Қоғам | Общество

Ақтауда заманауи үлгідегі модульді жұқпалы аурулар ауруханасы іске қосылды

Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов жаңадан салынған нысанды аралып көріп, медициналық мекеменің жұмысына табыс тіледі.

«Бұл шаралар коронавирус індетінің болуы мүмкін деген жаңа толқынына дайындық барысында іске асырылуда. Мұндай ауруханалар инфекцияны жұқтырған науқастарды уақытылы анықтап, оқшаулауға және дұрыс ем қабылдауға мүмкіндік беріп, аурудың таралу қауіпін азайтады»,-деді С.Трұмов.

Кешен Маңғыстау облыстық ауруханасына қарасты  инфекциялық  стационар  болып қызмет атқарады. Жер көлемі 4 га құрайды. Аурухана 200 төсек орынға есептелген және қажетті медициналық жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген. 180 төсек стационарлы, 20-сы жансақтау орындары.

Жалпы ауданы 6763 шаршы метр болатын кешен модульдерге бөлінген, олардың әрқайсысы түрлі мақсаттарға ие. Мысалы, науқастар бөлмесі «E және F» блогында орналасты. Көрші «B» блогында – реанимациялық төсектер мен операциялық зал. «А» блогы – қабылдау бөлімшесі, «D» блогы – инфекциялық блоктар.

Палаталар боксталған, әр науқастың төсек орны динамикалық бақылаумен, заманауи  медициналық құралдармен жабдықталған. Модульдық  аурухана  өзара байланысқан, жұқпалы аурулар қауіпсіздігі қатаң сақталған, бөлімшелерден тұрады.  Әр төсекке оттегі жеткізуді қамтамасыз ететін оттекті-газдандыру станциясы бар. Бұл ерекшеліктер инфекцияның алдын-алу және жұқтырған адаммен байланысты болдырмау үшін жасалған.      Медицина қызметкерлері мен ем алушылардың қауіпсіздігі толықтай қамтамасыз етілген кешенде медициналық және кәріз қалдықтарын залалсыздандыру, ішкі ауаны тазарту-желдету, өрт дабылы,  бейнебақылау жүйесі  де қарастырылған.  Бүгінгі күні  аурухана науқастарды қабылдауға дайын. Онда 300-ге жуық медицина қызметкерлері жұмыс атқаратын болады. Қосымша дәрігерлерлік кадр резерві жасақталған.

Жоба «NCOC» компаниясының демеушілігімен салынды. Ал мердігерлер құрылыс саласында үлкен тәжірибесі бар қазақстандық BI Group компаниясы.  Салтанатты шара барысында инфекциялық аурухананың құрылысын жүргізудегі белсенді еңбегі үшін «BL Industrial» ЖСШ-нің 11 қызметкері облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Дәл осы күні Маңғыстау облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясы 20 жаңа санитарлық автокөлікпен толықты.

Облыс әкімі Серікбай Трұмов жедел жәрдем қызметіне «Hundai 350» маркалы 20 мамандандырылған машинаның кілтін табыстады. Жаңа қызметтік көліктердің 13 – і Ақтау қаласына, 5-і Мұнайлы ауданына және екеуі сан-авиация қызметіне аттанады.

Қазан айының соңына дейін тағы  «Jac Sunray» маркалы 32 жедел жәрдем көлігі келеді. Бұл көліктердің барлығы лизинг арқылы сатып алынуда.

Қараша айында Маңғыстауға тағы екі «УАЗ Patriot» маркалы реанимобиль автокөлігі келмек.  Осылайша, өңірдің жедел жәрдем автопаркі 100 пайыз көлікпен қамтамасыз етіледі.

Қазіргі уақытта өңір бойынша 47 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді.

Бұл шаралардың барлығы короновируспен күрес шараларын ширатты. Өйткені мамандар коронавирус немесе вирустық пневмониямен ауырған адамдардың күн салқындағанда өкпе қабынулары қайта асқынуы мүмкін екенін ескерткеніне де біраз болды.

