Ассамблея

Амандық Баталов Татарстаннан Талдықорғанға сабантойға келген қонақтарды қабылдады

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Талдықорғанға татар-башқұрт халқының дәстүрлі мерекесі Сабантойға қатысуға арнайы келген Татарстан Республикасы делегациясының мүшелерін қабылдады. Делегация құрамында Татарстан Республикасының халық әртісі Фердинанд Фатхи, Татарстан Республикасының еңбек сіңірген әртістері, «Зу-Ляй-Ля» музыкалық ұжымының әншілері Лейсан Махмутова мен Ляйсан Закирова, Татарстан Республикасының Қазақстандағы уәкілетті өкілінің көмекшісі Аяна Акинжанова, сол сияқты «ТНВ» телеарнасының журналистері болды. Кездесуге Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев қатысты.

Қонақтарды қарсы алған Амандық Баталов облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық бағыттарына тоқталып, Жетісу жері табиғатының тамашасын, туристік әлеуетінің ауқымдылығын атап өтті. Сол сияқты Татарстан Республикасының Президенті Рустам Миннихановтың 2017 жылы Алматы облысына жасаған сапарын еске сала келе, өңір басшысы Татарстан Республикасының Президенті Рустам Миннихановтың шақыруымен Татарстанға өткен жылдың жазында барған облыстықтардың сапары туралы әсерімен бөлісті.

–       Сіздердің Президенттеріңіз Рустам Минниханов жұмыс сапарымен біздің облысқа келді, біз оның шақыруымен Татарстанға барып қайттық. Бағдарлама өте тығыз болды, көптеген пайдалы нәрселер көріп қайттық, үйренетін, назарға алатын, жұмыс барысында пайдалануға болатын үздік дүниелер өте көп екен. Кейбір тұстарын қазірдің өзінде пайдаланып жатырмыз. Өз кезегінде Рустам Нұрғалұлы біздің өңірдің де әлеуметтік-экономикалық дамуын оң бағалады. Біз аграрлық-индустриалдық облыспыз, қазір өндірісті дамытуға бар күш-жігерімізді салып жатырмыз. Жуырда ғана атақты «Роллтон» кеспелерін шығаратын «Маревен Фуд Тянь-Шань» зауытын іске қостық, жақын күндерде мотор майларын шығаратын «Лукойл» зауыты пайдалануға беріледі. Туризмді де белсенді дамыта бастадық. Алакөл көлінің, әсіресе шетелдік туристер арасында танымалдығы артып келеді. Біздің табиғатымыз өте көрікті, ерекше көрнекті орындарымыз көп. Шарын шатқалы, Көлсай көлдері, Айғайқұм, шаған тоғайы және т.б. Біздің облысқа Татарстаннан арнайы делегация келгеніне біз қуаныштымыз. Бүгін Сабантой мерекесіне қатысуға ниет білдіргендеріңізге рахмет айтамын. Өз өнерлеріңізбен жетісулықтарды қуантатындарыңызға сенімдімін, – деді А. Баталов.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев  делегацияға ізгі тілегін білдіріп: – Елбасы саясатының арқасында еліміздің аумағында тұратын барлық этностардың мәдениеті мен тілін сақтауға, дамытуға толық жағдай жасалған. Қазақстан мен Татарстан арасында тарихи тамыры терең мәдени байланыстар орныққан. Қазақстанда тұратын татарлар да елдің дамуына зор үлес қосып отыр. Оның ішінде композиторлар да, жазушылар да, мемлекет және қоғам қайраткерлері де бар. Біз Татарстаннан Сабантойға қатысуға арнайы келгендеріңізге қуаныштымыз. Сіздердің сапарларыңыз достық қарым-қатынасты нығайтудағы, мәдени байланыстарды бекемдеудегі маңызды бағыттардың бірі деп білемін, – деді ол.

Өз кезегінде Татарстан делегациясы мүшелері өздеріне көрсетілген құрмет үшін зор ризашылығын білдіріп, Қазақстан табиғатының ерекшелігіне таңданғандарын жасырмады.

Делегацияға облыс әкімі Амандық Баталов естелік сыйлықтар тапсырды.

Кездесу соңында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев пен облыс әкімі А. Баталов Сабантой мерекесіне қатысты.

Атап өтсек, Сабантой-2019 мерекесі «Жастар» саябағында өткізіліп, оған Татарлардың бүкіләлемдік конгресінің өкілдері, еліміздің әр қиырындағы татар-башқұрт этномәдени бірлестіктерінің мүшелері қатысты. Мереке аясында саябақ аумағында түрлі көрмелер, спорттық ойындар мен жарыстар, чак-чак-patty және бюасқа да қызықты шаралар ұйымдастырылды. «Сюита дружба» театрландырылған көрінісі мен Татарстан халық әртістерінің қатысуымен өткен мағыналы концерттік бағдарлама жетісулықтарды қуанышқа кенелтті.

Еске алсақ, Татарлардың бүкіләлемдік конгресінің өкілдері, еліміздің әр қиырындағы татар-башқұрт этномәдени бірлестіктерінің мүшелері Талдықорғанға арнайы келген болатын. Сапар барысында қонақтар қаланың көрнекті жерлерімен танысып, жастармен кездесті, Б. Римова атындағы жаңа драма театрда спектакль тамашалады.

Камила ЫСҚАҚОВА,

zanmedia.kz

 

Комментарий