Бас тақырып | Тема дняҚоғам | Общество

МАҢҒЫСТАУДЫҢ ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІ ЗОР

Пандемия құрсауында қалған қазақстандықтардың дені биыл шетел аспай, республика аумағында демалуды жөн көрді. Маңғыстау облысы да туристерді көп қызықтырған аймақтар қатарына енді.

Ақтауға бір рет келген адам қайта оралғысы келеді
Ақтауға алғаш рет келген белгілі кәсіпкер, «COFFEE BOOM» желісінің директоры Еркебұлан Мұқановқа ақмаржан қаланың әуежайынан бастап тазалығы, жолы, сәулетті ғимараттары мен көк айдынның жағалауы ерекше әсер қалдырыпты. Ол өңірдің туристік әлеуетінің өсуі, отандық және әлемдік брендтерді көптеп тартуға мүмкіндік беретінін айтты. Еркебұлан еліміздің ірі қалаларында танымал «COFFEE BOOM» желісін Ақтауда да ашуға ниетті.
Ақтау – жағажай туризмінің орталығы! Желкенді спорт, су астында балық аулау спорты, серфинг және сапбординг спортшылары туристерге Маңғыстаудың кереметтерін тамашалауға көмектеседі. Маңғыстау облысында инвестициялық жобалар бойынша биыл жалпы сомасы 116,2 млрд теңге болатын 15 жобаны іске қосу жоспарланған. Оның көмегімен 1200-ден астам жаңа жұмыс орны құрылмақ. Бүгінгі таңда шетелдік капиталдың тартылуымен жалпы сомасы 69,4 млрд теңгеге 2 жоба пайдалануға берілді және 640 жаңа жұмыс орны құрылды. Оның бірі – «Rixos Water World Aktau». Кешеннің арнайы экономикалық аймақта орналасуы жобаның сәтті жүзеге асуына әсер етті. Маңғыстау облысындағы люкс класты «Rixos Water World Aktau» көп бейінді қонақүй кешенін салу жобасының сәтті жүзеге асырылуына оң ықпал еткен факторлардың тағы бірі – өңірде қолайлы инвестициялық ахуалдың болуы. Жаңа нысанды «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында «Sembol Construction and Engineering» компаниясы жүзеге асырды. Осылайша, арнайы экономикалық аймақтың жұмысы әлеуметтік-экономикалық нәтижеге қол жеткізді және инвестиция тартуға қолайлы алаң екенін көрсетті. Жоба құны – 60,800 млн теңге. Көп кешенді қонақүй 635 адамды жұмыспен қамтып отыр. Каспий теңізінің жағасында орналасқан кешен заманауи архитектурасы, демалысқа арналған барлық жайлылығымен туристерді өзіне тарта білді.

