Ассамблея

Бірлігі жарасқан елдің бауыры бүтін

 

   Жақында Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында татулықты ту етіп, ынтымақ пен бірлікті ұран еткен түрлі ұлт өкілдері бас қосты. Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының  ХХV сессиясына Алматы облысының әкімі Амандық Батталов қатысты. Сондай-ақ,  «Жаңғыру мен дамудың негізі – әлеуметтік бірлік» тақырыбында сай ұйымдастырылған облыстық сессияға  Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, Татарлардың бүкіләлемдік конгресінің, әр өңірлерден татар-башқұрт этномәдени бірлестіктерінің мүшелері қатысты.

Көмекке мұқтаж отбасыларға көпкөрім көмек көрсетілді

Облыстық ҚХА сессиясын ашылу салтанаттында сөз алған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов аталған аймақта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, облыстағы көп балалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау бағытында жұмыстар жайлы айтып берді.

Тарқатып айтар болсақ, бұл мақсатқа республикалық бюджеттен бөлінген қаржыдан бөлек жергілікті бюджет есебінен 3,4 млрд. теңге қарастырылыпты. Бұған қоса көп балалы және аз қамтылған отбасыларды қолдаудың Әлеуметтік картасы дайындаған.  Тағы бір айта кетерлік жәйт, өңірдегі кәсіпкерлер мен меценаттардың көмегімен облыстағы 60 көп балалы отбасыға баспаналы болыпты.  Мұның сыртында  2 млрд. теңгеден астам сома атаулы әлеуметтік көмек өңірдің 20 мың отбасына төленген. Сондай-ақ, облыс әкімі мұндай ігі шаралардың алдағы уақытта жалғаса беретініне тоқталып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен этникааралық келісімді, қоғамдық тұрақтылықты сақтаудағы этномәдени бірлестіктердің қосқан үлестерін атап өтті.

 Облыстық ҚХА-ның 60 мыңға жуық белсендісі бар

Бұдан кейін облыс әкімі сөз тізгінін Алматы облыстық ҚХА төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбайға берді. Өз кезегінде Ғ. Тұрсынбай облыстық ҚХА атқарған жұмыстар туралы ауқымды баяндама жасады.

Баяндамада айтылғандарға тоқталсақ,  Алматы облыстық ҚХА белсенділерінің қатары 60 мың адамға жуықтап қалыпты. Ол 71 этномәдени бірлестіктің, 422 Қоғамдық келісім кеңесітің, 266 Аналар кеңесін және басқа да маңызды құрылымдардың басын біріктіріп отыр екен. Барлық деңгейдегі қоғамдық келісім кеңестері тек өткен жылдың өзінде жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді шешу үшін 1800-ден астам шара өткізген. Оған қоса өңірде 68 медиация орталығы белсенді жұмыс істеп тұр.

Ғ. Тұрсынбай хабарлағандай, ҚХА-ның 2019 жылға арнап дайындаған қайырымдылық күнтізбесіне сәйкес биылғы жылдың тек 4 айдың ішінде ғана «Қайырымдылық керуені» акциясының 1093 шарасына 20 мыңнан астам қатысып, 130 млн. теңгеден астам қайырымдылық көмек көрсетілді. Сонымен бірге «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасы облыстық Ассамблея жұмысының негізгі бағытының бірі. ҚХА жастар қанатының «Жаңғыру жолы» Жол картасы жүзеге асырылуда. Қазақстан халқы Ассамблеясының Тұңғыш Президент – Елбасы, ҚХА төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен өткен XXVII сессиясына қатысқаны туралы, сол сессияда берілген тапсырмалардың орындалуы туралы облыстық ҚХА төрағасының орынбасары, «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов баяндады. Ол барлық қазақстандықтардың мемлекеттік тілді меңгеруінің маңыздылығы, этникааралық және конфессияаралық келісімді нығайту мақсатында өңірде атқарылған шаралар туралы баяндады.

Жарыссөз кезінде қатысушылар елдегі бейбітшілікті сақтау, бірлік пен келісімді нығайту маңыздылығына ерекше тоқталды.

Мәселен, Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясының делегаты, журналист, көп балалы ана Әлия Әпсеметова Аналар кеңесінің атынан сөйлеп, сессияға қатысқандағы әсерімен бөлісті, Елбасының көп балалы және аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қолдау шараларына ризашылығын білдіріп, «Балалар үйінсіз Жетісу» жобасына қолдау туралы пікірін білдірді.

Облыстық ҚХА мүшесі Дамир Дигай І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті базасында ашылған стартап-академия инновациялық жобасы мен оның жетістіктері туралы айтып берді. Сол сияқты биотехнология мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу институтының жұмысы, сондай-ақ университеттегі ғылыми жетістіктердің тәжірибеге енгізілуі туралы баяндады.

