Ойталқы | Разъяснения

ЫСЫРАПҚА ҚАЛАЙ ТЫЙЫМ САЛАМЫЗ?

Мектеп бітіру кешін тоқтатуға қанша оқталғанымызбен, жеме-жемге келгенде жер-жерде бірінен бірі асып түсетін салтанатты шаралар бәрібір ұйымдастырылатын. Алайда, биылғы жаңа Білім министрінің айтқаны орындала ма? Бәсекеге айналған дәстүрді қайтсек бұзамыз? Мамандардан сұрап көрген едік.

Әлия БАРХАТҚЫЗЫ, әлеуметтанушы:

– Білім және ғылым министрінің мектеп түлектері бітіру кештерін мектепте өткізсін дегенін қолдаймын. Алайда, ұсыныс жүз пайыз қолдау таппай ма деп қорқам. Өйткені, бұл ақпаратты халық жәй ғана ұсыныс деп қабылдап отыр. Егер министр мұны арнайы бұйрық ретінде шығарса, әңгіме басқаша болар еді. Дегенмен, бұл ұсынысқа қолдау білдірушілердің табылуы қуантып отыр. Мектептердің бітіру кештерін бір-бірімен жарысып өткізуі дұрыс емес. Тіпті, бұл заңсыз. Жалпы, бұл бұған дейін де талай рет айтылды. Алайда, ата-аналар бәрібір шығындалатын. Мысалы, мен мектеп бітірген үш баламның әрбіріне орта есеппен жүз мыңның үстінде ақша жұмсаппын. Сондағы ойымыз баланың көңілін қалдырмау, сағын сындырмау. Әсіресе, қыздарға көбірек шығын шығаруға тура келеді. Егер балаңыз гимназия, лицейлерде оқыса, шығын екі еселеніп кетуі де ғажап емес.

Тағы бір айта кетерлік жәйт, көпшілік мұндай шаралардың басында мектеп басшылығы тұр деп ойлайды. Алайда, мектеп әкімшілігі ата-аналарға бітіруші бала- ларға дүркіретіп той жаса деп нұсқау бермейді. Көбіне, ата-аналардың өздері салтанатты шаралардың өтуіне мұрындық болып жатады. Сол себепті, мұны тоқтату да оңайға соқпайын деп тұр. Соңғы кезде осындай шығыны көп шаралар мектеп бітіруші түлектерге ғана емес, 4-сыныптардың бастауышпен қоштасу кештерінде де көрініс тауып жүр. Ең сорақысы, мұндай даңғазалақтың кесірі көпбалалы, жағдайы төмен отбасылардың балаларына тиюде. Жалпы, бұл мәселеде мен ата-аналарды көбірек кінәлаймын. Тыйым салу керек болса, алдымен ата-анаға салу керек.

Аягүл МИРАЗОВА, Қазақстанның Еңбек Ері:

– Кезінде мектеп түлектеріне салтанатты түрде аттестат табысталған- нан кейін, балалар бірден үйлеріне тарайтын. Өйткені, олар қолдарына аттестат тиісімен оқуға тапсырамыз деп жан-жаққа кететін. Ал, қазір түлектер аттестат алғаннан кейін ҰБТ тапсыратын болғандықтан, біразға дейін бірге жүреді. Меніңше, бұл мәселе кезінде ата-аналарға ерік беріп, оларға балаларға ат- тестат бергеннен кейін балаларыңыздың мектеп бітіруін қалай тойлатамыз десеңіздер де өздеріңіз білесіздер дегеннен бастап ушығып кетті. Осыдан бастап түлектердің мектеп бітіру кешін тойға бергісіз етіп ұйымдастыру, бір-бірімен жа- рысу, қала берді банктен несие алу сияқты орынсыз ысырапшылық етек алды. Елдің жағдайы жақсы дегенімізбен, ата-аналардың жағдайы әртүрлі ғой. Біреудің жалғыз баласы мектеп бітірді немесе байдың баласы екен деп неге басқалар шығындалуы керек?! Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ысырапшылықты тоқтату керек деп айтты. Білім және ғылым министрінің мектеп бітіру салтанатына қатысты айтқан пікірі де осыған саяды.

Алайда, ендігі мәселе осыған дағдыланып қалған ата-аналар министрдің айтқанына құлақ түре қояр ма?! Көптеген мектеп директорлары ата-аналар жиналысын өткізіп, ештеңе керек еместігін айтып-ақ жатыр. Бірақ, ата-ананың көпшілігі бұрынғы ойларынан айнымай отыр. Егер олар бала менікі, өзім білемге салып тойды бастап жіберсе, мектеп басшылығы оған қой дей алмайды. Сосын, мектеп оқушыларға аттес тат бергеннен кейін олар бірден үйлеріне тарай ма, әлде шара таңға дейін жалғаса ма, осы жағын да нақтылап алу керек. Егер таңға дейін мектепте болса, олардың бәрібір шығындалуына тура келеді. Ал, аттестат алғаннан кейін бірден тарқасқан балалар орта жолда той тойлап кетпесіне тағы ешкім кепіл бола алмайды. Мұндай жағдайда жауапкершілікті кім мойнына алады? Бір сөзбен айтқанда, министрдің ұсынысы ең бірінші ата-аналарға, түлектердің өздеріне қатысты.

Сауалнаманы дайындаған Камила ӘКІМБЕКҚЫЗЫ, «Заң газеті»

 

Комментарий