«Маңғыстау туристік аймағы» жобасы қарқынды іске асуда
Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымовтың төрағалығымен Маңғыстау облысында туризм саласын дамыту мәселелері бойынша кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиында өңір инфрақұрылымын дамытудың өзекті мәселелері, ішкі туризмді дамытудың драйвері болып саналатын туризм саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру және қолдау көрсету, сондай-ақ туризм саласындағы мәселелер талқыланып, оны шешу жолдары қарастырылды. Аймақта Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында «Маңғыстау туристік аймағы» іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, 2018 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың Ақтау заманауи теңіз курортына айналуы тиіс деген тапсырмасынан кейін, туризм дамуына аса зор көңіл бөлініп, өңірдің инженерлік-көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыстық инвестиция және туризмді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Тілеген Едігеевтің мәліметінше, 2020 жылдың 1-жартыжылдығының қорытындысына сәйкес, туризм саласы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 67 млрд теңгені құраған. Әлемдік брендтердің қызығушылығын, мемлекеттің қолдауын сезінген жергілікті кәсіпкерлер «Жылы жағажай» аумағында инвестиция көлемі 30,5 млрд теңгені құрайтын
жаңа 4 туристік жобаны іске асыруға кірісті. Олар: «Фламинго Резорт» демалыс базасын қайта құрылымдау; «Нұр» 5 жұлдызды көпфункционалды емдеу-диагностикалық және сауықтыру кешені; «Assyl Aktau» термалды жылы суымен демалыс базасы және «Seaside Palace» демалыс аймағының құрылысы.
Сонымен қатар демалуға келген қонақтар тек қонақүй аумағында қалып қоймай, өлкенің көз тартымды жерлерін, табиғатын, тарихи-мәдени, жерлерін тамашалау үшін туристік маршруттар анықталды. Олар: Қарақия ауданы бойынша «Бозжыра» шатқалы бағыты; Түпқараған ауданы бойынша – «Сартас» бағыты; Маңғыстау ауданы бойынша – «Көгез этноауыл» бағыты. Жиында Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдос Хамиев «Жылы жағажай» және «Сарша» курорттық аймақтары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Бүгінде Ақтау қаласының «Жылы жағажай» ауданындағы теңіз курорттық аймағын электрмен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Жобаға сәйкес бірінші кезекте «База отдыха» қосалқы станциясындағы қуаттық трансформаторлар 2х16 МВА трансформаторларына ауыстырылып, ұзындығы 10,5 км 10кВ электр желісінің құрылысы аяқталды.
Одан кейін оңтүстік бағытта ПС110/10кВ «База отдыха» қосалқы станциясынан ұзындығы 10,3 км 10 кВ электр желісі салынады. Ақтау қаласының «Жылы жағажай» ауданындағы теңіз курорттық аймағының сумен, газбен жабдықтау жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ жиында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абай Тұралханов Елбасы Н.Назарбаевтың теңіз курортын дамыту туралы тапсырмасына сәйкес қолға алынған жұмыстарды баяндады. Жиын соңында облыс әкімі С.Тұрымов өңірдегі туризм саласын дамыту туралы жоғарыдағы талқыланған өзекті мәселелер, ұсыныстар мен ескертулер бойынша мүдделі басқармалар мен мекемелерге және аудан/қала әкімдіктеріне тапсырмалар жүктеді. Сондай ақ өңірдің туризм саласын дамытудың «Жол картасын» жасақтауды тапсырды. Тапсырмалардың мерзімінде орындалуы мен іске асырылуы облыс әкімінің жеке қадағалауында болмақ. Бүкіләлемдік туристік ұйымымен Бүкілдүниежүзілік туризм күніне орай пандемия кезінде өңірге келген медицина қызметкерлерінен 478 адамның жайлы тұруына қолдау көрсеткен Ақтау қаласының 6 қонақүйі, сонымен бірге туристік жобаларын жоспарлы мерзімінде жүзеге асырып, жаңа объектілерді іске қосып, жұмыс орындарын ашқан 2 қонақүй кешеніне облыс әкімінің Алғыс хаттары тапсырылды.

Үздік ондыққа енді

«Бүгінгі күні карантин нормалары жеңілдегеннен кейін Ақтау қаласының теңіз жағалауындағы қонақүйлерде жаз мезгілінде бос орын жоқ екендігі байқалуда. Бұл – біздің өңірге деген қызығушылықтың белгісі. Ішкі туризмнің қарқынды дамуының көрсеткіші. Биылғы көктем-жаз айларында санитарлық нормаларды сақтай отырып, шілдеден бастап «Риксос Актау» қонақүйі және тамыз айынан «Холидей ИНН Актау» қонақүйі кешенінің аквапаркінің ашылғанын атап өтуге болады. Маңғыстаудан, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларынан, Атырау, Ақтөбе, Түркістан облыстарынан бірнеше адам жұмысқа қабылданып, жаңа жұмыс орындары ашылды», – деді облыстық инвестиция және туризмді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Тілеген Едігеев.
Маңғыстау туризм колледжінің базасында «Қонақүй бизнесі және мейрамхана ісі» мамандықтары бойынша Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Маңғыстау туризм колледжінің мұғалімдері тыңдаушыларға дәріс оқып, «Rixos Aktau Training Aсademy» бағдарламасымен қазақ және орыс тілдерінде ақысыз негізде «Қонақүй бизнесіне кіріспе» атты қысқамерзімді курстар ұйымдастырылды. Жергілікті тұрғындардан 1520 адам оқуын бітіріп, сертификаттарға ие болды. Айта кетейік, Ақтау қаласының аумағында 35 қонақүй, хостелдер мен теңіз жағалауында 19 демалыс базасы, 7 жағажай орналасқан. Маңғыстау облысы экономикасының шикізаттық емес секторы іс-шаралар жоспарының туризм саласын дамыту бойынша «visitmangystau.kz» сайты, инстаграм, фейсбук іске қосылды. Мұнда Маңғыстау мен Ақтаудың көрікті жерлері, туристерге қажетті барлық ақпарат енгізілген және жыл ішінде ақпаратпен толықтыру жалғастырылады. Сондай-ақ Маңғыстаудың көрікті жерлері туралы сапалы фотосуреттермен қамтамасыз ету мақсатында республикалық деңгейдегі фотографтардың қатысуымен фотоэкспедиция өткізілді. Бірегей брендбук, логотип, Маңғыстау облысының, Ақтау қаласының туристерге арналған жолкөрсеткіші, жағажай картасы, брелок, магниттер, фотокарточкалар жинағы әзірленді. Буклетте өңірдің көрікті жерлері, қызмет көрсететін мекемелер т.б. ақпараттар орналасқан.
Жазира ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ

Комментарий