Саясат | Политика

ҚАРУЛЫ ҚАҚТЫҒЫСТЫҢ ҚАЗАҚСТАНҒА ӘСЕРІ ҚАНДАЙ?

Таулы Қарабах қақтығысы тағы да әлем назарын өзіне аударды. Талай жылдардан бері таласты сұраққа айналып, талай боздақтың өмірін жалмаған соғыс екі елді жалғаған таулы шатқалда әлі де толастар емес. Таулы Қарабақтағы бұл қақтығыстың Қазақстанға әсері қандай?

Дос КӨШІМ, саясаттанушы:

–  Бұл – саясат пен тарих араласқан ұзақ әңгіме. Кезінде, Кеңес Одағында республикалардың жерлері бір-біріне жоғарыдағы партия басшылығының шешімімен алынып, қосыла беретін. 1991 жылы Кеңес Одағы тарағанда, одақта болған республикалар сол уақыттағы әр республиканың территориясы мызғымай, сол күйінде қалады деген келісімге келген. Бұл келісім сөз жүзінде ғана қалды. Қазір Молдовия, Грузия, Украинаның территориялары Ресей тарапынан талауға түсіп отыр. Қарабақ мәселесі сәл бұрынырақ көтерілді, бірақ бұл да – нағыз сепаратистік бас көтерудің нәтижесінде пайда болған жағдай. Айта кету керек, 1991 жылы Тәуелсіздік жа- риялағанда Қазақ елінің де көрші төрт мемлекетпен (Қытай, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан) нақтыланбаған шекаралары бар болатын… Қарабақтың жағдайы мүлдем басқа – бұл жерде нақты сепаратистік көтеріліс болып, Әзірбайжанның орта- сынан жаңа құрылыс бас көтерді. Біздің елге соншалықты әсер етеді деп айта алмаймын. Бірақ, бір мәселе бар Қазақ пен әзірбайжан халқы – туысқан, бауырлас халық. Біздің рухани бастауымыз, тарихымыз, әдебиетіміз бен мәдениетіміз, дініміз бен тіліміз де – бір. Сондықтан Армения мен Әзірбайжанның арасындағы жанжалда Қазақ елі қай жақты қолдайды деген сұрақ негізсіз болуы керек. Бірақ біздің Ресейдің етегіне жабысып жүретіндігімізді ескерсек, ал Ресейдің әрқашан Арменияны жақтайтынын ойымызда ұстасақ, Қазақ билігі екі оттың ортасында қалғанын мойындауымыз керек. Әрине, барлық халықаралық құрылымдар осы уақытқа дейін Қарабақ мәселесінде Әзірбайжан жағын қолдап отыр. Ұлы қолбасшы Александр Македонскийдің «Гордей түйінін қылышпен кесіп тастап қана шешу керек» деген тарихи сөзі бар. Осындай дау-дамайлар, таласты мәселелер соғысқа ұласқанда, «кейіннен келісімге келер» деп тоқтатып, сол «кейіндері» ондаған, жүздеген жылдарға созылғанын білеміз. Бұл жөнінде Израиль мен Палестина мемлекетінің арасындағы әлі күнге дейін созылып келе жатқан жағдайды есімізге түсірсек те жеткілікті. Мүмкін, Қарабақ мәселесі, сол тоқсаныншы жылдары қарулы қақтығыспен шешілгенде, отыз жылғы қырғи қабақ соғыс пен кешегі қанды майдан болмас па еді?.. Меніңше, осындай «уақытша оқ атуды тоқтату» ешқандай тиімді нәтиже бермейтін сияқты. Не сол «уақытша мәселе» мәңгілікке айналады немесе одан да өткен қантөгіспен аяқталады. Әзірбайжан өзінің жерінен айырыла отырып, 30 жыл бойы бейбіт шешімді күтті. Егер ондай шешімнің болмайтынына көзі жетсе, әрине, сепаратистерді қарумен қуып шығуға тура келеді. Меніңше,келісім – Әзірбайжан жерін басып алған террористер кетпейінше не толық жойылмайынша болмайтын сияқты.

Мақсат ЖАҚАУОВ, аймақтанушы:

–  Армения мен Әзірбайжан елдері үшін Таулы Қарабақ жерінің ортақ дүниесі көп. Бұған дейін тұрғындарының басым бөлігі христиан армяндардан тұратын, алайда ұзақ жыл бойы Әзірбайжанның иелігінде болып келген өлке үшін соғыста мыңдаған адам өліп, миллиондаған жан босып кеткен еді. Бұл аймақта соңғы рет соғыс 1991–1994 жылдары жүрген болатын. 1993 жылы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі аймақтағы соғысты тоқтатуды талап етіп, төрт қарар жариялады. 1994 жылдың мамыр айында Бішкек хаттамасына қол қойылып, тараптар бейбіт қатынас орнатуға келісім берді. Соғыс нәтижесінде мыңдаған адам қаза тапты, жараланды. Миллионнан астам әзірбайжан азаматы Таулы Қарабақтан және жақын жатқан аймақтардан ауып, босқын атанды.Әзірбайжанда тұратын жарты миллиондай армян да қашуға мәжбүр болды. Дегенмен мәселе автономия статусына дейін жетіп, нақты шешілмеді.Содан бері 28 жыл өтіп, 2020 жылдың 12-16 шілдесінде Армения мен Әзірбайжан шекарасында тағы атыс болды. Екі жақта да оққа ұшқан адамдар тіркелді. Жағдайдың ушығуына қос тарап бір-бірін кінәлады. Салдарын қазір көріп отырмыз. Соғыс ошағы пайда болды… Геосаяси тұрғыдан бұл мәселе Кавказдағы ірі державалардың текетіресінің ошағына айналуына түрткі болуда. Екі жақтың да жақтастары бар. Ал үлкен саяси аренаға ушығуға әзірше негіз жоқ. Бірақ екі жақтың адам шығынын ескерсек, бұл жайт БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің назарына ерекше ілінді. Яғни аймақтың дереу тынышталуына арнайы комиссиялар шығуымен, екі жақтың талабымен танысып, шешімге итермелеу жолдары орын алуы мүмкін. Әзірше, аймақтың бейбіт жолмен шешілуін тілейміз.
Қазақстанға келер болсақ, бұл жерде екі мәселе бар: біріншіден, түркі бауырлас Әзірбайжанға моральдық тұрғыдан бүйрегіміз бұрылғанмен, екіншіден, ТМД аймағының бейбіт келісімдер, аймақтық
қақтығыстарды болдырмау, қауіпсіздік шараларына үшінші тарап болып бейбіт жолмен шешу туралы көпжақты халықаралық келісімінен ары аса алмаймыз. Талап біреу – қақтығысты ушықтырмай, келісімге келуге ұйытқы болу. Сол себепті екі жақтың бірін таңдау біздің жағдайда қолданылмайды. Келісімнен басқа амал жоқ.

Сауалнаманы дайындаған Ақбота ЕРБОЛҚЫЗЫ