Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Еңбек дауларын ерте шешкен тиімді

Жұмыс беруші мен жұмысшы арасында келіспеушіліктің туындауы, талап-тілектің айтылуы орынды. Бұл қалыпты жағдай. Және бір-бірімен түсініскен, өз міндеттерін барынша адал атқаруға тырысатын тараптар әдетте кемшілікті шиеніске жеткізбей шешуге күш салады. Мұндай кезде жұмыс берушінің де, жұмысшының да өз талабын ашық білдіріп, өз қалауын бүкпесіз айтқаны маңызды. Ақиқаттың таластан туатыны сияқты, келісім де пікірталастан қалыптасады. Сондықтан еңбек дауларын ушықтырғаннан гөрі екі тараптың бір үстел басына жиналып, мәселені бірігіп шешкені екі жаққа да тиімді.

Өкінішке орай, нарықтық заң үстемдік құрған бүгінгідей заманда адами қасиеттердің қаржылық қызығушылықтар қалтарысында қалатын кездері көп. Соның кесірінен жұмыс берушілер көп жұмыс істетіп, аз айлық берудің амалын жасаса, жұмысшылар өз еңбегіне сай жалақы төлеттіруді мақсат тұтады. Әрі мұндай дауларда құқықтық сауаты төмен, құжаттарға мән бермейтін жандардың есе жіберіп, ұтылып жататынын естен шығармауымыз керек.

Еңбек дауының ұжымдық және жеке болып бөлінеді. Сонымен бірге мұндай даулар екі сатыда қаралады. Алдымен тараптардың келісімі бойынша дауды реттеуге қадам жасалып, одан нәтиже шықпаған жағдайда келіспеушілік сот тәртібімен қаралады. Осы ретте екі тараптың түйткілін сотқа дейін реттеу мақсатында келісу комиссияларының тәжірибеге енгізілгенін атай кеткен жөн. Келісім комиссиясы тараптардын бірлескен шешімі бойынша жұмыс берушілер мен қызметкерлердің саны тең өкілдерінен тепе-тең негізде құрылады. Ал оның ұйымдық-техникалық жақтан кедергісіз жұмыс істеуін жұмыс беруші қамтамасыз етуі тиіс. Кеоісім комиссиясының жұмыс істеу тәртібі де дәйектелген. Соған сәйкес, комиссия өтініш берілген күннен бастап үш күн ішінде дауды қарайды. Кейіннен келісім комиссиясының шешімі қабылданып, арыз берушіге беріледі. Шешімді қарсы тарап үш күн ішінде орындауы шарт. Егер де қызметкер келісім комиссиясының шешімімен келіспесе үш айдың ішінде еңбек дауы бойынша сотқа арыздануға құқылы.

Тағы бір ескере кетер жайт, қызметкерлер еңбек құқықтық қатынастарынан туындайтын талаптар бойынша сотқа жүгінген жағдайда олар мемлекеттік баж бен істің қаралуына байланысты шығыстарды төлеуден босатылады. Мұның өзі елімізде жұмысшылар құқығын қорғау үшін барлық мүмкіндіктердің қарастырылғанын көрсетеді. Сонымен бірге бұл қызметкерлердің қаржылық жағдайының төмендігі өз құқығын қорғауына кедергі келтірмес үшін  жасалған игі амал.

Сот тәжірибесін зерделеу барысында азаматтардың еңбек қатынастарына қатысты әлі де құқықтық сауатының төмендігін аңғару қиын емес. Бір ғана мысал. Сотта үстеме жұмысқа ақы өндіру туралы талаптар көбінесе қанағаттандырусыз қалдырылады. Неге? Себебі үстеме жұмыстарға тарту қызметкердің жазбаша келісімімен ғана жүзеге асырылады. Жұмыс беруші күштеп, қинап ешкімге үстеме жұмыс істете алмайды.  Ол жөнінде жұмыс берушінің арнайы бұйрығы шығарылуы қажет. Мұны түсінбейтін азаматтар өздерінің демалыс күндері істеген күндерін және кешкі сағат 8-9-ға дейін жұмыс істеген мерзімдерін үстеме жұмыс деп қате пайымдап жүр. Егер жұмысшы келіспесе жұмысқа шықпауға лы, яғни ол өз еркімен жұмыс күндері берілген тапсырмаларды орындап үлгере алмағандықтан өз тарапынан шыққан деген тұжырыммен талап арыз қанағаттандырусыз қалдырылады.

Міне сондықтан еңбекке сай айлық алу үшін азаматтар өздерінің құқығын біліп, еңбек келісімшартында көрсетілген талаптарды үнемі назарында ұстауы керек.

Кеңес Утепов,

Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық

экономикалық сотының судьясы

 

Комментарий