Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Медиацияның мүмкіндігі мол

Елімізде даудың көбеюін азаматтардың құқықтық сауатының өсуімен байланыстырып жатамыз. Рас, құқықтық мәдениеттің кемелденуі мемлекеттің басым бағытының бірі. Азаматтардың дауды күшпен, жұдырықпен емес, сот арқылы зиялы түрде шешкені әрине орынды. Алайда, соңғы жылдары қазақстандық соттың жүктемесі шамадан тыс көбейіп кетті. Өзара реттеуге, келісуге болатын даусыз істердің өзі бүгінде сотқа жетіп жатыр. Мұның зардабы аз емес. Ең алдымен бұл соттасып, құқығын қорғауды мақсат еткен тараптардың өзіне зиян. Өйткені, сот отырысы бір күнмен бітетін,  бір уақытта шешілетін мәселе емес. Сот мәжілістері апта, айларға созылуы мүмкін. Бұл қос тараптың уақыт, қаржы жағынан ұтылуына алып келеді.

Бұдан бөлек, даукестің сот жұмысының сапасын көтеруге де қолбайлау болып отыр. Себебі сотқа арыз түскеннен кейін оның судьяларға автоматты түрде бөліпі, сот процесінде қаралатыны түсінікті. Осылайша даусыз істеге уақыт бөлген судьялар неғұрлым күрделі істерді шала қарауға мәжбүр болып жатады. Сот істерін қараудың арнайы мерзімі болғандықтан, бұл судьялар тарапынан жасалатын амалсыз шара.

Ал істер медиативтік келісіммен біткен жағдайда осы қиындықтардың барлығы кедергі келтірмейді. Оның үстіне бүгінде сотқа дейін татуластыру тетіктерін тек медиаторлар емес, судья-бітімгерлердің, қос тараптың адвокаттарының, заңгерлік палата мүшелерінің кедергісіз қолдануыда жағдай жасалған. Даумен жүгінген азаматтар енді тек медиаторды күтіп отырмай, өздерінің татуласуға ниетті екенін судья-бітімгерге немесе өз адвокаттарына жеткізе алады. Бұл істерді тез, артық шығынсыз, жүйкеге салмақ түсірмей шешудің таптырмас әдісі.

Дауды шешу үшін делдалдарға жүгіну жаңа  табылған жаңалық емес. Бұл басқа елдерді айтпағанда, қазақтың қанында бар қасиет. Себебі даукестікті сүймейтін, бейбіт келісімді қалайтын халқымыз ауыл арасындағы жанжалды бітімгершілікпен шешкенін тарих дәлелдейді. Ал медиация заманауи бағытта XX ғасырдың екінші жартысында дами бастады. АҚШ, Австралия, Ұлыбритания, содан соң Еуропаға таралған бітімгершілік үрдісі алғашқыда отбасылық қарым-қатынастағы дауларды шешуде қолданылғаны белгілі. Кейіннен медиация жергілікті қоғамдастықтардағы даулардан бастап коммерциялық және көпшілік саласындағы күрделі дау-жанжалдарды шешуге батыл қолданылды. Бүгінде озық елдер тәжірибесі мен қазақтың бітімгершілік институтын дамытқан еліміз татуластыру рәсімдерін барынша кең қолдануға әрекет жасап жатыр. Соның негізінде әр өңірде ақсақалдар алқасы, билер кеңесі құрылып, ауыл арасындағы тентектерді тыюға, дауларды өршітпей бітіруге әрекет етуде. Медиаторларға жағдай жасап, медиация кабинеттерінің ашылуы да даукестікті азайтуға айтарлықтай сеп. Бұған қоса, адвокаттардың заңгерлер палатасының мүшелерін татуластыру үрдісіне қатыстыру медиацияның смерейін өсіріп отыр.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Ж.Асановтың бастамасымен «Соттағы татуласу рәсімдері» пилоттық жобасы іске асырылуда. Осының бәрі қазақы құқықтық институттың қайта өркен жайып, медиативтік келісімдердің қатарын көбейтері күмәнсіз.

 

Әсел Утепова,

Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 сотының судьясы

 

Комментарий