Қоғам | Общество

МЕРДІГЕР КОМПАНИЯЛАРДЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІН ҚАЛАЙ АРТТЫРАМЫЗ?

Сапасы сын көтермейтін құрылыс нысандары көбейіп барады. Жаңадан салынып, қолданысқа берілгеніне көп болмаған үйлердің өздерінен апатты жағдайлар анықталып жатыр. Оларды қалпына келтіріп, іргетастарын бекіту үшін мемлекет қайтадан миллиардтап қаражат бөлуде. Сапасы сын көтермейтін үйлерді қабылдағанда мемлекеттік комиссия не қарайды? Есепсіз қаражатты жұтып жатқан сапасыз құрылыстардың сұрауы кімде?

Әбді ҚИЯЛБАЕВ, Л.Гончаров атындағы Қазақ автомобиль жолдары академиясы ғылыми-өндірістік департаментінің директоры:

– Жалпы елімізде құрылыс, жол салу кезінде оның сапалы шығып, мердігер компанияның жақсы имиджін сақтап қалудан бұрын сол құрылыстан ақша жеп, нысанды қалай болса солай салып, құрылыстан тезірек құтылуға асыққандай әсер қалдырады. Маңғыстау облысының Түпқараған ауданы Аташ елді мекеніндегі асфальт төсеу кезінде газ құбыры жол ортасында қалып қойған жағдай бүкіл республикамызға тән. Ол әлеуметтік желіге түсіп, көпшіліктің наразылығын туғызған соң халықтың назарына ілікті. Мердігер нысанды тапсырып кетіп қалған соң «іс бітті, қу кетті» деп жауаптыны таппай қалатын кездер де аз емес. Жолды салып болған соң, дәл сол жолдың астынан құбыр тарту қажет екені «естеріне түсіп» жатады. Сосын жап-жаңа жолдың астын қазып, қайтадан құбыр тартады да, жолды халық пайдаланып үлгермей жатып, быт шытын шығарып тастап кетеді. Жергілікті әкімдіктегілер ол жолды жөндеуге екінші қайтара ақша бөлмейді. Мердігер «мен жол салып бергенмін» дейді, газдың немесе су, жылу құбырын жүргізуші мердігерлер де «біз өз ісімізді жасадық» дейді. Сонымен жамаужамау жол қала береді. Ал олардың жұмысын үйлестіріп, бірінші газ, су тартып, одан соң ғана сапалы жол жүргізуді үйлестіріп отыратын жергілікті басқарушы орындар аңқаудың кейпін киіп қала береді. Былай қарасаң, осы артық ойлануды немесе соншалықты бас қатыруды қажет ететін нәрсе емес. Бірақ біздегі жұмыс істеу тәсілі осындай. Көбінесе жоба бекітілген соң екі-үш жыл жатып қалады. Ол бекітіліп, қаржы бөлінген соң, мердігер тезірек құтылуға тырысады. Ал сол аралықта жол бірінші салынып кетуі мүмкін. Бірақ қай аймаққа, газ, су тартылатыны жоспарлы түрде жергілікті шенділерге белгілі ғой. Ендеше неге үйлестіріп отырмасқа?! Сондықтан бұл жерде жергілікті әкім қаралардың жұмысының әлсіздігі деп ойлаймын.

Жұмажан ЖАҢБЫРОВ, техника ғылымының докторы, профессор:
– Рас, елімізде кейбір құрылыс нысандарының сапасы қарын аштырады. Кейбір деп отырғаным елімізде жекеменшік үй құрылыстарымен айналысып жүрген, үйлерінің сапасына халық риза болғандықтан сатып алуға ұмтылатын құрылыс компаниялары да бар. Олар өздерінің имиджі үшін жұмыс істеген соң, барынша сапалы, сәулетті қылып салуға тырысады. Сондықтан мемлекеттік бағдарламамен салынатын үйлерді аты белгісіз, осы уақытқа дейін істеген жұмыстары да көзге көрінбейтін әшейін бір мердігер компанияға сеніп тапсыра салуға болмайды. Мемлекеттік бағдарлама деп мемлекет басшысы ауыз толтырып айтқан соң, халық үміт етеді, мемлекеттік бағдарламаны асыға күтеді, соған ілінуге күш салады. Алайда, сапасы көңілден шықпайтын болған соң, уақыт өте халық мемлекеттік бағдарламаның бастамаларына күмәнмен қарайтын болады. Осылайша мемлекеттің, Президенттің бастамаларына сенімсіздік туады. Сондықтан мемлекеттік бағдарламаның атын
жамылған жобалардың барлығы көпшіліктің көңілінен шығатындай болуы керек. Мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы тиісті орындардың қадағалауында болуы қажет Жол мәселесінде де қордаланған проблема көп. Қаланың ішіндегі орталық көшелерді айналдыра бермей, сонау алыс жатқан ауылдар мен аудандардың да жолдарына көңіл аудару қажет. Халық ауылдан қашады деп ренжиміз, жолының өзі адам шошырлық жағдайда болғандықтан қашпай не істейді? Ауылға, ауыл халқына жағдай жасау назардан тыс қалып барады. Жалпы бұл мәселелерге біреу жауапты болып, жазаланып, қатаң қадағалануға алынбай, құрылыс сапасы үнемі көпшіліктің қадағалауында болмай, іс оңалмайды. Сондықтан сапасыз құрылыс үшін, құрылыс саласындағы жемқорлық үшін жазаны күшейтпей болмайды.
Сауалнаманы дайындаған Қалдыбай ДҮЙСЕМБАЕВ

Комментарий