Қоғам | Общество

«ӨТКІНШІ ЖАҢБЫР» ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫН ДӘРІПТЕЙДІ

СОҢҒЫ КЕЗДЕРІ ОТАНДЫҚ ТЕЛЕАРНАЛАР КӨРЕРМЕНДЕРДІҢ СҰРАНЫСЫН ЕСКЕРЕ ОТЫРЫП, ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН НАСИХАТТАЙТЫН СЕРИАЛДАР ТҮСІРЕ БАСТАДЫ. БҰЛ ИГІЛІКТІ ІСТІҢ БАСЫНДА «АЛМАТЫ» ТЕЛЕАРНАСЫ ДА ТҰР. АЛМАТЫ ТЕЛЕКАНАЛЫ ТҮСІРГЕН «ӨТКІНШІ ЖАҢБЫР» ТЕЛЕСЕРИАЛЫ ЖАҚЫН КҮНДЕРІ КӨРЕРМЕН ҚАУЫМҒА ЖОЛ ТАРТПАҚ. ТЕЛЕАРНА БАСШЫЛЫҒЫ ОТБАСЫНДАҒЫ ТӘРБИЕ, АДАМИ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫ ДӘРІПТЕЙТІН ФИЛЬМНІҢ КӨРЕРМЕН КӨҢІЛІНЕ ЖОЛ ТАБАТЫНЫНА СЕНІМДІ. «ӨТКІНШІ ЖАҢБЫР» ТҰСАУКЕСЕРІ 2 ҚАРАША КҮНІ БОЛАДЫ.

Сериал продюсері Айкерім Самалбекқызының айтуынша: «Телехикаяның «Өткінші жаңбыр» деп аталу себебі, кез келген отбасында, пенде болғаннан кейін қандай да бір мәселелер, проблемалар, қиындықтар болады. Сол өткінші жаңбыр сияқты өтеді де кетеді. Ең басты құндылық – отбасы бала-шаға, сыйластық, достық, туыстық қарым-қатынас мәңгі қалады. Телехикаяның негізгі идеясы, көрерменге жеткізер ойы осы болатын. Сондықтан телехикая «Өткінші жаңбыр» деп аталады», – дейді. Ал біз әңгімеге тартқан актриса Салтанат Бақаева халыққа қазақы сериал керектігін айтады:
– Салтанат ханым, бүгінгі түсіріліп жатқан отандық сериалдар туралы не айтар едіңіз?
– Қазіргі таңда отандық сериалдар жақсы дамып келе жатыр. Қазақ халқына қазақи кино керек. Киноның жастарды тәрбиелеуде, оларға дұрыс бағыт көрсетудегі орны ерекше. Жас кезінде адам қателікке көп бой алдырады. Сондай кезде оларға әрқашан бағыт-бағдар сілтейтін жақындары, білімге, өнерге ұмтылған ортасы болуы керек. Өнербілімді, білмекке ұмтылған адамның өмірден өз орнын табатыны, кездескен қиындықтардың бәрін жеңетіні анық. Мәселен, «Өткінші жаңбыр» хикаясы – тағдыр тәлкегімен Алматыда кездесіп, жақын дос болып, ортақ іс ашатын екі түрлі әйелдің тағдыры мен олардың армандары туралы баяндайды. Сол уақыт аралығында олар өзгереді, жеке тұлға ретінде өседі, қиындықтарды жеңіп, табысқа жетеді. Бұл өмірде бәрі мүмкін екенін дәлелдейді.
– Сериалда әйел, ана ролі қаншалықты ашылған?
– Бұл сериалда әйелдер мәселесі қозғалады, онда жастарды, жалпы адамзатты қазіргі қиындықтар мен теріс әдеттердің көптігіне қарамастан қиындыққа қарсы жүзіп, өз-өзіне берік, сенімді, мықты болуды үйретеді. Біз бұл сериал арқылы жалпы әйел адамның өмір жолы оңай емес екенін көрсетуге тырыстық. «Өткінші жаңбыр» телехикаясының әр бөлімінде көрермен өзін және отбасына жақын тарихты көруі мүмкін. Туындының басты кейіпкері – Жанар есімді көпбалалы ана. Күнделікті үй шаруасынан зеріккен ол кәсіпкерлікті қолға алып, ел қатарлы жұмыс жасағысы келеді. Алайда, жұбайы
бұл ойын құптамайды. Екінші кейіпкер – Ажар. Ол жалғызбасты ана, әрі шағын кәсіпкер. Тапсырыспен торт пісіру – оның ең басты табыс көзі. Жұмыстан жалыққан ол керісінше отбасылық өмірді аңсайды. Кейіпкерлердің тағдыры әр түрлі болғанымен, басқа түскен қиындық екеуінің басын бір арнаға тоғыстырады.

– Бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайтын әйелдер аз емес. Солардың арасында өзіңізге хабарласып көмек сұраған, қолдау күткен жандар болды ма?
– Әрине ондай оқиғаларды естіп жатамын, бірақ маған нақты хабарласып өз жағдайын айтқан адам болмады.
– Карантин өнер адамдарының да жұмыс ырғағын өзгертті. Қазір немен айналысып жатырсыз?
– Отбасыммен көп уақыт өткізіп жүрмін, бұл карантин бәрімізді тәубеге келтіріп, денсаулыққа,табиғатқа, жақындарымызға көңіл бөлуді үйретті десек те болады. Карантиннің арқасында балаларымның, отбасымның жанында көбірек болып жүрмін.
– Өнер адамдарын пайдаланып байқау өткізіп, халықтың қалтасын қағатындар көбейді. Әріптестеріңіз заңды білмейтінін айтып, ақталуда. Бұл қаншалықты дұрыс?
– Адам болған соң, бәрімізден де қателіктер кетіп жатады. Біреудің мінін тергенше, өзіңді түзеп ал деген қағидамен өмір сүремін, сол себепті біреудің қатесіне еш нәрсе айта алмаймын.
– Сериалымызға қайта оралайықшы. Отбасылық құндылықтарды насихаттайтын сериалдың көрермені көп болатынына сенесіз бе?
– Отан отбасынан басталады. Ерлізайыптылар ең алдымен бір бірінің алдындағы, балаларының алдындағы жауапкершілігін сезіну керек. Жанұяның беріктігі де осында. Бұл сериал біздің күнделікті өмірден алыста емес. Сондықтан әр көрермен үшін құнды, маңызды сериал болады деген сенім басым. Бұл өте керек жоба.
– Еңбегіңіз жемісті болсын. Іске сәт!
Сұхбаттасқан
Перизат АБДРАЛИНА

Комментарий