Қоғам | Общество

ТЫЛ АРДАГЕРІ ПӘТЕРІНЕ ЖЕТЕ АЛМАЙ ЖҮР

ДҮНИЕ – ШЫР АЙНАЛҒАН БІР ДӨҢГЕЛЕК. ОСЫДАН ОН ЖЫЛДАН АСТАМ УАҚЫТ БҰРЫН ТЫЛ АРДАГЕРІ ЗУРАЙ ДАКИЕВАНЫҢ ҮЙІ ДЕ КҮЙІ ДЕ БҮТІН БОЛАТЫН. УАЙЫМЫ ЖОҚ, КӨҢІЛІ ТОҚ ЕДІ, АЛАЙДА АЛАҢСЫЗ ЖАТҚАНДА АЛАЯҚТЫҢ АРБАУЫНА ТҮСІП ЖАЛҒЫЗ ПӘТЕРІНЕН АЙЫРЫЛЫП ҚАЛАТЫНЫН КІМ БІЛГЕН… ҚАЗІР КІШІГІРІМ ЗЕЙНЕТАҚЫСЫНА ПӘТЕР ЖАЛДАП, КҮН МЕН КҮНДІ ЖАЛҒАП КҮНЕЛТІП ЖҮР. «ЖАУ АЛЫСТАН КЕЛМЕЙДІ» ДЕГЕН РАС-АУ, АЛДАП-СУЛАП ҮЙІН ТАРТЫП АЛҒАН – ҰЛЫНЫҢ БҰРЫНҒЫ ҚАЛЫҢДЫҒЫ. СОЛ МАДИНА ЕСІМДІ (АТЫ-ЖӨНІ ӨЗГЕРТІЛДІ) ӨСКЕМЕН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫН СОТҚА БЕРІП, БАРЛЫҚ КІНӘСІН МОЙЫНДАТҚАНЫМЕН, ҮЙІН ДЕ, ОНЫҢ ОРНЫНА БЕРІЛУІ ТИІС 1 МЛН 730 МЫҢ ТЕҢГЕСІН ДЕ ӘЛІ КҮНГЕ ДЕЙІН АЛА АЛМАЙ СЕРГЕЛДЕҢДЕ СЕНДЕЛІП ҚАЛҒАН. ҚАРҒА АДЫМ ЖЕРДІҢ ӨЗІ МҰҢ БОП ҚАЛҒАНЫН АЙТҚАН ЗУРАЙ АПАНЫҢ ЕРТЕҢІН ОЙЛАҒАНДА ЕҢСЕСІ ТҮСЕДІ.
Сексеннің сеңгірінен асқан Зурай Дакиеваның 2006 жылы бұрынғы Тоқымашылар, қазіргі Сәтпаев даңғылында орналасқан бір бөлмелі пәтері бартұғын. Әлия есімді қызы екеуі бір шатырдың астын да қаннен-қаперсіз тұрған. Тағдырдың тауқыметі сол жалғыз қызы Павлодар қаласына шаруаларымен кеткеннен кейін басталған. – Қызым Павлодарға жол тартқан соң, Мадина Қалымбетова бірден үйіме келді, – деп Зурай әже еске алды. – «Пәтердің құжаттарын бере тұрсаңыз, бір-екі күннен кейін алып келем» деп сұрады. Кезінде ұлым екеуі бірге тұрғаннан кейін мен бейбақ оны келінімдей көріп, ойланбастан үйдің құжатын бере салдым. Араға күн салып ол қайтадан есігімді қақты. «Құжаттарды алғыңыз келсе, нотариусқа барып қол қою қажет» деді. Оған да көндім. Айтқан жеріне бардық. Жаз дегенін жаздық. Сөйтсем…
Үйді өз атына аударып алған Мадина Қалымбетова тыл ардагерін баспанасыз қалдырған. Қызы бар мән-жайды естіген соң бір сәтке де кідірмей, Өскеменге қайтып келеді. – Ол әйелге бұрыннан-ақ сенбейтінмін. Соны жақсы білген ол менің кетуімді күтіп жүрген екен. Шешемізді алдап-сулап, пәтерді иемденіп алды. Біз де оңай беріспедік. Үйді қайтарып алу үшін сотқа барып шағым түсірдік, – дейді Әлия Исинова. Алайда Мадина Қалымбетова бір құрбысынан қарызға ақша алып, үйді соған кепілдікке берген. Кейіннен пәтердің құжаттары сол кісінің атына көшіпті. Осы оқиғаға байланысты жүргізілген сот ісі 2 жыл өткен соң, яғни 2008 жылы наурыз айында ғана аяқталған. Сот ісінде Мадина Қалымбетованың кінәсі толықтай дәлелденеді. Бірақ пәтер оның атында болмағандықтан Зурай апаның жалғыз үйі өзіне қайтқан жоқ. Десе де сот шешімі бойынша Мадина Қалымбетова Зурай Дакиеваға 1 730 736 теңге өндіріп беруге міндеттелді. – Сот шешімі шыққанымен тиісті ақшаны әлі күнге дейін ала алмай отырмыз. Осы 12 жылдан астам уақыт ішінде сот орындаушылары сан мәрте рет ауысты. Олар бізге қаражатты өндіріп бергеннің орнына әне-міне деп бос сенделіп жүргендей көрінеді. Әлде жүзді айдап, бірді жетелеп отырған сол Мадина сот орындаушыларының тілін тапты ма?! Бұл жайт әбден ығырымызды шығарды. Мұңымызды қайда барып, кімге шағамыз? Әлгі әйелге барып: «Ақшамызды қашан қайтарасың? Құдайдан қорықпайсың ба?»,– деп сұрасам,– «Ана қақпас әлі өлмеген бе?» деп топ еткізеді. «Менен бір тиын да алмайсыңдар» деп миығынан күліп отыр. Оның үстіне ұлы да қоңырау шалып, бізді қорқытудан тайынбайды, – деп Әлия Исинова көзіне жас алды. Тыл ардагері Зурай әженің қазіргі күйі мүшкіл. Бір орында қазықтай қадалып отыратын ол қызының сүйемелдеуінсіз орнынан тұра алмайды. Бүгінгі таңда олардың айына 55 мың теңгеге пәтер жалдап тұрудан басқа амалы қалмаған.
