Жаңалықтар | Новости

Әзірге шикізат өндіру, алып-сатумен айналысу және мемтапсырысқа “иек артып отыру” тиімді – Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің бірінші отырысы өтті, – деп хабарлайды Tengrinews.kz Ақорданың сайтына сілтеме жасап.

Жиында Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің мүшелері: ҚР Президентінің кеңесшісі – Реформалар жөніндегі жоғары кеңес Төрағасының орынбасары Сэр Сума Чакрабарти, Премьер-Министр Асқар Мамин, Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің төрағасы Қайрат Келімбетов, сондай-ақ, шетелдік беделді сарапшылар – Андрес Веласко, лорд Френсис Мод және лорд Филлип Хаммонд баяндама жасады.

Мемлекет басшысы сөйлеген сөзінде ел азаматтарының тың тәсілдер мен тиімді шешімдер күтетінін, мұндай сәтте Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Президенттің айтуынша, Кеңес ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға байланысты аса күрделі мәселелер бойынша шешімдер қабылдайтын болады.

Президент өз сөзінде Кеңес қызметі басқа консультативтік-кеңестік органдардан түбегейлі ерекшеленуі тиіс екенін, қоғамдағы өзекті мәселелерді немесе түйінді түйткілдерді жасырмай ашық айту қажет екенін атап өтті.

“Деректерді тізіп, қалыптасқан жағдайды сипаттаумен шектелуге болмайды. Бастысы – уақытылы шешім қабылдау. Кеңес іс жүзінде жүзеге аспайтын, алдын ала әзірленген ұсыныстарды құптап қана отырмауы тиіс. Кеңес мекемеаралық ұзақ дауларға нүкте қоюы керек. Ұлттық экономиканы басқаруда, қоғамдық дамуда, институционалдық реформалар жүргізуде жаңа бағыттар ұсынуға міндетті. Әрине, қазіргі жұмыстарды да бақылауы тиіс”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Кеңестің келесі отырысында мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі жаңа тәсілдерді қарастыруды және осы мәселе бойынша шешім қабылдауды ұсынды.

“Біз әрбір салада мемлекеттің мақсаттары мен даму кезеңдерін айқындайтын бағдарламалық құжаттардың икемді архитектурасын құруымыз керек. Жүйе бюджетті жоспарлаумен байланыстырылады және мемлекеттік органдар басшыларының жүктелген міндеттің орындалуына тікелей жауапты екенін бекітеді. Жоғары кеңестің шешімдерінің орындалуын, ұлттық жобалардың жүзеге асырылуын, реформаларды жобалық басқару қағидаттарының енгізілуін қамтамасыз ету маңызды. Қазіргі кезеңде бұл – Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің негізгі міндеті”, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев орта мерзімді перспективадағы іс-қимылдарға негіз болуға тиісті Ел дамуының 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарына назар аударды. Аталған құжатта дамудың жаңа күн тәртібі жасалады.

Мемлекет басшысы Үкіметтің Стратегиялық жоспардың алғашқы нұсқасын әзірлегенін, енді оны Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттікпен бірлесіп, соңына дейін жеткізу және Жоғары кеңес мүшелерімен талқылау, сондай-ақ, соңғы нұсқасын келесі жиында премьер-министрге ұсыну қажеттігін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев берілетін бастапқы мәліметтердің сапасында, әсіресе, ведомстволық статистикада түйткілді мәселелер барын айтты. Статистика  комитетін Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттікке беру бұл проблеманы шешуге септігін тигізуі тиіс.

“Фактологиялық мәліметтердің шынайылығын және олардың сапалы түсіндірілуін қамтамасыз етуге бағытталған реформаларды әзірлеу керек. Экономикалық, демографиялық және басқа да үдерістерді дұрыс модельдеу, әзірленген шешімдерді қабылдау үшін дұрыс болжам жасау мақсатында үлкен деректерді өңдеудің тетіктерін пайдалану қажет”, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттікке Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, аталған мәселені мұқият пысықтауға және ахуалды жақсарту үшін нақты ұсыныстар енгізуге тапсырма берді.

