Қоғам | Общество

БҮЙРЕК АУРУЛАРЫН ЕМДЕУДЕГІ СОНЫ МҮМКІНДІК

АЛМАТЫДА Б.ЖАРБОСЫНОВ АТЫНДАҒЫ УРОЛОГИЯ ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҒЫНДА ҚАЗАҚСТАНДА ТҰҢҒЫШ РЕТ ЖАМБАС БҰЛШЫҚ ЕТТЕРІНЕ АРНАЛҒАН КӨПФУНК­ ЦИОНАЛДЫ «АВАНТРОН» АППА­ РАТЫН РЕСМИ ІСКЕ ҚОСУ ША­ РАСЫ ӨТТІ. ШАРА БАРЫСЫНДА БАҚ ӨКІЛДЕРІ ЖАҢА ҚҰРАЛ­ЖАБ­ДЫҚПЕН, ГЕМОДИАЛИЗ БӨЛІМ­ ШЕСІНІҢ ЖҰМЫСЫМЕН ДЕ ТА­НЫСТЫ.

Аталмыш орталықтың клиникалық істер бойынша орынбасары Шарафаддин Азизовтың айтуынша, соңғы кезде елімізде бүйрек ауруларымен ауыратындар көбейген. Соның ішінде жастардың бұл ауруға шалдығуы жиілепті. Мәселен, созылмалы бүйрек жетіспеушілігі ауруына шалдыққандар саны 5 мыңнан асады екен. Бұл ресми тіркелгендері. Дегенмен, медицина саласында бүйрек ауруларын емдеуде жаңа технологиялық мүмкіндіктер пайда болуда. Жамбас бұлшық еттері- не арналған «Авантрон» аппараты соның бірі. Енді ол жамбас бұлшық еттерін емдеу үшін аталған ғылыми орталықтың емделушілеріне қолжетімді. Бұл жүйе науқастар үшін өте қолайлы. Өйткені, терапия барысында арнайы медициналық құралдарды (пластырь, гель, зонд, т.б.) қажет етпейді. Қазіргі таңда әлемнің 47 мемлекеті қолданатын бұл аппараттың көмегіне 3 миллионнан астам науқас жүгінген. Әзірге елімізде бұл аппарат тек Б.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығында ғана бар.

Атап айтқанда, ер адамдардағы созылмалы жамбас ауруы, эректильді дисфункция (белсіздік), жалпы простатэктомия операциясынан кейінгі оңалту, әйел адамдардағы зәр ұстамауы, жыныстық дисфункция, гинекологиялық дерттер (созылмалы эндометрит, жатырішілік синехиялар, жүктілік кезіндегі қиындықтар, жатырдың гипоплазиясы, сәтсіз ЭКҰ, операциядан кейінгі жамбас астауындағы спайкалық асқынулар) кезінде аталған аппараттың көмегі зор. Мамандар емнің терапиялық әсері бір жыл көлемінде сақталатынын тілге тиек етті. Б.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығының клиникалық істер бойынша орынбасары Шарафаддин Азизов «Электромагнитті импульстар жамбас бұлшықеттерінің тартылуы мен босаңсуына, сондай­ақ, тоқішек, қуық, жатыр, қуықасты безіне тікелей әсер етеді. Нәтижесінде, қан айналымы жақсарып, іркілістің жойылуы мен бұлшық еттің жаттығуына септігін тигізеді. Бір реттік емдік шара 20­30 минутқа созылады», – деп түсіндірді. Сеанс кезінде науқас ыңғайлы креслода отырады. Ем қабылдай отырып кітап оқуға, теледидар көруге, музыка тыңдауға болады. Аппараттың басқару бөлігіндегі сенсорлық экран процедураның қажетті өлшемдерін таңдауға қолайлы.

Ғылыми орталықтың уролог­дәрігері Досжан Танабекұлының айтуынша, «Авантрон» аппаратының балаларға да пайдасы зор. 3­4 жасынан бастап іш қату, зәр ұстамауы (энурез), үлкен дәреттің ұстамауы (энкопрез) секілді аурулардан емдеуге таптырмас медициналық құрал. Сондай­ақ, ғылыми орталықта арнайы «Гемодиализ» бөлімшесі жұмыс істейді. Мұнда науқастар аптасына 3 рет 4 сағаттан ем қабылдайды. «Гемодиализ» бөлімшесінде арнайы аппарат көмегімен адам- ның қанын сүзгілерден өткізіп, тазартуға болады. Яғни, гемодиализ аппараты жасанды бүйрек қызметін атқарады. Ғылыми орталықтағы Германиядан әкелінген «Фрезениус­5008S» жабдығының бір ерекшелігі – жүрек­қан тамырларының гемодиализ кезіндегі асқынуларын азайтады. Жалпы, Алматы қаласында осындай 15­ке жуық гемодиализден тазарту орталықтарында бұл аппарат бар екен. Ал, емделушілер заманауи аппаратты осы орталықтың өзінде­ақ қолдана алады. Бір айта кетерлігі, бүйрек жетіспеу­ шілігі ауруына шалдыққан науқас сарыуайымға салынып, күйзеліске түспеуі қажет дейді мамандар. Себебі, аурудың күрделілігіне қарамастан, науқастардың көпшілігінің толыққанды өмір сүруге мүмкіндігі бар, олар жұмыс істейді, оқиды, күнделікті тіршілікке араласа алады. Қазіргі уақытта жасанды бүйрекпен де 30 жылға дейін өмір сүруге болатыны дәлелденген. Ең бастысы, науқастар арнайы рационды сақтап, дәрі­дәрмекті, емдік шараларды уақытылы қабылдауы тиіс.

Нұрболат АБАЙҰЛЫ, «Заң газеті»

Комментарий