Саясат | Политика

«Ақ жол» демократиялық партиясының мәлімдемесі

Қазақстан «Ақ жол» демократиялық партиясының Орталық Кеңесі Президиумының мәслихаттар мен Мәжіліс депутаттарының партиялық тізімдер бойынша сайлауын тағайындау туралы ел Президентінің Жарлығына қатысты

МӘЛІМДЕМЕСІ

 

2020 жылғы 21 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К Тоқаев мәслихаттар мен Мәжіліс депутаттарының сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойғаны белгілі.

«Ақ жол» демократиялық партиясы бұл шешімді құптайды және қолдайды.

«Ақ жол» ҚДП мәслихаттар мен Мәжіліс депутаттарын сайлау конституциялық мерзімде өтетінін, саяси партиялардан кандидаттардың партиялық тізімдері бойынша «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізілген жаңа түзетулерге сәйкес тізімдерге әйелдер мен жастарды енгізу жөніндегі квотаның 30% – ын сақтай отырып қалыптастырылатынын атап өтеді.

Мәслихаттар мен Парламент Мәжілісіне сайлауды бір мезгілде өткізу мемлекеттің ұйымдастырушылық және қаржылық ресурстарын оңтайландыруға мүмкіндік береді, бұл қазіргі экономикалық ахуал жағдайында маңызды.

«Ақ жол» демократиялық партиясы Қазақстандағы жетекші саяси ұйымдардың бірі ретінде аталған сайлауға өзінің қатысатынын мәлімдейді.

Біз құрылған сәттен бастап барлық парламенттік сайлауға қатысып келеміз. 2004 жылы «Ақ жол» ҚДП партиялық тізімі бойынша 12% дауыс жинады, ал 2012 жылдан бастап ҚР Парламенті Мәжілісінде тұрақты түрде парламенттік фракцияны құрайды.

«Ақ жол» демократиялық партиясы алдағы уақытта да Қазақстанның ұлттық мүдделеріне, парламенттік институттарды енгізуге, нарықтық экономиканы дамытуға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жүргізуге қызмет ететін болады.

Біз сондай-ақ пандемияның жаңа толқыны мен өзге де сыртқы сын-тегеуріндердің сақталып отырған қауіпіне байланысты, бүгінгі кезеңнің күрделілігін атап өтеміз. Сайлау органдарын, басқа партиялардағы әріптестерімізді және сайлаушыларды сайлау алдындағы іс-шараларды өткізу кезінде барлық қажетті қауіпсіздік шараларын сақтауға, сондай-ақ адал және ашық сайлау өткізуге шақырамыз.

Комментарий