Бас тақырып | Тема дняҚоғам | Общество

ТАРИФТЕРГЕ ТОҚТАУ БОЛМАЙ ТҰР

Елімізде жыл өткен сайын ұялы байланыс қызметі қымбаттап барады. Ресми мәліметке сенсек, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда интернет тарифі 2,6, ал ұялы байланыс қызметі 1,7 пайызға қымбаттапты. Осы жылдың қыркүйек айының басында Қазақстанда 24,2 млн ұялы байланыс абоненті болғанын ескерсек, ұялы байланыс қызметіне жүгінбейтін жан жоқ екенін аңғарамыз. Осынша тұтынушысы бар екеніне қарамастан еліміздегі байланыс операторлары қымбат тарифымен ғана емес, арасында ұялы байланыс бірліктерін, интернет тарифтерін «жеп қойып» та халықты қанап отыр.

Алыстан мысал іздеудің қажеті жоқ, 1 қазан күні ай сайынғы әдетіммен билайн байланыс операторындағы нөміріме бір айға 12 ГБ, өзге операторларға 200 минут, 0 сек және 200 sms беретін «бәрі L» тарифіне қосылдым. 5 қазан күні тарифімдегі интернеттің 4,52 ГБ қалғанын байқадым. Бір айға молынан жететін 12 ГБ-тың бес күн ішінде «түбі көрініп қалғанына» таң қалсам да әрі қарай себебіне үңілуге уақытым болмады. Бірақ үйде күні түні ноутбукпен жұмыс істейтіндіктен altel-дің лимитсіз тарифінің модеміне қосылғандықтан, үйге келгенде ұялы телефонымның тарифін үнемдеп, үйдегі лимитсіз модемге қосып, үйден жұмысқа дейін жеткенше ғана «бәрі L» тарифі бойынша телефонымдағы ГБ-тарға жүгініп отырдым. Бәрібір 7 қазан күні таңертең ұялы байланысымдағы тарифтік интернеттің таусылғаны туралы және 1490 теңгеге бір реттік пакет 4 ГБ қостырып алуыма болатыны туралы хабарлама қосыла келді. Жұмысқа асығыс шығып бара жатқандықтан жоғалып кеткен мегабайттарымның қайда кеткенін анықтауға уақыт болмай, үйдегі модем арқылы тағы 1490 теңге төлеп, 4 ГБ сатып алдым.

Айтпақшы бір ай бұрын ғана Қызылорда облысына іссапармен барған кезімде «Алматы қаласындағы тарифімнің Қызылорда облысында жарамсыздығына орай» екі ақ күннің ішінде «бәрі L» тарифіме тиесілі басқа операторларға қоңырау шалу, мегабайт  қызметтері нөлге айналған болатын. Жұмыстан соң қолым босағанда 06116 нөмірі арқылы билайн орталығына хабарластым. Айына 6000 теңге алтел модеміме лимитсіз интернет үшін төлеймін. Ұялы телефоныма 2880 теңге «бәрі L» тарифі үшін төлеймін. Мегабайтым жоқ болып кетіп тағы 1490 теңгеге 4 ГБ сатып алып, осы айда тек интернет қызметі үшін 10370 теңге төлеп отырғанымды, мегабайттарымның неліктен тез таусылып жатқанын сұрадым. Шағымымды тыңдаған оператор «нөміріңіз бойынша техникалық ақаулықтар орын алған. Сондықтан мегабайтыңыз тез кетіп қалған. Осы нөмір бойынша шағым қабылданды. Тарифіңіздің жоғалып кеткен мегабайты және қосымша сатып алған 4 ГБ ақшасын, телефоныңызға бірлік ретінде қайтарып береміз» деді. Сонда мен сұрау салмасам, олар техникалық қателікпен кеткен ұялы телефонымның мегабайтын қайтармайды да екен. Ал қайда шағымданарын білмеген, тіпті мегабайтының аяқасты жоғалып кеткенін сезбеген қаншама адамның тариф арқылы тоналып жатқаны белгісіз?!

