Қоғам | Общество

ЕСКЕРТКІШТЕРДІҢ КӨРКЕМДІК ДЕҢГЕЙІН ҚАЛАЙ КӨТЕРЕМІЗ?

Соңғы жылдары жасалған ескерткіштерге көп сын айтылуда. Оның себебін қайдан іздейміз? Ескерткіштер сапасын арттыру үшін қандай талаптар қойылуы керек?

Өмірбек Жұбаниязов, ҚР Суретшілер Одағының төрағасы:

Бұрын мұндай жұмыстарға тапсырысты Үкімет Суретшілер одағына беретін. Онда арнайы Көркемдік кеңес құрылып, оған өнертанушылар, мүсіншілер, архитекторлар мен басқа да өнер салаларынан білікті мамандар тартылатын. Көркемдік кеңестің келісімінсіз аудан, облыс немесе республикалық деңгейдегі ешқандай мүсін еш жерге қойылмайтын. Былайша айтқанда, Суретшілер одағы әрбір жұмыстың көркемдік деңгейінен бастап, орындалған сапасына дейін түгел жауап беретін. Онда қолданылған материалдың түрін айтпағанда, қалыңдығы мен ескерткіш не мүсіннің тұғыры қандай болу керек және ол орналасатын жердің айналасындағы архитектураға үйлесімділігі, көрініс ауқымы толық ескерілетін. 1990 жылдары ол мекеме таратылып кетті. Бірақ сол кездегі қалыптасқан жүйе бойынша Көркемдік кеңес Үкіметтен тапсырыс берілген соң конкурс жариялайтын. Сосын барлық мүсіншілер өзінің жобаларын ұсынатын.

Олар бір мүсіншінің дүниесін таңдап алғаннан кейін, оған тапсырыс беріледі. Ол «робочий модель» деп аталады, мүсіннің бір метрлік мүсінін жасап тапсырады. Сол «робочий модельде» әрбір детальіне мән беріліп, түймесінің қандай болып тұрғанына дейін көркемдік кеңес талқылайтын. Сол қабылданған соң нақты ескерткіштің биіктігімен ескерткіш саздан жасалынады. Оны тағы көркемдік кеңес қабылдауы керек. Яғни әр этап сайын көркемдік кеңес қабылдап, акт жасалынып, бітірген дүниесіне сай ақысын мүсінші алып отыратын. Одан соң ол мүсінді жасалынатын материалы таңдалынады. Көркемдік кеңес оны да бөлек қабылдайды. Кейін нақты тұратын жеріне орнатылған соң комисссиядан тағы өтеді. Осы этаптардың барлығына көркемдік кеңес жауап беретін. Дәл қазір осы жүйеге қайта келмей халықтың көңілінен шықпайтын, қалай болса солай жасалған ескерткіштер азаймайды. Себебі нарық заманында қалталы аазамат өзі тапсырыс беріп отырған соң, мүсіннің тағдырын өзі шешеді. Мүсінді жасауды кімге беруді де өзі біледі. Тіпті мүсінші емес азаматқа мүсінді сеніп тапсыруы да мүмкін. Сосын ол ескерткішті өзі қабылдайды. Егер мүсіннен хабары бар адам болса жақсы, ал хабары болмаса мүсін басқалардың талғамынан шықпай қалуы мүмкін. Мүсіндердің барлығы талапқа сай емес деуге болмас. Бірақ ескерткіш жасау ісінің қадағалауы аз болып жатқан соң, еріксіз талапқа сай еместері кездесіп қалады. Мәселен Оралда Мәншүк Мәметованың ескерткішін алып тастап, Мәншүктің қасына Әлия мен Хиуазды қатар қойды. Петропавлда Мағжан Жұмабаевтың ескерткішін алып тастап басқасын жасады. Сәтті шыққан дүние деп айта алмаймын. Шымкентте Тұрар Рысқұловтың ескерткішін алып тастап орнына басқа бір масқара дүниені әкеліп қойды. Паркке арналған шағын скульптуралардың да деңгейі нашарлап барады. Осының барлығын тізіп тиісті орындарға хат жазғанбыз. Әзірге жауап болмай тұр.

