Қоғам | Общество

ЗАҢДАРДЫ ЖЕТІЛДІРУ – БАЛА ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУҒА СЕП

Елімізде ажырасу дерегінің көбеюі ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Өзара тіл табыса алмай, бақыттарын басқа жақтан іздеген әкеге әйел, анаға ер адам табылары анық. Ал бала ше? Көп жағдайда қара бастарының қамын ғана ойлаған ерлі зайыптылар ажырасудың балаға қаншалықты кері әсер ететінін ойлай бермейді. Тіпті ерлі зайыптылар баланы басты «көзір» етіп, жылдар бойына баланы өзара есеп айырысу құралына айналдырып алатын кездер де аз емес.

Адвокат Кәрібай Тасшабаев «әкесі алимент төлеген жағдайда баласын көрсетіп, алимент есепшотқа түспен қалған айларда аяқ асты баласын әкесіне жібермей қойып, өзара ұрыстарына куәгер етіп, тіпті баланы бір бірінен ұрлап, алып қашып, ажырасу кезінде баланы ойыншық етіп, өз балаларын өзімшілдіктерінің құрбаны ететін ата аналар аз емес» дейді. Расында да ерлі зайыптылар отбасылық өмірде түсініспеген жағдайда, мәселені барынша түсіністікпен шешетін отбасылар елімізде өте сирек. Соның дәлелі соңғы бірнеше жылда қазақ қоғамын дүр сілкіндірген оқиғалар. Ажырасқан соң бірнеше жылдан соң ер адамның өзінің бұрынғы әйелін пышақтап кетуі, аңдып келіп бензин шашып бұрынғы әйелін өртеп жіберуі, балаларының көз алдында әйелін пышақтап, ауыр жарақаттаған оқиғалардың көбеюі-ақ, елімізде ажырасу мәдениетінің әлі қалыптаспағанын аңғартатындай.

Солардың бірі Алиева Гүлбаршын. 2005 жылы Тоғызбай Спанбетовпен некеге тұрады. 2005 жылы Шұғыла, 2008 жылы Талант, 2012 жылы Жомарт есімді ортақ некедегі балаларды өмірге әкеледі. Алайда үш балалы болған соң 2014 жылы Жаңақорған аудандық сотымен некелері бұзылады. Және Т. Спанбетовтен Г. Алиеваның пайдасына барлық табысының жартысы мөлшерінде алимент өндірілген. Алайда Т. Спанбетовтың тұрақты жұмысы болмағандықтан, алимент уақытылы төленбеген. 2018 жылы 8 қазанда алимент бойынша қарызды анықтағанда 2 669 052 теңгені құраған. Және Т. Спанбетовтың кәмелетке толмаған балаларын 15 күнге алып кету арқылы кездесу уақыты белгіленген. Осыны пайдаланған Т. Спанбетов 2020 жылдың 1 маусымында балалар мерекесіне орай балаларды ойнатып келуге сұрап алып, Алматы қаласына алып кеткен. Балалардың анасы Гүлбаршын Алиеваның сол кездерде карантинге орай Атырау қаласындағы вахталық жұмыстан төрт ай бойына қайтпағанын, балалардың әжелерінің қолында тұрып жатқанын, оқу жылы офлайн жүрген кезде балалардың қараусыз Шиелі кентіндегі мектеп интернатында жатқанын, аналары жұмыстан қолы босамайтындықтан, балаларды өзіне қайтару туралы сотқа талап арыз да түсірген. Редакциямызға келіп, көмек көрсетуімізді сұрап жылаған Гүлбаршын Алиева «2013 жылы екі жаққа кетіп, 2014 жылы ресми түрде ажырасқан соң жеті жыл бойына балалармен шаруасы болмады. Тіпті алиментті де үзіп жұлып дұрыс төлемеді. Сосын вахталық жұмысқа шықтым. Балаларды мектеп интернатқа орналастыруға мәжбүр болдым. Жеті жылдан соң келіп, балаларды қыдыртам деп сұрап алып, ұрлап кетіп отыр. Одан кейін сот балаларды менде қалдыру туралы шешім шығарғанымен, апелляциялық арыз түсірді. Қазір балаларымды маған қарсы қойып, сот шешіміне қарамастан балаларым әкесімен бірге қаламын деп отыр. Қызымды колледжге оқуға түсірген көрінеді. Өтпелі жастағы қыз емес пе, колледжде оқуға бола әкесімен қалуға тырысуда. 12 жастағы ұлым әпкесімен бірге қалуға тырысса, әкелері тастап кеткенде есін білмейтін кішкентайым да үлкен екеуінен айрылғысы келмей отыр. Оған жеті жыл бойына балалар керек болмады. Сонда менің осынша уақыт бағып қаққан еңбегім қайда? Қартайғандай өзі отбасын құрмаған соң, сексендегі анасына қарайласатын адам керек болған соң өскенде балаларға таласып отыр. Бүгін іздеп барсам тұрақты жұмысы жоқ әкелері көрші үйдің құрылысын жасап жатыр, он екі жасар Талантым белі қайысып жерден шелек толы балшықты, жоғарыда тұрған әкесіне алып беріп жатыр. Балаларды қара жұмысқа салып қойған» деп жылайды. Шыны керек аналарымен қалып, айлар бойына интернатта жатып білім алған, әке шешелері тірі бола тұра тірі жетім атанып, ата ана жылуынсыз, бір біріне сүйеніп өсіп келе жатқан үш баланың бүгінгі күні әкелерімен қаламыз деп, ауыр жұмыстың соңында, кәмелетке толмаса да қартайған үлкендердің күтушісі болып қалмауын ғана тіледім. Өйткені жаңа оқу жылының басталғанына екі айға жуық уақыт өтсе де әкелері «құжаттары түгел емес, аналары бермей отыр» деп, аналары «әкелері заңсыз ұрлап кеткен, құжатын бермеймін» деп, екі ортада балалардың онлайн білімнен қағылып жатқанын білдім. Бұл елімізде жыл өткен сайын артып бара жатқан ажырасу кезінде мыңдаған баланың басында өтіп жатқан жағдайдың бірі ғана. Үлкендер өз мәселелерімен бастары қатып жүргенде, балалары қараусыз, жылусыз, білімсіз өсіп жатыр.

