Жаңалықтар | Новости

2020 жылы өмір бойына сотталған қазақстандықтар қандай қылмыс жасаған?

2020 жылдың алғашқы тоғыз айында 12 қазақстандық адам өлтіргені үшін сотталды. Олардың кейбіреуі өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ресми деректері осындай, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Ведомствоның мәліметінше, сотталғандардың төртеуі өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Алайда 12 адамның ешқайсы ең жоғары дңгейлі жаза – өлім жазасына кесілмеген.

Айта кетейік, бұл тек бірінші сатыдағы соттардың үкімі. Сотталғандар немесе жәбірленушілер үкімге шағымдануға құқылы болғандықтан, бұл статистика болашақта өзгеруі мүмкін.

Сонымен қатар, былтыр да сотталғандардың ешқайсы өлім жазасына кесілмеген. Алайда 2019 жылы үш адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Олардың бірі кісі өлтіргені үшін, ал қалған екеуі жыныстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған.

Ал 2018 жылы алты адам өмір бойына сотталды: бесеуі кісі өлтіргені үшін, біреуі зорлық үшін.

Қазақстанның Қылмыстық кодексінде өмір бойына бас бостандығынан айыруға немесе өлім жазасына кесуге болатын кем дегенде 22 қылмыс түрі бар. Бұл тізім келесідей:

  • Кісі өлтіру (99-баптың 2-бөлігі);

  • Зорлау (120-баптың 4-бөлігі);

  • Нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттері (121-баптың 4-бөлігі);

  • Басқыншылық соғысты жоспарлау, дайындау, тұтандыру және жүргізу (160-баптың 2-бөлігі);

  • Соғыс жүргізудің тыйым салынған құралдары мен әдістерін қолдану (163-баптың 2-бөлігі);

  • Соғыс заңдары мен әдет-ғұрыптарын бұзу (164-баптың 2-бөлігі);

  • Геноцид (168 бап);

  • Жалдамалы (170-баптың 4-бөлігі);

  • Мемлекеттік опасыздық (175-баптың 2 және 3-бөліктері);

  • Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының өміріне қолсұғушылық (177-бап);

  • Қазақстан Президентінің өміріне қол сұғу (178-бап);

  • Диверсия (184 бап);

  • Терроризм актісі (255-баптың 4-бөлігі);

  • Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы (286-баптың 4-бөлігі);

  • Есірткі заттарды, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу (297-баптың 4-бөлігі);

  • Есірткі заттарды, психотроптық заттарды, сол тектестерді ұрлау не қорқытып алу (298-баптың 4-бөлігі);

  • Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе сол тектестерді тұтынуға көндіру (299-баптың 4-бөлігі);

  • Сот төрелігін немесе алдын ала тергеуді жүзеге асыратын адамның өміріне қол сұғу (408-бап);

  • Бұйрыққа бағынбау немесе оны орындамау (437-баптың 5-бөлігі);

  • Бастыққа қарсылық көрсету немесе оны қызметтік міндеттерін бұзуға мәжбүрлеу (438-баптың 4-бөлігі);

  • Бастыққа қатысты күш қолдану әрекеттері (439-баптың 4-бөлігі);

  • Әскери қызметтен қашушылық (442-баптың 4-бөлігі).

ІІМ мәліметінше, бір сотталғанды қамтамасыз ету үшін күніне 3063 теңге кетеді. Жылына бұл сома 1,1 миллион теңгеге жетеді.

Комментарий