Аймақтар | Регионы

АУДАН ӘКІМІ АСТЫҚ ҚОЙМАЛАРЫН АРАЛАДЫ

Аудандағы 21 астық қоймасының 18-і Түркістан ауылдық округінде орналасқан.
Осыған байланысты сәрсенбі күні аудан әкімі Бақытжан Жақсылықов Түркістан ауылдық округінде болып, астық қоймалары мен күзгі дала, егіс жұмыстарының барысымен танысты.
Аудан әкімімен бірге орынбасары О.Көкей мен аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы С.Дариябековтер болды.
Аудан басшысы «Мұрат» шаруа қожалығының астық қоймасын, шаруашылық диқандарының күзгі егіске арналған тұқымды тазалау жұмыстарын, жаңадан сатып алынған тұқым тазалағыш құрылғыларды көріп шықты.


Шаруа қожалық басшысы Е.Дүтбаев 2019 жылы сыйымдылығы 500 тонналық астық қоймасын көрсетіп, қоймада 50 тонна мақсары өнімі сақтаулы тұрғандығын айтты.
Е.Дүтбаев аудан басшылығына осы жылы алған ауыл шаруашылығы техникаларының инвестициялық субсидияларын ала алмай отырғандығын жеткізді. Мәселенің қысқа мерзімде оң шешілуіне тиісті шараларды қабылдауды аудан әкімі қабылдауды осы салаға жауапты орынбасары О.Көкейге тапсырды.
Айта кетерлік жәйт, шаруашылық 2020 жылы 48 млн. теңгеге астық комбайынын және 24 млн.теңгеге «КамАЗ» жүк көлігін сатып алды.
Бұдан кейін «Ақбастау» және «Болашақ» шаруа қожалықтарының астық қоймаларын көріп, жаңадан сатып алынған техникалармен танысты.
«Ақбастау» шаруа қожалығының қоймасында 100 тонна арпа сақтаулы. Қойманы осы жылы пайдалануға қабылдады. Шаруашылық төрағасы осы жылғы егістік барысы туралы айтты. Сонымен қатар, жеке қаражатына орнатуды жоспарлап отырған сүт цехы туралы баяндады.
«Болашақ» шаруа қожалығы 2018 жылы сиымдылығы 700 тонналық астық қоймасының құрылысын аяқтаған. Онда бүгінгі күні 250 тонна арпа, 250 тонна бидай сақталуда.
Биыл жеке қаржысына астық тиегіш (зерномет) және К-700 қуатты тракторына арналған соқа құрылғысын сатып алған.
Осыдан кейін аудан әкімі «Болашақ» шаруа қожалығының күздік егістікке дайындығын көрді. Шаруашылық бүгінгі күні 150 га аса жерді жыртып, тұқым себуге дайындауда.
Аудан басшысы денсаулық саласы қызметкерлерінің жағдайымен танысуды да назардан тыс қалдырмады.
Ауылдық дәрігерлік амбулаторияда болып, дәрігер А.Алпысбаеваның қысқы жылыту маусымына дайындығы мен тұмауға қарсы екпе егу барысы туралы баяндамасын тыңдады.
Мемлекет арнайы санатқа жататын ауылдық округтегі 700 тұрғынға вакцина бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда.

Дариха ҮМБЕТИЯРОВА, Сарысу ауданы

Комментарий