«Коронавирус немесе вирустық пневмониямен ауырған адамдардың күн салқындағанда өкпе қабынулары қайта асқынуы мүмкін. Бұл науқастармен бұған дейін физиотерапия бөлімінің мамандары жұмыс жасады. Яғни, олар үйреткен тыныс алу жаттығуларын тұрақты жасап тұрулары қажет. Бүгінгі таңда орталық ауруханада 40 төсектік оңалту бөлімі жұмыс істеп тұр. Мүмкіндігінше емханалар арқылы порталмен сол бөлімге түсіп, емделуге де болады. Ол жерде емдік шаралардан бөлек тыныс алу жаттығуларын дұрыс жасау жолдары үйретіледі», – деді Маңғыстау облысының штаттан тыс бас эпидемиологы Марал Қадыр.

Брифингте аймақтың қазіргі эпидемиологиялық жағдайы да айтылды. Облыстық штаттан ты бас эпидемиологының айтуынша, күзгі маусымда барлық вирустық инфекциялардеңгейінің көтерілгені байқалады.

«Өзіңіз білетіндей, коронавирустың бірінші толқыны биыл наурыз айынан шілде айының соңына дейін созылды. Мұнан соң тамыз-қыркүйек айлары үзіліс тапқан болатын.Шамамен қыркүйектен 20-сынан бастап аймақта зертханалық жолмен дәлелденген коронавирустық инфекциялар тіркеле бастады. Мәселен, қыркүйекте 5 науқас тіркелсе, одан бері 33 адам дерт жұқтырған. Яғни, бүгінгі күні 38 адамнан ковид белгісізертханалық жолмен дәлелденіп отыр. Ал пневмония ауруына келетін  болсақ, мұнда ешқандай үзіліс болған жоқ. Бұл аурудың екінші толқынында, атап айтсақ тамыз айында 68, қыркүйекте 94, қазан айының басынан бүгінге дейін 48 адамнан анықталды. Сонда барлығы 210 науқас тіркеліп отыр» – дейді ол.

Өңірде  70 мыңға тарта адамның тұмауға қарсы егілуге тиісті тәуекел топқа жатқызылғандың 98 пайызын құрайтынын айтты.

«Жұқпалы тыныс ауруларының 200-ге тарта түрі бар. Жыл сайын қыркүйек-қазан айлары осыған дайындық жұмыстары жүреді. Биыл да тымауға шалдығудың алдын алу шаралары тамыз айынан бастап жүрді. Оның ішінде тәуелкел топ өкілдерін алдын алаегумен қамтамасыз етуге айрықша мән берілді. Жалпы бұл топқа – жиі ауыратын адамдар, иммунитеті әлсіз азаматтар, жас балалар, созылмалы сырқатпен есепке тұрғандар, жүкті әйелдер мен жасы 60-тан асқан тұрғындар кіреді» – дейді М.Қадыр.

Маңғыстау облыстық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінің жетекшісі Шайахмадин Камиұлының Ақтауда іске қосылған 200 орындық модульды орталықта жансақтау бөліміндегі 20 кереует өкпені жасанды желдету аппаратымен жабдықталған. Жалпы модульды орталық 8 блоктан тұрады. Мұндағы қабылдау бөліміне КТ, цифрлық рентген құралы, УЗИ және ЭКГ аппараттары қойылған. Сондай-ақ сырқаттарды қабылдайтын 5 боксталған қабылдау бөлімшелерімен қамтылған. Олардың әрқайсында бір бригададан жұмыс істейді.

«Айта кетейік, модульды орталықта оттегі жеке-жеке тарату жүйесі арқылы әр науқасқа беріледі. Яғни, орталықтағы 200 кереуеттің барлығы бірдей осындай мүмкіндікке ие. Желдету жүйесі арқылы тазартылған ауа әр науқасқа жекелей беріледі. Сондай-ақ палатадан шығатын ауаны бактерицидтік жүйе де бар» – дейді Ш. Камиұлы.

Осылайша маңғыстаулықтар аты жаман аурумен қасайып тұрып күресуге тас-түйін дайын.

Жазира Қуанышбекқызы

Комментарий