Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Сыбайлас жемқорлықпен күрес тоқтамайды

Сыбайлас жемқорлықтың араласпаған ортасы, дендемеген саласы жоққа тән. Жыл сайын арнайы сараптама орталықтары жемқорлыққа бейім мекемелердің рейтингін қалыптастырып, кеселдің алдын алуға талап жасап жатады. Мұндай шаралар керек. Және сыбайлас жеммқорлыққа қарсы «менің қолымнан не келеді?» деген сыңаймен қол қусырып отыруға еш болмайды.

Қазақстанның Жоғарғы Сотында да сыбайластықпен күрес мәселесіне айрықша назар аударылады. Басқа құрылымдармен салыстырғанда жемқорлықпен күресу сот үшін өте маңызды. Өйткені сот – ақ пен қара таразыға салынатын, ақиқат салтанатын құратын алаң. Ал бұл ортаға сыбайластық пен парақорлықтың сыналап енуі соттың ғана беделін түсірмейді, сонымен бірге мемлекетте әділдіктің барына деген күмәнді да қоюлатады. Соған орай қазақстандық соттар жегіқұрттың алдын алудың барлық амалын жасауда.

Ең алдымен бүгінде соттың барлық жұмысы алақандағыдай анық көрініп тұрады. Сот мәжіліс залдары ғана емес, бүкіл сот ғимараты бейнежазу құрылғыларымен қамтамасыз етілген. Судьялардың іске қатысты тараптармен процестен тыс кезде сөйлесуіне қатаң тыйым салынады. Қазылардың өзі қараған істе тараптарға қандай да бір артықышылық беруге де құзыры жетпейді. Мұндай келеңсіздік орын алса, оны анықтау, әшкерелеу оңай. Бүкіл сот мәжіліс залдары дыбыс-бейне жазу құрылғыларымен қамтылғандықтан, сот процесі жазылған таспаны көріп, тыңдау арқылы заңсыздықты анықтау өте оңай.

Сотқа жолданатын талап-арыз, материалдарды да енді өз аяғымен алып келіп, табыс ету қажеттілігі жоқ. Бүгінде мұндай шаруалардың бірқатары «Сот кабинеті» бірыңғай сервисі арқылы жүзеге асуда. Электрондық жетістік оыслайша азаматттар кеңсе мамандарының тікелей байланысын болдырмай отыр. Істердің судьяларға компьютердің көмегімен тең бөлінуі де айрықша атап өтетін бастама.

Дегенмен, адамның санасы өзгермей, бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптаспай кеселді түбірімен жоямыз деу қате. Жазаны көтеріп, айыппұлды өсірумен де мәселе толық шешілмейтінін Қытай тәжірибесі көрсетіп отыр. Сондықтан мемлекеттік қызметкерлердің санасын өзгертіп, мемлекеттік қызметке деген құрметін қалыптастыра білген жөн.

Жемқорлықпен қолға түсіп, түзеу мекемелерінде отырған мемлекеттік қызметкерлерді көрсету, олардың жүрекжарды сөзін тыңдау да азаматтарды шалыс басудан қорғайды. Осыған орай, біз сот саласын жемқорлықтан таза ұстауға ықпалын тигізетін барлық мүмкіндікті назардан тыс қалдырмай, пайдалана білгеніміз артықтық етпейді.

Төленді Боранов,

Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 сотының судьясы

 

Комментарий