Шыны керек ХХІ ғасыр ақпарат заманы, оның үстіне пандемиялық жағдайға орай онлайн жұмыстың қадірі артып тұрған кезеңде қызметтерін аспандатып, одан қалды тарифтері арқылы тұтынушылардың мегабайттарын  жоқ қылып, түрлі жолдармен тұтынушыларын тонап отырған байланыс операторларына тойым болмай тұр. Мәселен, осы жылдың қаңтар-тамызында еліміздің телекоммуникациялық компанияларының байланыс қызметінен алған кірістері жыл ішінде 8,3 пайызға артып, 574,2 млрд теңгені құраған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 519,9 млрд теңге болған еді. Сонда да еліміздегі байланыс операторлары қызметтерін тоқтаусыз қымбаттату үстінде.

Ең болмаса карантин кезінде, ел ішіндегі қиын ахуалды ескеріп, сұранысқа орай сапалы қызмет көрсетіп, тариф бағасын төмендету, халыққа қолайлы жағдай жасау орнына кірістерін көбейтіп, тарифтерін көтеріп қалуды ойлаған байланыс операторларына не дерсің. Осы орайда айта кетер жайт, биыл жаңа оқу жылының онлайн білім форматына көшуіне орай еліміздің білім және ғылым министрлігі ұялы байланыс операторларымен бірлесе «Білім» атты жаңа тарифтік жоспар шығарып отырғандарын айтып тамыз айында сүйіншілеген болатын. Ұстаздар мен, оқушыларға, студенттерге және ата аналарға арналған лимитсіз трафик көпшілікті қуантқан еді. Алайда «білім» тарифі көптің күткеніндей үмітті ақтамады. Сондықтан тарифке қосылып жатқандардың да қарасы аз. Мәселенің мәніне тереңірек үңіле түсу үшін тағы да билайн байланыс операторына қоңырау шалдық. «Бізде «білім» тарифы бар. 990 теңгелік. Басқа операторларға тегін сөйлесу уақыты да, қосымша смс те, желі ішінде тегін сөйлесу мүмкіндігі де жоқ. 1 ГБ қана береді. Бірақ балаңыз сабақты whatsapp, zoom  арқылы оқитын болса оның мегабайты сіздерге жеткіліксіз болады. Өйткені оған 1-ақ ГБ беріледі. ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан белгілеген отандық білім беру ресурстарына ғана лимитсіз қосылу қарастырылған. Whatsapp пен отырсаңыз 1ГБ судай кетіп қалады. Егер балаларыңыз Whatsapp арқылы оқитын болса сізге жақсы тарифке қосу керек. Анлим FHD деген трафик бар, бір үйде бірнеше адам қатар кіріп оқи береді. Талай ата анаға осы тарифті қосып бердім, риза болып жатыр. Шексіз  интернет 3590 теңге тұрады. Билайн абоненттерінің бәріне тегін, басқа операторларға 20 минут уақыт беріледі. Бірнеше телефон қатар қосыла алады. Бізде 6000-7000-8000 теңгелік тарифтер де бар. Бірақ мен сізге ең тиімдісін айтып отырмын» деді билайнның оператор жігіті. Шыны керек, оқу жылы басталғалы екі қызым да оқушылардың бәрінің білім платформаларына кіруге мүмкіндігі жоқтығына орай және ғаламтор жылдамдығының күрт нашарлап кетуіне орай Whatsapp арқылы ғана оқып жатыр. Жалпы елімізде талай оқушы білімді Whatsapp арқылы алып жатқаны жасырын емес. Осы орайда байланыс опареторларының «білім» тарифы балалардың білім алуына арналған, брақ қолдануына арналмаған көз алдау екенін ұғуға болады.

Билайннан басқа операторларды да зерттеп көрдік. Актив операторында да «білім» тарифі тура билайндағыдай екен. 990 теңге, 1 ГБ. О баста тамыз айында сүйіншілегендей мұғалім мен оқушы арасындағы лимитсіз қоңырау секілді артықшылықтар байланыс операторларының ешқайсысында қарастырылмаған. Сонда байланыс операторлары 1 ГБ арқылы кімді алдап отыр?! Жалпы еліміздегі ұялы байланыс оперторларының ауыз толтырып айтатын интернет қызметі жылдамдығының тым әлсіздігі, ғаламторға емін еркін кіру мүмкіндігі жоқтығы бөлек тақырып. Халыққа адал, сапалы қызметтен бұрын қалталарын толтырып қалуды ғана көздеген ұялы байланыс операторларының ұяты қашан оянар екен…

 

Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ 

Комментарий