Судья мінбері | Судебная система

Съездер тың бастамаларымен құнды

Әрбір төрт жыл сайын өтетін Қазақстан Республикасының Судьялары съезінің ел өмірінде алар маңызы зор. Себебі, құқықтық мемлекет құру сот жүйесінің дамуымен тікелей байланысты. Сала жұмысының ашықтығы мен қолжетімділігі, азаматтар құқықтарын қорғаудағы жеткен жетістіктер бірінші съезде межеленген мақсаттар нәтижесі деуге толық негіз бар.

Тәуелсіздік алғалы жүйе өз дамуында бірнеше белесті бағындырды. Елбасы демократиялық, құқықтық мемлекеттің маңызды негізі әділ және адал сот екенін әр сөзінде баса айтады. Әділ және адал соттың тәуелсіздік нәтижесінде ғана қалыптасатыны ескерсек, бұл тұрғыда ең бастысы, соттар мәртебесі арнайы заңмен айқындалды. Судьялар тәуелсіздігі барлық жағынан нығайды. Биыл Азаматтық процестік кодекске толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, судьялардың процестегі тәуелсіздігі де толықтай қамтамасыз етілді. Айта кетерлігі, әрбір съезд сот билігіне жаңа бетбұрыс әкелді.

Соттарды мамандандыру, судьяларды тағайындаудағы ашықтық шаралары, үміткерлер тізімін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап, қоғамның көзқарасын ескеру мәселелерінің ІІ съезде талқыланғаны баршаға мәлім. Соған орай, 2000 жылы «Сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы» заң қабылданды. Елімізде мамандандырылған экономикалық және әкімшілік соттар құрылып, алқабилер институты енгізілді. IV съезден кейін сала жұмысы одан әрі жетілдіріліп, сот ісін жүргізу оңтайландырылды. Қадағалау сатылары қысқартылып, судьялардың кәсіби білім-білігіне талап қатайтылды. Тағы бір жаңалық, қамаққа алу санкциясы сот құзырына берілді, бұл қадам өз кезегінде заңдарымызды халықаралық стандартқа жақындатты.

V съезд Билер институтының бітімгершілік тәсілі – Медиация институтының енуі, яғни, Медиация туралы заңның қабылдануымен маңызды. Осы басқосудан кейін сала жұмысында заманауи озық технологияларды пайдалану шаралары қолға алынды. Қағазбастылықтан арылып, жүйеге электронды технологиялар ене бстады. Бұдан соңғы алқалы жиында заң үстемдігін арттыруға баса мән берілді. Азаматтардың сотқа деген сенімін күннен-күнге нығайту және ол жолда жүзеге асуы тиіс жаңа істер әрбір съездің басты мәселесі болды. V съезде айтылған ұсыныс нәтижесінде Қылмыстық, Қылмыстық процестік және Қылмыстық атқару, сонымен қатар, Азаматтық процестік кодекстер жаңартылды. VII съезд кезектен тыс шақырылып, онда Судьялардың Әдеп кодексі қабылданды. Айта кетерлігі, аталған Кодекс съезге дейін мамандар талқысына салынды.

Съездер ел заңдарының түзетіліп, толықтырылуына мұрындық болды. Медиация институтының нәтижесінде сот жүктемесі азайып, азаматтық-құқықтық дауларға прокурордың қатысуы қысқартылды. Судьялардың кәсіби қызметі мен сот корпусына қойылатын талаптар қатаңдатылды. Жаңа технологиялар жүйе жұмысына дендеп енгізіліп, азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігі одан әрі арттырды.

Біздің басты міндетіміз – әділ әрі сапалы сот төрелігін жүргізу арқылы азаматтардың сотқа деген сенімін бүгінгіден бетер нығайту. Себебі, Елбасы айтқандай, “Заңның үстемдігі азаматтар соттың әділ шешімін алған кезде ғана қамтамасыз етіледі”. Судьялардың VIII съезінде тың бастамалар көтерілеріне сенім мол. Сондай-ақ, сот алдында тұрған міндеттердің орындалуына соны серпін беріп қана қоймай, солар арқылы әділдік үстемдігінің деңгейін көтерері хақ.

Талғат Садықов,

Алмалы аудандық №2 сотының судьясы

Алматы қаласы

Комментарий