– Ай сайынғы 42 мың теңгелік зейнетақым ештеңеме жетпейді. Несін жасырайын, ұлдарым болса өз күндерін өздері әрең көріп жүр. Көзіме дәрі тамызбасам, соқыр болып қалуым мүмкін. Ол дәрінің өзі 6 мың теңге тұрады. Бұдан басқа да ішуім қажет дәрі-дәрмек жетерлік. Оның әрқайсысының бағасы удай қымбат! Зейнетақым пәтерді ақтамай тұрғанда дәрі мен тамаққа қажетті қаражатты қайдан аламыз? – дейді ішіндегі уайымын ақтарған Зурай әже. Жұмыс істейін десе қызының денсаулығы мүмкіндік бермей тұр екен. Осыдан 8 жыл бұрын жұбайы қайтыс болғаннан кейін оның инсульт алғаны бар. Содан соң инфаркт алып, жүрегіне ота жасатуға мәжбүр болыпты.
– Жұмыссыз ретінде тіркелу үшін тиісті мекемеге құжаттарымды алып барған едім. «Тым болмаса вахтершы болып істей аламын» десем, олар куәлігімді алып тексерген соң, мені денсаулығыма байланысты тіркей алмайтындарын айтты. Ал мүгедектік алайын десем ол болмай тұр. Дәрігерлік еңбектік сараптау комиссиясы (ВТЭК) «келесі айда келіңіз» дегеннен басқа ештеңе айтпайды. Тіпті көмектескеннің орнына маған «ота жасағаннан кейін 4 ай өтпей тұру керек болатын» деп ұрсады, – дейді Әлия Исинова.
Жылау күндер, былау күндер деп әрекетсіз отырғаннан еш пайда болмайтынын түсінген тыл ардагерінің қызы Әлия көмек қолын созар деген үмітпен талай мекеменің табалдырығын тоздырған. Алайда көбісі бөз орнына сөз беріп, ешқандай жәрдем тигізбепті. Үй алу үшін қажетті кезекке де барып тұрған. – Анам өз кезегі келгенін тоса алмай қала ма деп қорқамын. Онсыз да өмірінің ақыры алты батпан азапта өтіп жатыр. Бір тарының қауызына сыйғандай қиналып жүргенімізді қайтерсің. Кейде тіпті ішетін тамақ таппай қалатынымыз бар. Жұтқа жаға жыртқызбай  әйтеуір күнелтіп жүрміз. Қазір тұрып жатқан жерімізде әжетхана ортақ. Әркез апамызды ертіп апарып отырамын. Кейде азын-аулақ азық-түліктерін әкеліп көршілер, кең пейілді жандар көмектеседі. Қашанғы қол жаямыз? – дейді Әлия. Облыстық әділет департаментінің мәліметіне сүйенсек, сот шешімінің орындалмауына айыпталушының дүние-мүлкі мен тұрақты табыс көзінің болмауы әсер еткен. – Аға сот орындаушы Е.Құдайбергеновтің мәліметінше, Зурай Дакиеваға 1 730 736 теңге өндіріп беруге міндеттелген борышкер Мадина Қалымбетоваға қатысты атқару құжаттары «Атқарушылық өндіріс және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңының 48-бабы 1-тармағы 2-тармақшасына сәйкес, борышкерден өндіріп алынуы мүмкін мүлкі, оның ішінде ақшасы, бағалы қағаздары немесе табысы болмағандықтан және сот орындаушысының оның мүлкін немесе табысын анықтауы мен заңда көзделген барлық шараларды қолдануы ешқандай нәтиже бермегендіктен орындалмай отыр, – деп хабарлады департамент өкілдері. Зурай апаның қызы Әлияның айтуынша, Мадина Қалымбетованың Магистральная көшесінде орналасқан жер үйі болыпты.– Ол өз үйін әдейі бауырының атына аударып алды. Сол қулығын заң аясында жасап отыр. Ал біз сияқты байпағынан басқа сүйенері жоқтар не істейді сонда? Алаяқтарға жем болып жүреміз осылай, – деп Әлия Исинова өз наразылығын жеткізді. Етегін төсек, жеңін жастық қылудан басқа амалы қалмаған Зурай әже киім-кешегін сөмкеден шығармай әрдайым сақ отырады. Қонар жері бүгін болғанымен, ертеңгі күні жұмбақ күйінде қалған. Жүрегі талай бейнетке дес бермегенімен, төзімділігі шыдар шегіне жеткендей. Ауқатты абзал жандар баспанасыз қалған тыл ардагеріне мүмкіндігінше көмек көрсетсе, апамыз оның тілеуін тілеп, ақ батасын берер еді…
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ
ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ 

Комментарий