Қоғам | Общество

Күйзелістен құтылуға бола ма?

45 жастағы тұрмысқа шықпаған келіншек күйзелістің кесірінен екі айда 20 келі салмақ жоғалтты. Құр сүлдерін сүйреткен дімкәс әйелді дәрігерлер ажал аузынан арашалап қалды. Психологиялық кеселге шалдыққан жанның денсаулығына алаңдаған психиатрлар күйзелісті асқындырмай ,  мамандардың көмегіне жүгінуге кеңес береді. «Адам аласы ішінде. Қой аласы сыртында» дегендей аласапыран заманда  қайғы-мұңын бүгіп, тауқыметтің ауыр жүгін арқалаған адамдар іштей дертімен арпалысып,  емделуге ұялады. Намыстанады. Оның нәтижесі қандай? Күйзеліс асқынған жағдайда  қандай аурулар бас көтеруі мүмкін?

     Журналист Жазира Бегалы күйзелістен құтылудың амалын, ем-домын іздеген көпшіліктің сұрағына жауап іздеп,  Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының директоры Сапар Рахменшеевтен сұхбат алды.

   -Адам өзінің күйзеліске ұшырағанын қалай біледі? Қандай белгілері бар?

-Күйзеліс дегеніміз-  адамның көңіл-күйінің өзгеруі. Сыртқы факторлардың әсерінен болатын және ішкі эндогенді үдерістердің  салдарынан пайда болатын психологиялық кесел. Жұмыстағы келеңсіздіктер, жақыны қайтыс болғанда кейбір кісілер уайымға салынып, ұйқысынан айырылып, дегбірі қашады. Созылмалы аурулар бар науқастарды діңкелетіп тастайтын физикалық әсерден туындайтын күйзелістің түрі де  кең тараған.

Енді  күйзелістің белгілеріне келсек , ұйқысыздық , тәбеттің жоғалуы, сіркесінің су көтермейтіні және өзіне-өзі қол көтеруге бейім болуы . Сондықтан сыртқы оқиғалардың әсерінен туындаған күйзелісті уақыт емдейді. Белгілі бір уақыт өткеннен кейін ол әлгі психологиялық дағдарыстан құтылып,  өзінің бұрынғы қалпына келуі мүмкін.  Ал жеке бас тыныштығын ұрлаған  мазасыз ой, уайымнан арылу оңай емес. Бұл жағдайда психолог, психиатрлардың көмегіне жүгінуге кеңес беремін. Адам жанын жегідей жейтін жанның азабына шырмалған  әр адамның өз бетінше айығып кетуі екіталай.

  – Осы дерт асқынып кеткен жағдайда адамды қандай қауіп күтіп тұр?

-Кез-келген адам өзін науқаспын , емделу керек деп ойламайды. Себебі , әлгі мазалаған проблеманың шырмауына шырмалып жүре береді.  Олардың ойы біреу. Түйіткілден шығатын жол жоқ  деп спирттік сусындар ішуге әуестенеді, есірткі тұтынып немесе суицид жасайды. Ата-анасы , туыстары, достары адамның мінез-құлқының өзгергенін байқайды. Өйткені ол күрт өзгереді. Тұйық мінезді және оқшаулануға тырысады. Бойкүйездіктен жүдеп, өзінің ішкі жан күйзелісін өзгелерден жасырады.  Тағы бір ерекшелігі әзіл-күлкі оларды тітіркендіріп, тез ашуланып, ұнамайтын нәрселерге  оқтай атылып, өкпелегіш болады.

Бұл кеселді емдемеген жағдайда аурудың созылмалы түріне айналып, асқынған ауру  қан қысымының көтерілуі мүмкін, асқазан жарасы , қант диабеті , жүрек қызметінің нашарлауы,  психикалық ауытқулардың бас көтеруіне әсер етеді. Науқасқа  тез арада медициналық көмек көрсетпесе, басқа ағзаларға әкелетін зияны орасан зор.

  • Адам аласы ішінде деп бекер айтылмаған. Күйзеліске шалдыққан адамды мінез-құлқынан басқа тағы қалай ажыратуға болады?

 

  • Әрине біздің орталықта емделушілер өзін маскүнем, нашақор немесе жындымын деп ешқашан мойындамайды. Күйзелістің ауыр түріне шалдыққан адамға ту сыртынан бірден диагноз қоюға болмайды. Психологтар әңгімелесу арқылы ауруды анықтайды.  Кейде адамның киген киімі лас немесе үтіктелмеген , жуынбайтын, көзге оғаштау көрінеді. Яғни сіз бұрыннан танитын кірпияз әйел немесе еркектің мінезі ғана емес, оның көпшіліктің ортасына солай олқы-солқы , алба-жұлба болып келуі де күйзеліске ұшырағанынан белгі береді.

-Енді қалай емделуге болады ?

  • Тек психолог , психиатрлардың көмегінуге кеңес беремін. Психиатрлар ұйқысыздықтан арылатын дәрі-дәрмек тағайындайды. Сондықтан көңіл-күйі жүдеген жақындарыңызға әрқашан қамқорлық жасап, оның өміріне бей-жәй қарамауға шақырамын. Ал егер күйзелістен қиналып жүрсеңіз, жындымын деп жүйкеңізді жұқартпаңыз. Емделуге намыстанып, өз өміріңізге балта шабуға асықпаңыз. Сізге әрқашан біздің мамандар кәсіби көмек беруге дайын.

Сұхбаттасқан журналист Жазира Бегалы.

Комментарий