Қоғам | Общество

КӨКБАЙРАҚТЫҢ ҚҰНЫ НЕГЕ ТӨМЕНДЕДІ?

2015 жылы еліміздің туын балконға іліп қойған астаналыққа «Мемлекеттік символдарды заңсыз қолдану» бабы бойынша 200 АЕК көлемінде, яғни 400 мың теңгеге жуық айыппұл салынды. Дәл сол жылы Шымкентте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қоқыс салып тасыған екі азамат ҚР Қылмыстық кодексінің 372-бабымен кінәлі деп танылып, олардың әрқайсысына осы бап бойынша 100 айлық есептік көрсеткіш, яғни 198 200 теңге мөлшерде айыппұл салу жазасы тағайындалды.
Бұл көрсетілгендер қазақ елінің жерінде Көкбайрағымызды қорлады дегендерге қолданған жаза. Ал бүгінгі айтпағымыз Австралияның Сидней қаласындағы ең әйгілі Бондай Бич жағажайында «Бораттың сыңарлары» атты шеруде бой көрсеткен Қазақстанның туы жайлы. Иә, шалыс оқыған жоқсыз. Мұхит асып, әлдекімдердің ойыншығына айналған көк туымыз туралы айтпақпыз. Әңгімемді әдеттегідей әріден бастайын. 2006 жылы жарық көрген «Борат-1» фильмі елімізді тұрпайылау, нәсілшілдікке бейім жұрт ретінде көрсетіп, күллі әлемге масқаралаған еді. Ал сол фильмде басты рөлді сомдаған актер Саша Барон Коэн қоғамның наразылығын тудырған. Енді ұмытыла бастаған бұл жараның беті жақында тағы тырналды. Себебі британдық комик Саша Барон Коэн «Борат-2» фильміне түсіп жатыр деген ақпарат тарап кетті. Бұл жолы «Борат» деген атпен танымал кейіпкер қазақ қоғамының назарын Қазақстанның Мемлекеттік Туын қорлау әрекетімен өзіне бұрды. Анығында Австралияның Бондай Бич жағажайында түсірілген флешмобтың видеосында Бораттың паригін киген 40 ер адам Қазақстанның туын іліп қойып билеген. Ал бұл ролик өз кезегінде қазақстандықтардың наразылығын одан ары ушықтыра түсті. Салдарынан қазақ қоғамы үкіметтен Мемлекеттік Туды қорғауды талап етіп, әлеуметтік желілерде пікір қалдырып, фотоларына тудың суретін қойып, «МЕН ТУЫМДЫ МАҚТАН ЕТЕМІН» деген жазу жазып, жаппай қарсылық челленджін ұйымдастырды. Танымал жұлдыздар да үн қосып Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне үндеу жасады. Тіпті, бір топ жас «Борат» фильмінің екінші бөліміне тыйым салуды талап етіп, Ұлыбританияның елшілігіне емес, АҚШ елшілігіне барып, арнайы петиция тапсырды. Бәлки жастық жалынмен жастар актердың ұлтын ұмытып кеткен болар. Содан АҚШ елшілігі: «Америка Құрама Штаттарының үкіметі бұл фильмді қаржыландыруға, өндіруге немесе таратуға ешқашан қатысқан емес»,– деп жауап берді.
Жалпы, бұл мәселеге қатысты әлеуметтік желіде пікір екіге бөлінді. Бірі назарға алмауды айтса, енді бірі намысты таптатпауға шақырды.Тіпті бірі «үйде жатып көк туды сүйгеніңіз түздегі туымызға (намысыңызға) қалқан бола алмайды», – деді. Не десек те, елдің еңсесін түсірген жайтқа билікте айтар уәж, қолданар іс-әрекет жоқ. Тек Сыртқы істер министрлігінің:«Борат-2 фильмі – коммерциялық жоба. Фильм авторлары ҚР билігінің ресми наразылығын арандатып, өз фильміне жақсы жарнама жасамақ. Арандатушылық мақсатта Қазақстан халқы да, оның мемлекеттік рәміздері де мазаққа салынуда. Наразылық нота жолдау мағынасыз, өйткені оның адресаты жоқ. Неғұрлым дүрліктіре берсек, соғұрлым фильм авторлары пайда табады. Үлкен пайда табу авторларды фильмді жалғастыруға итермелейді. Негізінде, фильмде нәсілшілдік пен ксенофобияның айқын формасы бар. Біздің азаматтарымыз ашық нәсілшіл шабуылдарға әділ наразы», – деген хабарламасы бар. Ал ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің 9 қазанда «Борат-2» фильміне қатысты: «Біз екінші фильмнің шыққа нын елемей қоя алмаймыз. Қазақстандықтар БАҚ-та екінші фильмнің пайда болғанын көріп жатыр. Менің ойымша, олар өнер адамдары ретінде ойын білдіре алады. Алайда, олар адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне тимеуі керек. Қазіргі таңда Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстанда бұл фильмді көрсету үшін прокатқа өтінім түскен кезде ресми түрде жауап беретін болады», – деп қысқа қайырған пікірі бар.
Шындығында Ту – мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын білдіретін басты рәміздерінің бірі. 2007 жылы 4 маусымда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» деп аталатын Конституциялық заң қабылданды. Содан бері 4 маусым елімізде «Мемлекеттік рәміздер күні» ретінде мерекеленеді. Мемлекеттік рәміздер – кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырамас атрибуттарының бірі. Ал мемлекет үшін маңызды атрибуттың өзге елде осылайша әжуаға айналуы мен оған қарсы қолданар жаза туралы айтатын ресми ешкім жоқ. Тәуелсіз елдің көк туын өзге емес, өз билігі қорғай алмағанда, өзгелер не істемесін?Арықарай бұл мәселенің шешімі қалай болмақ? Әлде әлеуметтік желідегі резонанс уақыт өте басыла ма? Немесе Сыртқы істер министрлігі айтпақшы, Боратқа қатысы бар деген Ұлыбританияға, Австралияға тағы басқа елдерге наразылық нотасын жолдаудың жөні жоқ па? Мүмкін күллі қазақ аяқ асты мақтан тұтқан Туымызға, мемлекеттік рәміздерімізге деген қатынасты заң бойынша түбегейлі өзгерту керек шығар?!

