Жаңалықтар | Новости

Расул МЕДЕТОВ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Серіктестік департаментінің директоры: «ПРАЙМЕРИЗ АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМНЫҢ ДАМУЫНА СЕРПІН БЕРДІ»

– Расул Махмудұлы, Президенттік жастар кадрына енген азаматсыз. Партияішілік іріктеу саналатын праймеризге қатысқаннан кейін қандай ой-пікір түйдіңіз?

– Шетелдіктер кеңінен қолданып келе жатқан демократиялық институттардың бірі – праймериз. Оған қатысқаннан кейін түйген ойым – бұл өте керемет жоба болды. Біріншіден, осы науқанға, праймеризге қатысуға барлық азаматтар теңдей мүмкіндік алды. Ұлтына, нәсіліне, дініне, материалдық жағдайына қарамастан кез келген азамат саяси додада белсенділік танытты. Оның арасында мұғалім, дәрігер, инженер, кәсіпкер және мен сияқты бірен-саран мемлекеттік қызметшілер де болды. Екіншіден, жалпы, Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа үміттілер ішінен мықтыны таңдауға мүмкіндік берді. Әрине партия мүшесі болған қарапайым халық өзіне ұнаған азамат пен азаматшаларға дауыс беру арқылы ертеңгі халықтық сайлауда өзіне ұнаған кандидаттардың партиялық тізімнен көргенін қалайды. Бұл да азаматтардың саяси өмірге өз ықпалы барын ұқтырады. Праймериз барысында аудан деңгейіндегі белсенді, тәжірибесі бар немесе халықтың сенімін иеленген азаматтар алға шықты деп білемін. Әрине, кейбір жерлерде реніш, өкпелер боп жатыр. Кемшіліктер де орын алған шығар. Дегенмен, бұл демократиялық қадам болды.

– Азаматтық қоғамның белсенділігін оятуда бұл шараның маңызын қалай бағалайсыз?

– Бастама азаматтардың саяси белсенділігін арттырды. Өздеріңіз білесіздер, бұл жобаға 11 мыңнан
астам адам қатысты және олардың көбісі бұрын саяси аренадан көрінбеген азаматтар. Қателеспесем, 30 пайызы жастар болды. Бұдан бөлек көп балалы аналар да қатысты. Естуімше үміткерлер арасында 9 баласы бар азаматша да бар. Әрине олардың үй тіршілігінен, жұмысынан бөлек осындай мемлекеттің саяси додасына қатысуы азаматтық қоғамның қалыптасуына белгілі бір серпін берері анық. Соңғы 5-6 жылда болмаған құлшыныс, ұмтылыс орын алды. Яғни, саяси аренаға бірқатар жаңа есімдер шықты, жаңа азаматтар, тұлғалар пайда болды деп айтсақ шындықтан алыстай қоймаймыз. Халық та шараға ризашылығын білдіріп жатты. Өйткені өзім астананың Байқоңыр ауданынан қатыстым. Мұнда әртүрлі мекемелерде 68 бастауыш партия ұйымы бар екен. Олардың қызметкерлерімен бетпе-бет жүздестім.
2 мыңнан астам азаматпен кездесіп, агитациялық жұмыс жүргіздім. Оларға өзімнің бағдарламамды ұсындым
және де сұрақтарына жауап бердім. Түрлі ой-пікірлерді білдім. Офлайн түрде бірқатар азаматпен, әлеуметтік
желілерде 30 мыңға жуық азаматпен жүздесудің сәті түсті. Ол жерде әртүрлі саладағы жандардың жағдайы мен мұң-мұқтажына қанықтым. Мәселен, Байқоңыр ауданын алсам, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары бола тұра олар өздерін астаналық сезінбейді. Өйткені, Байқоңыр ауданының дамуы басқа аудандармен салыстырғанда кішкене баяулау. Мәселен, жақсы парктердің, жаңа ауруханалар мен жаңа мектептердің жоқтығын айтқан тұрғындар балалар ойнайтын алаңдардың басқа аудандармен салыстырғанда аздығына
байланысты да өз реніштерін білдіріп жатты. Дегенмен еліміздің бетке ұстар партиясының өкілдері келіп жағдайды біліп, өтініш-тілектерін әкімшілікке жеткізу ниеті бар екенін естіген соң, олар да марқайып, көңілдері көтеріліп қалды. Дауыс беретін азаматтар болмаса да демалыс күндері Нефтянник деген мөлтек ауданның тұрғындарымен кездестім. Ол жерде жарық жоқ. Сондай-ақ, мұнда кішігірім тоғай бар екен. Сол жерде өкінішке қарай қылмыс та, көлеңкелі тірліктер де болып жататынын білдім. Осыдан кейін Байқоңыр
аудандық әкімдігіне әлеуметтік желі арқылы сұраныс жасап, бұл мәселені шешіп беруін сұраған едім. Сәтін салып, тұрғындар айтқан түйткіл толық шешіліп, көпшіліктің алғысын алдық. Ол да мен үшін және сол жерде тұратын азаматтар үшін белгілі бір көмек болды. Одан бөлек әлеуметтік желі арқылы әр түрлі заңдық көмек сұрап хабарласқан азаматтарда шек болмады.

