Жаңалықтар | Новости

Еліміздің сыртқы қарызы қанша?

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар мемлекеттік қарыз мәселесін көтерді, деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.

Депутат Дания Еспаеваның айтуынша, әлеуметтік-экономикалық болжамда мемлекеттік қарыздың жыл сайын өсетіні көрсетілген. Атап айтқанда, 2021 жылы оның көлемі ішкі жалпы өнімге шаққанда 30,3 процентке өссе, 2022 жылға дейін 30,5 процентке дейін көтеріледі. Ал 2025 жылға қарай үкіметтің қарызы 2019 жылмен салыстырғанда екі есеге артып, 25 триллион 692 миллиард теңгеге жетеді.

«Ел үкіметі ұсынған мәліметке сүйенсек, 2020 жылдың өзінде мемлекеттік қарыздың көлемі ішкі жалпы өнімге шаққанда 29,2 процентті құрайды. Қарыз сомасы өскендіктен, республикалық бюджетке түсетін салмақ та артады. Себебі оны өтеуге қажетті шығындар өседі», – деді Еспаева.

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мемлекеттік қарызды өтеу мен қызмет көрсетуге кететін шығындардың артатынын растады. Биыл осы санаттағы шығындардың көлемі 12 процент болса, 2023 жылда 23 процентке дейін өседі. Ал қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мемлекеттік қарыздың көлемі қауіпсіз деңгейде екенін жеткізді.

«Біз күн сайын бақылау жасап отырамыз. Иә, қазіргі жағдай нашарлап, тапшылық сәл көбейді. Сосын біз өз қарызымызды басқа елдермен салыстырып тұрамыз. Мәселен, Түркияда мемлекеттік қарыздың мөлшері ішкі жалпы өнімге шаққанда 40 процентті құрап отыр. Мексикада – 55 процент, Индонезияда – 37 процент», – деп атап көрсетті Жамаубаев.

Премьер-министрдің орынбасары Әлихан Смайылов та осы мәселеге қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, үкімет нақты лимитті белгіледі. Ол – 27 процент. Сондықтан мемлекеттік қарыздың мөлшері қауіпсіз деңгейде сақталып отыр.

«Негізі, халықаралық ұйымдар лимитті 50 процент деңгейінде белгіледі. Ал қазіргі дағдарыс жағдайына байланысты Еуропалық одақ елдерінде оны тағы арттыру мәселесі қаралып жатыр. Сондықтан біз халықаралық ұйымдардың лимитінен алыстау тұрмыз», – деді Смайылов.

Комментарий