Айжан МОЛДАҒАЛИЕВА, заңгер:
Елімізде мемлекеттік рәміздерді қорлағандарға ҚР Қылмыстық кодексінің 372-бабына сәйкес, 2000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлеуге, немесе 600 сағаттық қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Қылмыстық кодекстен басқа құқық актілерінде мемлекеттік рәміздерге байланысты ешқандай баптар қарастырылмаған. 2007 жылғы 4 маусымдағы «Мемлекеттік рәміздер туралы» заңының 15-бабында: «ҚР мемлекеттік рәміздерін дайындауды және пайдалануды реттейтін ҚР заңнамасын бұзу ҚР заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеліп соғады» делінген. ҚР заңдарында белгіленген дегені, тек қана 2014 жылы 3 шілде де қабылданған ҚР Қылмыстық кодексінің 372-бабында қарастырылған. Осы бапқа сәйкес айыппұл мөлшері 2000 айлық есептік көрсеткіш, яғни бар болғаны 5 миллион 556 мың теңге ғана. Ал, туымызды күллі әлемге қорлап көрсетіп отырған Боратқа осындай «тиын» айыппұл төлетуге біздің заң қауқарлы болып отыр. Қауқарлы деп тұрғаным аты шулы «Борат-1» фильмі дүние жүзілік прокатта, шектеулі прокат болса да 261 572 744 $ коммерциялық табысқа ие болған еді. Енді санай беріңіз, біздің заңымыз Бораттан сот алдында 5 млн 556 мың теңге айыппұл өндіріп алуға ғана қауқарлы болып отыр. Ал Боратқа қарсы елімізде ұйымдастырылып жатқан челлендж заңға қайшы әрекет емес. Челлендждің ұйымдастырылуы «елім дейтін әр қазақтың намысы» деп ұғуымыз керек. Десек те, бұл Боратқа қарсы тұрудың амалы немесе шешімі емес. Бұл жерде еліміздің атынан тікелей ҚР Сыртқы істер министрлігі нота жолдау арқылы бассыздыққа қарсы тұрып, фильм режиссерлары мен актерларын жазаға тарту қажет.
Ақбота ЕРБОЛҚЫЗЫ

Комментарий