Тұрғын үйге байланысты, жұмысқа орналасу немесе кейбір жерлерде жұмысқа тұру үшін қаражат сұрау
мәселелері бойынша да құқықтық кеңес сұрағандар болды. Соған орай жергілікті жерлердегі әріптестерімізбен кездестіріп, мәселелерінің оң шешілуіне белгілі бір дәрежеде септігімізді тигізіп жатырмыз.

– Сізді еңбек жолын Қазақстан жастар одағында бастаған маман ретінде білеміз. Осы ретте Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында сөз болған мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыруға қатысты қандай ұсыныс-тілегіңіз бар?

– ҚР Президенті халыққа Жолдауында мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыруды тапсырды ғой.
Арзан мемлекеттік аппарат халық үшін қымбатқа түседі деді. Әрине, біздің мемлекеттік қызметшілер сапасының, біліктілігінің артуына және жұмыстарын адал жасауына жан-жақты жағдай жасауымыз керек. Президент мемлекеттік қызметшілердің жалақысын көтеру туралы да мәселе көтерді. Өзім мемлекеттік қызметші болғандықтан бұл ұсынысты орынды деп ойлаймын. Өйткені, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінде жұмыс жасай жүріп, бір нәрсені көңілге түйдім. Біреу аштықтан секіріп жүр, біреу тоқтықтан
секіріп жүр. Өкінішке орай кейбіреулері 2 000, 10 000 теңге алып, істі болып жатады. Кейбіреулері материалдық жағдайының жоғарылығына қарамастан миллиондап пара алып қолына кісен салынғанда ғана бармағын тістеп отыр. Сондықтан да, сыбайлас жемқорлықты белгілі бір дәрежеде жеңу үшін мемлекеттік, бюджеттік мекеме қызметкерлерінің айлығын көтерген абзал. Белсенділікке байланысты партия басшысы да жастарға 20 пайыздық квота бөлді ғой. «Жас келсе іске» дегендей олар Парламенттің қызметін жандандырып, белсенділігін арттырып, биік мінберді аға буынмен бірлесе отырып пікірсайыс алаңына айналдырса, сонымен бірге, халықты толғандырып жүрген мәселелерді дер кезінде көтеріп жатса, әрине, жұмыс жақсарады. Қыз-келіншектерге арналған 30 пайыздық квота да дер кезінде бөлінді. Бабаларымыз айтқандай «Әйел бір
қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді». Олардың кез келген қиындықты шыдаммен, төзіммен
жеңетіні белгілі. Содан болар, әйелдер жемқорлық фактілерінде де ер азаматтарға қарағанда төзімдірек. Елп
етіп жеңіл ақшаға қызыға қоймайды. Қыз-келіншектерге мәслихаттардан, тен орын берілуі де қоғамның дамуына үлкен серпін береді. Мен Қазақ гуманитарлық заң академиясының түлегі ретінде еңбек өтілімді
жастар саясатынан бастадым. Одан кейін аудандық сотта маман боп жұмыс жасап, сот жүйесінде 7 жыл еңбек еттім. Соның нәтижесінде нормативтік құқықтық актілермен жұмыс жасауды үйрендім. Одан кейін Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе облыстарына барып, өңірлерде әкімшіліктің жұмысына қанықтым. Бұл тәжірибем мемлекеттік қызмет департаментінде қызмет еткен кезімде де өз көмегін тигізді. Мемлекеттік аппараттың ішкі қыр-сырына үңілдім. Соның нәтижесінде көптеген салаларда қабілет-қарымымды
шыңдап, біліктілігімді жетілдіруге мүмкіндік алдым.

– Жаңа жағдайдағы экономикалық дамуда жемқорлық пен сыбайластықты азайтудың маңызы қанша?

