Бас тақырып | Тема дняЭкономика

КЕДЕЙШІЛІКТЕН ШЫҒУДЫҢ ЖОЛЫ ҚАЙСЫ?

БҰҰ-ның штаб-пәтерінде 2015 жылы әлем елдерінің басшылары мен үкімет жетекшілері қабылдаған 2030 жылға дейінгі тұрақты дамудың 17 мақсатының біріншісі – кедейшілікті жоюға арналған еді. БҰҰ мәліметі бойынша кедейшілік жағдайында өмір сүретіндердің саны әлемде 700 млн-нан асады. Бұл адамдар күніне 1,25-1,90 АҚШ долларынан аз сомаға өмір сүруде. Яғни, кедейшілік тек артта қалған және дамушы елдердің ғана мәселесі емес, дамыған мемлекеттер үшін де ол өзінің өзектілігін жойған жоқ. Өйткені дамыған елдерде де кедейшілік шегінен тыс өмір сүретін 30 млн-нан астам бала бар екен.
Жыл сайын жұмыс күші 100 мың адаммен толығып жатқан Қазақстанда ресми статистика бойынша жұмыс күшінің саны соңғы 3 жылда 9-дан 9,2 млн-ға өсті. ҚР Премьер-министрінің 2018 жылғы 15 тамыздағы тапсырмасы бойынша құрылған Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі үйлестіру кеңесіне Хатшылықтың рөлінде сараптамалық-талдамалық қолдау көрсететін Экономикалық зерттеулер институтының мәліметіне қарағанда Қазақстанда кедейшілік деңгейі 1996 жылғы 34,6%-дан бүгінде4,6%-ға дейін қысқарды. Сондай-ақ, табысы күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 46,7%-дан 2,6%- ға дейін төмендеді. Кедейшілік тереңдігі 2001 жылдан бастап 37 есе, яғни 14,8%-дан 0,4%-ға дейін, кедейшілік өткірлігі – 65 есе, 6,5%-дан 0,1%-ға дейін азайды.
Дегенмен коронавирус індетінің таралуына байланысты, жұмыссыздық бойынша да, кедейшілік бойынша да көрсеткіштер қайтадан өсе бастады. Оны Мемлекет басшысы да халыққа арнаған Жолдауында:«Қазір әлем соңғы 100 жыл ішінде болмаған аса күрделі дағдарысты бастан өткеруде. Сарапшылардың айтуынша, жаһандық экономиканы қайта қалпына келтіру үшін кемінде 5 жыл уақыт қажет. Дей тұрғанмен, болашақта көш бастайтын мемлекеттердің бәсекеге түсу қабілеті дәл осындай дағдарыстар мен іргелі өзгерістер кезінде шыңдалады. Қазақстан жаңа әлемде өзінің лайықты орнын алуға тиіс», – деді. Үкіметке берген тапсырмаларында елімізді аумақтық және кеңістік тұрғысынан дамыту тәсілдерін түбегейлі өзгерту керегін айтты.Өңірлеріміз арасында экономикалық және өндірістік бағыты, тұрмыс деңгейі, мемлекеттік қызмет сапасы жағынан айырмашылықтар бар. Сондықтан аумақтық даму жолында әр өңірдің бәсекелі артықшылығын ескеру қажеттігін күн тәртібіне шығарды. Осыған байланысты Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі үйлестіру кеңесінің үйлестіру органы болып табылатын Ұлттық экономика министрлігінің жұмысы да алдағы уақытта ауырламаса, жеңілдемейтін сияқты. Өйткені, Қазақстанның кедейшілікті жою мақсаты бойынша өз міндеттерін мемлекеттің жоспарлау жүйесімен қамтуы 40-50 пайызды құрап отыр. Ресми мәліметтер бойынша күнкөрістің ең төменгі мөлшерінен төмен табысы бар халықтың үлесі ең аз өңірлер Қарағанды (2,3%), Атырау (2,5 %), Ақтөбе (2,9%), Павлодар (3,1 %), Батыс Қазақстан (3,2 %) мен Алматы (3,7%) облыстары екен. Алайда биылғы төтенше жағдай режимі кезінде мұндағы ахуал біршама өзгеріп, табысы күнкөріске әрең жететін халықтың саны барлық өңірде айтарлықтай өсті. Оны жергілікті билік органдарынан ғана емес, жалпы жұртшылықтан көмек сұрап, әлеуметтік желіге түрлі жазба қалдырып жатқандардың санынан да аңғаруға болады. Бұл мәселе тіпті Парламент төрінде де талқыланып, түрлі ұсыныс-пікірлер айтылды. Оның көбі халықтың банк пен түрлі қаржы ұйымдарына қарызы мен төлем пайызына қатысты болды. Яғни бар жұмыс орнын сақтап қалудың өзі мұң боп тұрған кезде кедейшілікпен күресте тек билік органдары ғана емес, ғылыми-зерттеу институттарының рөлі артып отыр.
Ақпараттық-сараптамалық зерттеулер жүргізіп, ғылыми түрде негізделген бағдарлама мен жоспарлар жасап, қоғам игілігіне ұсынуда негізгі сөз енді ғалымдардың еншісінде қалып тұр.