Жастарды туған жерге деген патриоттық бағытта тәрбиелеудің маңыздылығы жайында Үшарал шекаралық отрядының кавалериялық бөлімінің командирі Исмагиль Атчабаров айтты.

Сонымен бірге достық, бірлік пен келісімді нығайтудағы журналистік қызметіндегі тәжірибесімен және естеліктерімен «Qazaqstan» телеарнасының меншікті тілшісі Қуаныш Серікқанов бөлісті.

Облыстағы Қоғамдық келісім кеңесінің жұмысы туралы орыс этномәдени орталығы төрағасының орынбасары Лариса Котельникова айтып берді.

Екі бірдей орынбасар бекітілді

Жарыссөзден кейін Қазақстан ҚХА Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА меңгерушісі Жансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, облыстық ҚХА белсенділерінің жемісті жұмыстары жайлы жылы лебізін білдірді:

– Биылғы жылдың қаңтар-сәуір айларында Алматы облысында барлық көрсеткіштер бойынша өсімге қол жеткізілді. Бұл облыстық ҚХА жұмысына қолайлы жағдай туғызып отыр. Өңірдегі Қоғамдық келісім кеңестері мен Аналар кеңестерінің оң тәжірибелері бүкіл республика бойынша таратылды. Облыстық ҚХА мүшелерінің «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға белсенді қатысқанын да атап өткім келеді, – деп тоқталған Жансейіт Түймебаев келе, ҚХА жұмысының алдағы бағыт-бағдары жайлы айтып берді. Ассамблеяның басым бағыты және басты міндеті Елбасы саясатын жағастыра отырып, ұлттық бірлікті, бейбітшілік пен келісімді нығайту екенін айтты. Бұдан әрі сөз тізгінін Татарстан Республикасынан арнайы келген делегаттарға бұрып, қонақтарға алғыс айтты.

Бұдан кейін сессия жұмысында облыстық ҚХА төрағасының екі жаңа қоғамдық орынбасарларының кандидатуралары талқыланып, ұсынылды. Бірауыздан бұл лауазымдарға облыстық ҚХА мүшесі, «Универсал» ЖШС бас директоры Закиржан Кузиев пен «Туған тель» облыстық татар этномәдени орталығының төрағасы, «Шымыр» ЖШС бас директоры Руслан Валишанов бекітілді. Облыс әкімі бүгінге дейін осы міндетті абыроймен атқарған Атсалим Идигов пен Сакида Чатуеваға алғысын білдірді. А. Баталов осы мерзімге дейін ауқымды жұмыстар атқарылғанын да тілге тиек етті.

Сесиия жұмысын қортындылаған Амандық Баталов облыстық Ассамблея хатшылығының, Достық үйінің, облыстық ішкі саясат, тілдерді дамыту, білім, ауыл шаруашылығы, жастар саясаты мәселелері, дін істер жөніндегі басқармалардың алдына бірқатар міндеттер қойды. Облыстық ҚХА-ның 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасын жүзеге асыру жұмыстарын күшейту, «Мәміле – ситуативті қазақ тілі» жобасы бойынша түрлі этнос өкілдеріне мемлекеттік тілді үйрету курстарын ұйымдастыру, сол сияқты жастардың барлық санатын қолдау мен әлеуметтік лифтінің кең платформасын құру бағытындағы «Жаңғыру жолы» қозғалысының Жол картасын жүзеге асыруды жалғастыру тапсырылды.

Белсенділер марапатқа ие болды

Облыстық ҚХА-ның белсенді мүшелері марапатталып, оларға Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хаты, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты тапсырылды.

Марапатталғандар арасында Қазақ мәдениеті мен дәстүрі орталығының төрағасы, № 1 Абай атындағы мектеп-гимназияның директоры Самғат Долаев, Текелі қалалық татар-башқұрт этномәдени орталығының төрайымы Томирис Жылқыбаева, Талдықорған қалалық «Эллада» грек этномәдени орталығының төрайымы Галина Рутахиди, «Ачимноуль» корей халықтық би ансамблінің төрайымы Галина Нам, Панфилов аудандық ұйғыр этномәдени бірлестігінің Аналар кеңесінің төрайымы Үрият Семятова және басқаралары бар.Облыстық ҚХА белсендісі, Іле ауданының педагогы Валентина Талиюске есімі жазылған қол сағат берілсе, ҚХА-ның «Мейірім» төс белгісі облыс әкімі Амандық Баталовқа ұсынылды.

Облыстық ҚХА сессиясының жұмысы марапаттау шарасымен аяқталды.

Камила ЫСҚАҚОВА,

Zanmedia.kz

Комментарий