– Президент өз Жолдауында сыбайлас жемқорлықтың жойылуына қатысты Үкіметке бірқатар тапсырма берді. Ол менің сайлауалды бағдарламамның да негізгі бір бөлігі болды. Өйткені, бүгінгі таңда біздің елде білім, медицина, жол құрылысы секілді барлық саланың тежелуіне түрткі болып отырған негізгі себеп – жемқорлық. Өкінішке орай кейбір мемлекеттік қызметшілер, лауазымды тұлғалар тура жолдан тайып, теріс әрекеті арқылы экономикамыздың дамуына кері әсерін тигізеді. Сондықтан да бұл мәселемен біз әрдайым күресуіміз
және жеңуіміз керек. Бұл бағыттар бойынша жалпы, қандай жұмыстар жасалғалы жатыр? Біріншіден, сыбайлас жемқорлық бойынша ұсталғандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату бойынша шек
қойылатын болды. Яғни, осы тектес қылмыс жасап сотталған азаматтар болашақта өзінің дұрыс тәртібіне немесе залалын өтеуіне қарамастан өз жаза мерзімін міндетті түрде толық өтеп шығуы керек болады. Одан бөлек заңды қатайту, соның ішінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері сыбайлас жемқорлық фактілеріне барса, басқа мемлекеттік қызметшілермен салыстырғанда оларға тағайындалатын жаза ауыр болады. Болашақта заңсыз баю институтын енгізу мәселесі де алдымызда тұр. Егер де біз бүкілхалықтық декларация енгізетін болсақ онда мемлекеттік қызметші ғана емес, оның бүкіл туыстары, жақындарының материалдық жағдайын қарап, жіті тексерсек заңсыз баюға шек қойылар еді. Одан бөлек алдағы уақытта Президент тапсырмасына сәйкес мемлекеттік қызметшілердің, оған теңестірілген азаматтар мен судьялардың, депутаттардың шетел банктерінде шот ұстауына тыйым салынады. Күні кеше бірқатар заңдарға
өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соған сәйкес бүгінгі таңда қылмыстық жауапкершіліктің субъектілері де өсті. Бұрын квазимемлекеттік сектордың бірінші басшылары және бухгалтерлері ғана болса, бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алумен айналысатын басқарма басшылары да кіретін болды және де белгілі бір жобаларды, қаражатты үлестіретін азаматтардың да жауапкершілігі алдағы уақыта қарастырылатын болады. Одан бөлек мемлекеттік қызметшілерге және де олардың отбасы мүшелерінің кез келген сыйлықтарды алуына барлық заңдар бойынша шек қойылды. Бір-біріне бағынышты мемлекеттік қызметшілердің де бір мекеменің ішінде жұмыс істеуіне жол берілмейді. Кез келген мемлекеттік қызметші жұмысқа келер кезде міндетті түрде өзінің сол жердегі туған-туыстарының бар-жоғына қатысты жазбаша түрде мәлімет
беруге міндеттелді.

– Қазақстандағы, одан кейін Ұлыбританиядағы алған біліміңізді өз қызметіңізде қаншалықты жүзеге асырып жүрсіз? Жалпы елімізде білімнің бағалануы қалай?

– Жалпы шетелдік тәжірибеге келетін болсақ Тұңғыш Президентіміздің «Болашақ» халықаралық бағдарламасының арқасында Ұлыбританияға барып білім алдым. Сол жерде өзімнің өмірге, қоғамға деген көзқарасым өзгерді. Мәселен, шетелдегі лауазымды тұлғалардың қарапайымдылығын, қоғамдық көлікпен жүруін мысал етіп келтіріп жатамыз. Расында үлгі аларлық жағдай. Шетелден келгеннен кейін өзімнің мансаптық қызметім басталды. Бірқатар батыс өңірлерінде басшылық қызметтер атқардым. Шетелден көрген, түйгенімді тәжірибеде қолданып, өзімді айналамнан ерекшелемеуге тырыстым. Қызметтестердің
барлығымен жақсы тіл табысып, сыйластықпен жұмыс істеуге тырыстым. Жұмысымды барынша ашық жүргізіп, халыққа қолжетімді болуға барымды салдым. Президентіміз айтып жүр ғой – ашық, сындарлы, естуші мемлекет қалыптастыру керек, – деп. Соған орай жақында Президенттің шешіміне сәйкес бүкіл Мәслихат, Мәжіліс отырыстарының барлығын онлайн түрде әлеуметтік желілерде таратып, халық біліп көретіндей өткізу міндеттелді. Әрине бұл да шетелдік тәжірибе. Өйткені, халық өзінің қалаулыларын білуі, оларға кез келген уақытта хабарласа алуы, сұрақтарын кедергісіз қоюы керек. Сол қойылған сұрақтар мен өтініштерді
халық қалаулылары тиісті мемлекеттік органның алдына, үкіметтің алдына немесе әкімдіктердің алдына қоя отырып, соның шешілуін міндетті түрде бақылауы қажет. Өзім де праймеризге қатысқан кезде сайлауалды бағдарламамда осы мәселелерді басшылыққа алатыныма сендірдім. Барлық жерде, тіпті 2 мың тұрғынмен кездескен кезде де жұртшылыққа өзімнің визит картамды таратып, жеке нөмірімді ұсындым. Әлі күнге дейін халық хабарласып, өздерінің сұрақтарын қойып, белгілі бір деңгейде консультацияларын алып жатыр. Бұл да мемлекеттік қызмет пен халық арасындағы байланысты жандандыратын тетік.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий