Елең еткізер | АктуальноЖаңалықтар | Новости

Балуан Шолақ пен Қажымұқан неге күреспеді?

Қаламгер Әлімқұл Бүркітбаевтың «Қажымұқан» атты хикаяты 1990 жылы «Жалын» журналында алғаш рет жарияланып, артынан жеке кітап болып шықты.

Осы туынды да Ұлытау өңірінде Иманжүсіп Құтпанұлы, Балуан Шолақ Баймырзаұлы, Қажымұқан Мұңайтпасов балуан үшеуі бас қосып, елді думанға бөлегені жайлы айтылады, – деп жазады Newsroom+Ақпарат агенттігі .

Бірін-бірі көріп, бас қосуға ынтызар болып жүрген қазақтың алпамсадай алыптары алқа-қотан өнер көрсетеді. Балуан Шолақ білектей темірді арқан сияқты білегіне үш-төрт қайыра орап, екі ұшын тұйықтап тастай салады.

Қажымұқан болса ұзын рельс темірді жотасына көлденеңінен салып, жиналған халыққа: «Екі басына сыйғандарыңша мініңдер!» дейді. Ел темірге жабысады. Қажекең рельсті баяу айналдырғанда жұрт көбелектей шашырап ұшады. Думан қызған бір сәтте мыңдап жылқы айдаған атақты шонжар Сәлімбай ортаға шығады.

– Уа, халайық, менің бір шартым бар!
– Ләпбай, байеке!
– Балуан Шолақ пен Қажымұқан күрессін! Қайсы жеңсе 100 жылқы беремін!

Сәлімбайдың сөзін естіген елде ес жоқ. Жиналған халыққа қызық керек. Жер тоқпақтап шуласып жатыр.
– Күрессін, күрессін!

Елерген елдің шуылынан кім де болсын аздапта болсын абдырары сөзсіз. Балуан Шолақ інісі Қажымұқанға қарайды, Қажекеңде не істерін білмей көзін төмен салып үнсіз екі ойда қалады.

Ат үстінде шіреніп, сусар бөрігі желбіреп Сәлімбай тұр. Көптің айқай-сүреңінен кейін шынында күреспек болып, Балуан Шолақ пен Қажымұқан белдеріне шылбыр байлап дайындала бастайды. Осы сәтте аюдай ақырып ортаға Иманжүсіп шығады.

– Ей халайық, ей Сәлімбай! Өрге тартса, сорға тартатын неткен сорлы едіңдер! Бақтарыңа туған екі алып балуан көздеріңе көп көрінді ме? Ал екеуін күрестірдіңдер, бір-біріне зәбір жасауға итердіңдер! Бір-бірін майып қылса сендерге не пайда түседі? Неткен сорлы едіңдер!

– Ей Балуан Шолақ, сен ұялмай артыңнан ерген ініңді жер қаптырмақсың ба? Ей Қажымұқан! Сен мына елдің айтағына еріп жалғыз ағаңның жағасына жармаспақсың ба?

Иманжүсіптің сөзінен кейін ел сабасына түседі.Қажымұқан болса өкініп келіп: «Қайран Имекем-ай, сен болмағанда Шөкемнің жағасынан ұстап, күнәһар болар едім», – деп екі ағасын құшақтап солқылдап жылаған екен.

…Бұл оқиғадан біз не түйеміз: Имекең болмағанда екі алып бірін-бірі майып етуі әбден мүмкін еді. Тек майып етіп қоймай, арасына бұдан соң араздық түспей ме? Елдің екі алыбы араздасса, ел бүлінбей ме? Міне, байырғы қазақтың мықтылары татулықты сақтау үшін сыйластықты бұзбаған.

Қайрат НҰРЛЫҚАСЫМҰЛЫ

Комментарий