Ресми деректерге сенсек, бүгінгі таңда елімізде әрбір екінші неке ажырасумен аяқталуда. Олардың 83%-ының ортақ балалары бар көрінеді. Сондай-ақ 400 000 ана балаларын жалғыз тәрбиелеп отырса, 60 000 жалғызбасты әке бар екен. Осы статистикаға қарап ақ ажырасу салдарынан қаншама баланың психологиялық соққы алып жатқанын аңғару қиын емес. Тек қана 2019 жылдың өзінде 60 мың шаңырақ шайқалған екен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда бес мыңға көп болса, биыл 2020 жылы карантинге орай шайқалған шаңырақтың тіпті көп болғанын мамандар айғақтайды.

Өкінішке орай, зорлық-зомбылықтың көп бөлігі балалар болған кезде жасалып, ұру мен зорлауды қоса алғанда, зорлық-зомбылық актілерінің шамамен 50%-ы балалардың көзінше жасалады екен.  Қазақ қоғамында ажырасудың, тұрмыстық зорлық зомбылықтың қалыпты жағдай болып бара жатқаны, көп жағдайда ерлі зайыптылардың бір біріне шамалары жетпеген кезде балаға күш көрсетуі, баланы есеп айырысу құралы етіп отырғаны жүректі ауыртады. Өз әке шешісінен мұндай қысым көрген баланың ертеңі қалай қалыптасады? Ең қорқыныштысы осы…

Маман мінбері

Мырзабек Бекберді, заңгер:

– Ажырасу кезінде балалардың көбірек зардап шегетіні рас. Алайда ерлі зайыптылар өзімшілдікпен оған мән бере бермейді. Сондықтан мүмкіндігінше ажырасудың алдын алып, ерлі зайыптылардың жауапкершілігін көтеруге тырысу керек. Осы орайда кешегі өткен Қазақстан судьяларының VIII съезінде ажырасқаны үшін төленетін салық сомасын өсіру туралы бастаманы қолдаймын. Мәселен сот арқылы ажырасудың құны бар-жоғы 830 теңге екен. Өзбекстанда бұл сома біздегіден 25 есе жоғары болса, ал Молдовада 120 есе көп екен. Яғни Өзбекстанда баж салығы 20 750 теңге болса, Молдавада 99 600 теңге екен. Сондай ақ ажырасу кезіндегі стрестен балаларды арашаламасақ болмайды. Қазір ерлі зайыптылардың небір қатігездіктері балалардың көз алдында өтуде. Сондықтан ажырасу кезіндегі бала құқығына қатысты заңнаманы жетілдіру керек.

Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ

 

Комментарий