Бас тақырып | Тема дняҚоғам | Общество

ӨЛІМНІҢ ӨЗІ АҚША

Ерте ме, кеш пе, кез келген жанның дәм-тұзы таусылады. Ал қайтқан жанды арулап жерлеп, ақтық сапарға шығарып салу – міндет. Қазақ тіріден гөрі өліге құрметі өзгешелеу халық болғандықтан, жерлеу рәсімінде жасалатын жоралғыларға да айтарлықтай ерекше дайындалады. Алайда, елдегі мәйітханалар мәселесі мен жерлеу рәсімінің шығындары туралы айтарда үніміз шықпайды. Анығында қымбатшылық қос бүйірден қысқан бүгінгі заманда өмір сүргеннен, өлген қымбат боп тұр. «Қазақстан Республикасы халқының табиғи қозғалысы» статистикасына сүйенсек, 2019 жылы елімізде 150 мыңға жуық адам қайтыс болған және оларды жерлеуге орташа есеппен 44,5 млн доллар шығын кеткен екен.

Шындығында, коронавирус пандемиясы жерлеу рәсімін ұйымдастыратын бюролардың қызмет көрсету құнын одан ары шарықтатып жіберді. Халық індеттен көз жұмып жатқанда, олардың тасы өрге домалады. Дәл сол уақытта бұқаралық ақпарат құралдары жерлеу рәсімінің шығыны, мүрдеге толы мәйітханалар мен сырттағы кезек туралы жарыса жазды. Бірақ өзгерген баға көрмедік. Бар мәселе болғандықтан, бұл тақырыпты біз де қаузап көрдік. Алматы қаласындағы жерлеу рәсімдерін ұйымдастыратын орталықтың біріне хабарласып, қызмет құнын білуге тырыстық. Тұтқаны көтерген Арман есімді азамат мәйітті мәйітханада сақтау ыстық күндері сұранысқа ие болатынын айтып, осы тақырыптағы басты сұраққа жауап берді.
«Мәйітхана қызметіне адамдар, әсіресе жаз айларында, денеге медициналық аутопсия қажет болған жағдайда және қайтыс болған адамның денесін үйде сақтағысы келмейтін немесе сақтай алмайтын кездерде жүгінеді. Мұның бағасы бір күнге – 10 мың теңгеден басталады. Кейбірі мәйітті бальзамдау қызметін таңдап жатады. Бұл 40 мыңнан жоғары. Ал жерлеу рәсіміне санитарлық дайындық қызметі 35 мыңнан басталады. Оған, әдетте денені жуу, қайтыс болған адамды киіндіру, косметикалық процедуралар кіреді. Марқұмға косметикалық процедуралар неғұрлым көп қажет болса, мәйітхана қызметтерінің құны да соғұрлым жоғары болады. Мысалы, 50 мыңнан жоғары. Ал денені табытқа салу, оны катафалкаға (арнайы көлікке) орнату 15 мыңнан басталады. Егер ең төменгі бағамен есептейтін болсақ, барлығы 150 мыңның аясында болады екен», – деді ол. Бұл мәйітхана ұсынған қызмет құны. Ал жерлеу рәсімінде орындалатын жоралғылар ақысы мүлде бөлек. Мәселен, ағаш табыттар 16 000 теңгеден басталып, элитный табыттар 400 мыңға дейін барады екен. Ал катафалка (мүрдеге арналған арнайы көлік) 35 мың теңгеге дейін. Мәйітті жуу – 35 000 теңге, ал орайтын матасы 14 – 60 000 теңге аралығында. Тақтайшасы бар уақытша ағаш тақта 9000 теңге болса, қабір қазатын адамның қызметі 25 000-нан басталады екен. Бірден ескерткіш орнатып, зират басын сәндегісі келетін болса, плиталар граниттен және элиталық тастан болуы мүмкін. Мұндай жағдайда олардың құны 500-ден 5000 долларға дейін өзгеруі мүмкін. Жерлеу рәсімдерін ұйымдастыратын тағы бір орталықтың қызметкері Эльдардың айтуынша, үйлену тойлары сияқты жерлеу рәсімі сәнді және қарапайым болуы мүмкін. Сонымен қатар, олар ұсынатын қызметтердің ақысы тұтынушының қалтасына байланысты екен. Біреу 200 мың теңгелік қызметті таңдаса, біреуі бір миллионнан асатын қызмет құнын пайдаланады екен. «Жерлеу рәсімін өткізетін орталықтарда баға әр түрлі. Дін талаптарына байланысты баға да өзгереді. Мысалы, қайтыс болған адамның жақындары зираттағы орынды тегін алғанымен, қабірді қазу үшін жұмысшыларға 25 мың теңге төлейді. Қайтыс болған адамның мәйітін мәйітханадан шығару 6 мың теңге, мәйітханада 3 күнге шамамен 30 000 мың теңге, мәйітті жерлеуге дайындау – 45 мың теңге тұрады. Қыста ауа-райының қолайсыздығына және жердің қатаюына байланысты жер қазу қымбатырақ. Жерлеу кезінде салттық қызмет қызметкерінің бір сағаттық жұмысы 30 мың теңге. Егер жерлеу рәсіміне қатысатын туған-туысқандарын зиратқа алып келу керек болса, яғни көлік, автобус, еске алу түскі асы, гүл шоқтары, тақтайшалар, крестер тағы басқа қажет заттар болса, онда шамамен 200 мың теңгеге шығады», – деді салттық қызмет көрсету бюросының қызметкері.
ЖОҒАРЫДА АТАЛҒАН БАҒАЛАРҒА ҚАРАП, АРТЫҚ АҚШАНЫ О ДҮНИЕГЕ АТТАНАР КҮНГЕ ДАЙЫНДАП ҚОЮ КЕРЕК ПЕ ДЕП ОЙЛАП ҚАЛАДЫ ЕКЕНСІҢ. АЛ ДАЙЫНДЫҚСЫЗ, ЖАҚЫНЫҢЫЗ АЯҚ АСТЫНАН ҚАЙТЫС БОЛСА, ҚАЙТПЕК КЕРЕК? ОСЫҒАН ҚАРАП ЕЛ АРАСЫНДАҒЫ «ӨЛУДІҢ ӨЗІ-АҚША» ДЕГЕН СӨЗДІҢ ЖАНЫ БАРДАЙ.
Ақбота ЕРБОЛҚЫЗЫ

Комментарий