Судья мінбері | Судебная система

Әр съездің өз міндеті бар

Төрт жылда бір рет өтетін, ал биыл VIII рет өткізілгелі отырған судьялар съезінің маңызы зор. Өйткені әр съезде талқыланып, көтерілетін мәселелер көп ұзамай орындалып, сала жұмысын алға сүйрейтін, дамытатын бастамаларға арқау болуда.

Ең алғаш 1996 жылғы 19 желтоқсанда Алматы қаласында өткен Қазақстан Республикасы судьяларының бірінші съезінде ел тарихында тұңғыш рет судьялар қауымдастығы құрылып, жарғысы, мақсат-міндеттері белгіленгеннен бері сот жүйесінің ең өзекті мәселелері судьялардың ең басты форумында талқыланып келеді. Сот саласы да осы жылдар ішінде айтарлықтай дамып, халыққа жақындай түсті. Көпшіліктің сотқа деген сенімі артты, заманның сұранысына сай салаға көптеген жаңашылдықтар енгізілді. Сот сатыларының дербестігі күшейтіліп, істерді қараудың жеделділігі мен сапасы арттырылды. Сот қаулыларын орындаудың баламалы әдістері, жеке сот орындаушылары институты өмірге келді. Алқабилер соты жұмыс жасап тұр. Мамандандырылған соттар жүйесі дамытыла түсуде. Медиация дамытылып, қоғамға сіңісе бастады. Яғни, дауларды шешудің баламалы әдістері жетілдірілді. Медиаторлардың қатысуымен қаралатын істердің саны жылма-жыл артып келеді.

Мамдандырылған ауданаралық экномикалық, әкімшілік соттарының қатарына соңғы жылдары қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот пен кәмелетке жасы толмағандар істері жөніндегі ауданаралық соттар қосылды. Болашақта осындай игіліктер жалғаса бермек. Карантин енгізілген кезеңде елімізідң соттарының абдырап қалмай талай істі онлайн сот отырыстары арқылы шешуі еліміздің, уақыт сұранысынан қалмай дамып келе жатқанын айғақтайды. Соттардың қызметіне ақпараттық технологиялардың жаңа жетістіктері батыл енгізілуде. Автоматтандырылған электрондық құжат айналымы, соттардың интернет кеңістігінде болуы, сот процестерін бейнеконференция байланысы желісінде өткізу, процеске қатысушылардың сотқа келмей-ақ, интернет арқылы сотта өзінің құжаттарының жылжуымен танысуға мүмкіндік беретін ақпараттық сервистерді пайдалануы сот жүйесінің бүгінгі күнгі өмір шындығына айналып отыр. Шыны керек мұның барлығы осыған дейінгі құрылтайларда айтылып, мамандардың сүзгісінен өткен бастамалар болатын. Судьялардың алғашқы съезінен бастап қолға алынған шаралардың нәтижесінде қазір соттың барлық жұмысы азаматтарға алақандағыдай ашық, анық көрініп тұр. Әрбір азамат ашық сот процесіне қаты­сып, сот төрағасының қабылдауында бола алады.
Сондай-ақ, заманауи ақпараттық техноло­гиялардың көмегімен сот жұмысын және істер бойынша сот актілерін көруге, судьялар қызметін жеңілдетуге жол ашылған. Сондықтан судьялардың алдағы өтер съезінің де саладағы тағы бір жаңашылдыққа бастау боларына сенім мол.

Күлтай Аида Әділханқызы, Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының жетекші маманы

Комментарий