Саясат | Политика

Ә.БЕКТҰРҒАНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты: Ауыл мектептері қаржыдан қағылып отыр

Еліміздегі жан басына шаққанда қаржыландыруды енгізу процесі әділеттілік қағидатына сай емес. Осының салдарынан ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтық жойылудың орнына тереңдеп барады. Нақтылай айтар болсақ, бүгінде жан басына шаққандағы қаржыландыруға тек қалалық жалпы білім беретін 1594 мектеп қана көшіп отыр. 2018 жылы толық жинақты ауылдық мектептерде жан басына шаққандағы қаржыландыруды сынақтан өткізу және кейіннен толық көлемде енгізу тоқтатылып, бұл реформа ауылдық білім беру ұйымдарын қамтымады.
Еліміздегі 3987 толық жинақты мектептердің ішінде 2393-і – ауылдық мектеп. Оларды жан басына шаққандағы қаржыландырудан алып тастау, біздің пікірімізше, ауылдағы өскелең жас ұрпаққа жасалып отырған қиянат. Орта білім алу кезінде тең жағдай жасауды қамтамасыз ету мақсатында мектептің орналасқан жеріне қарамастан (қалалық немесе ауылдық жерлерде) бір оқушыға жұмсалатын шығынды теңестіру жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу міндеттерінің бірі болған еді.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында барлық балалар, тұратын жеріне немесе әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, сапалы білім алуға қол жеткізуі тиіс екенін атап өтті. Білім және ғылым министрлігінің есептеуі бойынша, жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшу мектеп бюджетінің орта есеппен 20 пайызға өсуіне мүмкіндік береді, тиісінше бұл мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін қосымша мүмкіндік болып табылады. Барлық балалардың сапалы білім алуға тең құқықтары бар екенін, сондай-ақ ауыл мектептерінің жағдайын жақсартудың маңыздылығын ескере отырып, оларды қаржыландыру мәселесі шұғыл шаралар қабылдауды талап етеді және жан басына шаққандағы қаржыландыруға толық көлемде көшуді баяулатуға болмайды.
Екіншіден, жан басына шаққандағы қаржыландырудың қолданыстағы моделі «ақша оқушыға арналады» қағидатына сай келмейді деп есептейміз. Бүгінгі күні жан басын қаржыландыруға арналған қаражат мектептердің контингентін ескере отырып, нысаналы ағымдағы трансферттер түрінде жергілікті бюджеттерге беріледі. Алайда оқушы бір өңірден екінші өңірге ауысқан кезде тиісті шығындар бір өңірдің бюджетінен екінші өңірдің бюджетіне өтпейді. Осыған орай 2021-2022 оқу жылынан бастап толық жинақты ауылдық мектептерде жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігін және олар үшін тиісті әдістемені әзірлеу жөніндегі мәселені қарау қажет. Сонымен қатар «ақша оқушыға арналады» деген негізгі қағидатты іске асыру мақсатында, оқушылардың есебін жүргізу және ішкі көші-қонға мониторинг жасау үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру жөніндегі Ұлттық білім беру дерекқорында басқа мемлекеттік органдардың қолданыстағы дерекқорларымен бір мезгілде интеграциялай отырып, жеке жүйе әзірлену қажет деп ойлаймын.
Дайындаған А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА,
«Заң газеті»

Комментарий