Оразалы СӘБДЕН, ҚР Ғалымдары одағының президенті, ҚР ҰҒА академигі, Экономика ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

– Кедейшілікпен күрес әлі күнге дейін елімізде өте нашар жүргізіліп келе жатыр. БҰҰ-ның 2030 жылға тұрақты даму мақсаттары ғана емес, өзге де халықаралық ұйымдардың әлемдік деңгейде ұсынған нормативтері толық орындалып жатқан жоқ. Кедейшілік мәселесі, әсіресе коронавирус инфекциясы таралғаннан кейін өте қиындап кетті. Оның алдында, ресми статистика 3 млн-ға жуық адам өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етеді деп айтатын. Ал олардың көбі ауылда тұрады. Әкімшіліктен келген адамдар біреуге «жеміс ағашыңыз бар екен, екіншісіне, тауығыңыз бар екен, үшіншісіне, малыңыз бар екен өзіңізді өзіңіз қамтамасыз ете аласыз. Егер көше сыпырғыңыз келмесе мынаған қол қойып беріңіз» дейді. Біздің әкімшіліктің жұмысы сонымен бітеді. Ал не зейнетақы қорына аударымы жоқ, не медициналық сақтандырылуы жоқ халықты біз конституциялық құқығынан айырып отырмыз. Осыны ойлайтын уақыт келді.
Мен экономист ретінде шығу жолын көрсетейін. Халықаралық еңбек ұйымының талабы бойынша ең төменгі жалақы орташа айлықтың 40-60 пайызын құрауы керек. Бізде ол 20 пайыз ғана. Яғни 2-3 есе төмен қамтамасыз етіп отырмыз. Халықтың қаншалықты қиын жағдайда екенін осыдан-ақ көруге болады. Ал азық-түлік, коммуналдық қызметтің бәрі қымбаттады. Үкіметтің беретін 42500 теңгесі оның қай жыртығын жамайды. Сондықтан да, ең төменгі жалақы көлемін белгілеуде халықаралық нормативтерді басшылыққа алып және оны экономикаға сәйкестендіру керек. Сонда экономика өскен сайын әлеуметтік қамтамасыз ету көлемі артып, халық та оның орнықты дамуына мүдделі болып, бұған атсалысады. Бұл мәселе бойынша ғалымдар да кезінде билікке бұл тығырықтан шығудың түрлі жолын ұсынды. Алайда оның ешқайсысы қолдау тапқан жоқ. «Жергілікті өзін-өзін басқару туралы» арнайы заң қабылданып, шын мәніндегі көппартиялы Парламент жасақтамай оның биліктен қолдау табуы әлі де неғайбыл.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ
«Заң газеті» 

Комментарий