Бас тақырып | Тема дняСаясат | Политика

Тоқаев 2021 жылы кейбір қылмыскерлерге рақымшылық жасалатынын мәлім етті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы Қазақстанда қылмыстық жауапкершілікке тартылғандарға рақымшылық жасалатынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Ақорданың сайтына сілтеме жасап.

Тоқаевтың төрағалығымен Нұр-Сұлтанда ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Оның барысында ішкі істер органдарының ағымдағы жылдың тоғыз айындағы қызметінің қорытындылары және мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мәселелері қаралды.

Президент өз сөзінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, заңға сәйкес, азаматтарға және жалпы мемлекетке қауіп келтірмейтін қылмыс жасаған адамдарға амнистия жасалатынын жеткізді.

“Елдегі күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайда қылмыстың өршуіне және түрме “тәртібінің” таралуына мүлде жол беруге болмайды. Ондағы жағдайдың аса мәз емес екені мәлім. Бас бостандығынан айырмай жазалауға қатысты түйткілдер бар. Министрлік қылмыстық-атқару жүйесіндегі мәселелерді шешу бойынша нәтижелі жұмыстар көрсетуі керек”, – деді Мемлекет басшысы.

Еске салсақ, осыған дейін Қазақстанда тоғыз рет рақымшылық жарияланды (1991, 1994, 1996, 1999, 2000, 2002, 2006, 2011 және 2016). 2016 жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жарияланған рақымшылық кезінде түрмелерден бір жарым мыңға жуық адам босатылып, сотталған 20 мыңнан астам адамның жазасы жеңілдетілді.

Комментарий