайлық қосымшадан бас тартты. Оның ішінде Tik-Tok-та бар. Ал Иран жаппай әлеуметтік желіге тыйым салу туралы бастама көтерді. Ал біз ше? …

Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ

Комментарий