Кездесуде Қазақстан Президенті “халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасы жайында да айтты. Ол жұмыс барысында үкіметтік емес ұйымдар мен жекелеген азаматтардың бейтарап пікірлерін ескеру қажеттігін атап өтті.

Мемлекет басшысы Кеңес шеңберінде реформалаудың әрбір маңызды бағыты бойынша алты жұмыс тобын құруды ұсынды. Жұмыс топтарының құрамына Кеңес мүшелерінен бөлек, лауазымды тұлғалар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, халықаралық және отандық тәуелсіз сарапшылардың кіру мүмкіндігі бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші топ ретінде Сума Чакрабартидің басшылығымен тиімді макроэкономикалық саясат тобын құруды ұсынды. Бұл топ ақша-несие және бюджет саясатының тиімділігі, салық жүйесі, қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету сияқты міндеттерді іске асыруды көздеуі керек.

Екінші топ, Президент Әкімшілігінің Басшысы Ерлан Қошановтың жетекшілігімен сот және құқық қорғау жүйесін реформалаумен айналысуы қажет. Президент аталған бағытта ауқымды жұмыс атқару керек деп санайды. Сондықтан көзбояушылыққа жол берілмеуі тиіс.

Мемлекет басшысы әлеуметтік саланы қайта жаңғыртуға арнайы топ жұмылдырылатынын айтты. Ол өзінің тікелей тапсырмасымен Қазақстан үшін мүлде жаңа құжат, атап айтқанда, Әлеуметтік кодекстің әзірленіп жатқанына тоқталды.

“Шын мәнінде, бұл құжат жекелеген адам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынасты жүйелеуге, олардың өзара міндеттемелерін айқындауға, сондай-ақ, қазақстандықтарға берілетін төменгі әлеуметтік кепілдіктерді нақтылауға арналған. Яғни, құжатта азаматтардың балабақшаға барғаннан зейнетке шыққанға дейінгі өмірі толық қамтылған”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар экономиканы әртараптандыру бойынша да топ құрылады. Мемлекет басшысы еліміз үшін бұдан басқа жол жоқ екеніне сенімді. Дегенмен, оның пікірінше, нақты жұмыс істейтін тетіктер әлі де жеткіліксіз.

“Әзірге шикізат өндіру, алып-сатумен айналысу және мемлекеттік тапсырысқа “иек артып отыру” әлдеқайда тиімді”, – деді Мемлекет басшысы.

Жоғарыда аталған екі топтың жұмысы премьер-министрдің басшылығымен ұйымдастырылады.

Бесінші топтағы Үкімет пен “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері бизнесті реттеу мәселелерімен айналысады.

Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов басқаратын алтыншы топ заманауи мемлекеттік басқару және тиімді мемлекеттік қызмет мәселелерін бақылауға алатын болады.

“Біздің алдымызда мемлекеттік аппаратты жаңа сапалы деңгейге көтеру мәселесі тұр. Ол нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін өзіне жауапкершілік алатын, қандай да бір шешім қабылдағанда мейлінше икемді әрі құзыретті болуы керек. Бұл жерде көп нәрсе заманауи цифрлық технологияларды енгізуге байланысты. Аталған мәселеде ешқандай кедергі болмауы тиіс”, – деді Мемлекет басшысы.

Сөз соңында Қазақстан Президенті ұзақ ойлануға уақыт жоқ екенін, жұмыс топтарының алдында мемлекеттік маңызды міндеттер тұрғанын атап өтті.

“Келесі жылы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз. Бұл айтулы датаны мерекелік іс-шаралармен емес, нақты істермен қарсы алуымыз керек. Тәуелсіздігіміздің 30-жылына қуатты, өнімді еңбекпен жеткен абзал. Бұл жерде, ең алдымен, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тиімді реформалар жөнінде сөз болып отыр”, – деді Мемлекет басшысы.

Комментарий