Кешегі Қонаев атамыздың ескерткішіне орай айтар болсақ арнайы комиссия тексеруге шыққан көрінеді. Нәтижесін күтіп отырмын.

Талас ОМАРБЕКОВ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымының докторы, профессор:

  • Дінмұхамед атамыздың кешегі ескерткішін көрдім. Расында да өнер туындысы деп айтуға келмейтін, көрген адам ұялатын дүние болған екен. Сондықтан ендігі жерде ескерткіштерді кім көрінген жасамаса екен деген тілегім бар. Қазір сәулетшілер суретшілермен ойласпайтын болды. Ескерткіштің бет әлпетінің ұқсауы өте маңызды.

Мәселен үш бидің қазір кең тараған суреті бар. Әйтеке би, Төле би, Қазыбек бидің бейнелерін салар кезде белгілі суретші Бек Тоғысбаев Шерхан Мұртаза бастаған жазушыларды, тарихшыларды шақырды. Алғашқы нобайын жасар кезде Төле бидің сақалын ұзындау етіп, басына сәлде кигізу керектігі айтылды. Өйткені исламдық орта Оңтүстікке жақын. Және ұлы жүздің биі болғандықтан оның үлкен екені көрініп тұруы керек деген секілді ұсыныстар айтылды. Күнгей жақта өмір сүргендіктен бетін қара торылау қылып келтіруі керектігіне шейін айттық. Ал Қазыбек би Орталық Қазақтанда өмір сүргендіктен, Арқаның биі, қымыз ішіп, қызара бөртіп жүруін ескердік. Қазақтың ақ қалпағын киеді, ақсары, қыр мұрынды, сақалы орташалау болып келеді деп суретінде Арқаның басқа да тарихи ерекшеліктері болуы керектігін айттық. Кіші жүз Әйтеке биге келер болсақ, кіші жүздер сақалды ықшамдау етіп қояды. Батыс Қазақстандықтар көбінесе құндыз бөрік киеді деген пікірімізді жеткіздік. Кейін Бек Тоғысбаев біздің пікірімізбен санаса отырып, портреттерді өзгерткенде әлгі үш сурет мүлдем басқа болып кетті. Үш бидің сол салынған суреттері қазір барлық жерде ілінулі тұр. Халық та қарсылық танытпастан сол күйінде жылы қабылдады. Сол секілді сурет те, ескерткіш те көптің талқысынан, мамандардың сүзгісінен өтіп барып, халыққа ұсынылуы керек. Қазір хандарымыздың суреті көп, ғаламторды ашып қалсаң әр суретші өзінше салған. Тарихи тұлғаларды салғанда тарихшылармен ойласу керек. Қытай, парсы жылнамаларында кейбір тарихи тұлғаларымызды сөзбен суреттейді. Сол деректерге сүйенбей олардың бейнесін қалай салуға болады? Қонаев деген тіпті арамыздан жақында кеткен адам. X ғасырда өмір сүрген тұлғаларды саларда тарихи деректерге сүйенсек, Қонаевтың бейнесін, тұлғасын сақталған суреттеріне қарап ақ кәсіби түрде жасап шығуға болады. Ол кісіні мен де көрдім. Қарынды кісі болатын, денесі биік болатын. Кескін келбеті көз алдымызда тұр. Мүсіншілер көз көрген адамдармен ойласуына да, суретіне қарап салуына да мүмкіндік мол.

Қорыта айтқанда, елімізде көркем­дік және идеялық тұрғыда төмен сапада жасалған ескерткіштерді орнатуға жол берілмеуі керек. Бұл бағытта алдағы уақытта ескерткіш орнату мәселесін бір арнада жүзеге асыру мақсатында қолданыстағы заңнаманы жетілдіру қажет секілді. Сондықтан да ескерткіштердің тарихи мәні ерекше әрі көркемдік шешімінің көңілге қонымды болуы және жоғары кәсіби біліктілікпен, эстетикалық талаптарға сай орындалуын заң арқылы қадағаламасақ болмайды.

 

Қуаныш Әбілдәқызы

Комментарий