Бас тақырып | Тема дняҚоғам | Общество

САПАСЫЗ ҚҰРЫЛЫСТЫҢ СҰРАУЫ КІМДЕ?

Елімізде жаңадан салынып жатқан құрылыстардың орта жолдан опырылып құлай салуы, пайдалануға жаңадан берілген үйлердің жыл өтпей жатып апатты деп танылуы қалыпты жағдайға айналып барады. Қарағандыдағы апатқа ұшыраған «Бесоба» ТҮК-нен соң, Алматыдағы Алғабас ықшамауданының үйлерінің бірінен соң бірі қисаюы халықтың соңғы жылдары салынған үйлердің сапасына күмәнмен қарауына ықпал етті. Бастапқыда үйдің қабырғасы қисайып, жұрт үдере көшкенде мәселеге билік араласып, құрылыс компаниясын жаңа үй салып беруге міндеттеген еді.

Одан соң апатты үйлер түгелімен сүрілетіні, ал тұрғындардың басқа үйге көшірілетіні айтылғанымен, уақыт өте үйлер жөндеуден өткізіліп, үйлердің қисаюының себебі анықталып, кемшілік жойылатыны хабарланды. 2016 жылдан бері жыр болған апатты үйлерді қалыпқа келтіруге Алматы әкімдігі 811 миллион теңге жұмсапты. Бюджеттен бөлінген қаражат топырақты тексеруге, үйлерді қалпына келтіруге және тұрғындарды уақытша көшіруге жұмсалған. Алдағы уақытта бұл мақсатта тағы қаржы бөлінуі мүмкін, себебі тұрғын үйлердің әлі мәселелері жетерлік көрінеді. Алматының Жайлы қалалық орта басқармасының мәліметінше, № 1/179 үйдің вертикал жағын қалпына келтіруге және нығайтуға 196 миллион теңге бөлінген. Қалпына келтіру жұмыстары кезінде № 1/179 тұрғын үйдің тұрғындарын уақытша орналастыру үшін төтенше жағдай аясында жергілікті бюджет резервінен 32 миллион теңге бөлініп, тағы 312 миллион теңге барлық 32 тоғыз қабатты тұрғын үйге тексеру  жүргізуге бағытталған. Тағы 271 миллион теңге 1/160, 1/161 нөмірлі үйлерді нығайтуға бағытталған. Әкімдік таратқан ақпаратқа сенсек, бұл үйлер қисаймаған. Бірақ алдағы уақытта құрылыстардың шөгуіне жол бермеу мақсатында іргетастардың негізін нығайту бойынша жұмыстар жүргізу қажет көрінеді. Айта кетер жайт – о баста 2015 жылы күзде «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша кезекте тұрған азаматтарға берілген үйлердің құрылысына мемлекеттің 459 миллион теңгесі жұмсалған екен. Уақыт өте апатты үйлердегі төтенше жағдай салдарын жоюға 811 миллион теңге жұмсалып отыр. Және бұл аталмыш үйлерге жұмсалатын қаржының соңы еместігі де айтылуда. Өйткені үйлерді жөндеу жұмыстарын осы жылдың аяғына дейін жүргізу жоспарланған. Салынғанынан жөндеуіне көп ақша кеткен үйлер алдағы уақытта үмітті ақтаса жақсы. Осынша қаржы жұмсалып жатса да, үйдің тұрғындары өздерін толық қауіпсіз сезінбейтінін, баспаналарының болашағынан қорқатынын, өздерінің, балаларының өмірі үшін алаңдайтынын айтады. Өйткені жақында осы ықшамауданның төрт қабатты үйлерінің біріндегі қабырға сылақтары опырылып түсіп, тұрақта тұрған көлікті зақымдаған. Тоғыз қабатты үйлері қисайып жатса, төрт қабатты үйлерінің сылағы құлап тұрғындардың бұл тұрғын үйлерге деген сенімі мүлдем қалмаған. Ең өкініштісі – соңғы жылдары халық көп сын айтып, қисайып жатқан үйлер мемлекеттік бағдарламаға тиесілі баспаналар. Яғни халықтың мемлекеттік бағдарламалар арқылы мемлекеттік бастамаларға деген сенімі жоғалуда.
Мақала жазу барысында Зерделі (бұрынғы Алғабас) ықшамауданына арнайы бардық. Жаздай жөндеу жұмыстары кезінде үйлерін тастай қашқан тұрғындар, қазір баспаналарына қайта оралып тұрып жатыр. Есіктің алдында отырған үлкендерді сөзге тарттық. Атын айтудан бас тартқан үлкен апа «әкімдік өкілдері шулата бермеңіздер, шетінен істеп береміз» деген соң, тынышталып отырмыз. О баста үйлерді салып жатқанда топырағы нығыздалмаған, соның салдарынан үйлер қисайған деген шешім шықты ғой. Бірнеше үйдің астын қазып, бетондап жөндеу жұмыстарын жасады. Мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлер мемлекеттің бақылауында болғандықтан сапасы қадағаланар деп ойлап едік. Керісінше сапасы сын көтермейтінін, қадағалау комиссиялары жергілікті басқарушы орындардың айтқанынан шықпайтынын, жемқорлық араласып, үйлер сапасыз салынатынын байқап отырмыз. Сонша жыл күткен үмітті ақтамағаны өкінішті. Әкімдіктің балалары істеп береміз деп жатыр ғой, артын күтейік деп отырмыз» дейді. Тағы бір тұрғынды әңгімеге тарттық.
Руслан ЖАЙЛАУБАЕВ, Зерделі ықшамауданының тұрғыны:
– Ипотекама айына 75000 теңге төлеймін. Жиырма жылға алғанмын. 69 шаршы метр, екі бөлмелі үйді 17 млн теңгеге алдым. Бұл жердегі тұрғындар көбісі мемлекеттік бағдарламамен келсе, өзім бес жылдай тұрғын үй басқармасында кезекте тұрып, Қазақстан ипотекалық компаниясы арқылы алдым. Өкінішке қарай, үйді алған соң 2008 жылы жұбайыммен ажырасып кеттім. Екеуіміз екі жаққа кеткен соң, үйді сатуға тырысқаныммен, үйлердің қисаюынан соң бұл үйлердің бағасы қатты түсіп кетті. Тіпті ешкім қызығып сұрамайды да.

Шынында да, қазір сапасы сын көтермейтін құрылыстардың салдарынан халықтың жаңадан берілген үйлерге күмәні де жоғары, сенімі қалмаған. Сондықтан қазір халық жаңа үйлерден гөрі, салынғанына 20-30 жыл болған үйлерді сатып алуға ынталы. Тұрғын үй ғана емес, қарапайым жол салу ісін де қатырмай отырмыз. Өйткені қаланың орталығындағы көшелер теп-тегіс болып жатса да, жыл сайын жаңарып, былтыр салынған жолды биыл қопарып, орталықтан алыс жатқан ауылдар мен аудандардың көшелері тәуелсіздік алған отыз жылға жуық уақыт ішінде бірде-бір рет жөндеу көрмесе де, үлкен қалалардың шеткі көшелері балшыққа батып жатса да, қаланың орталық көшелерін жылда жөндеуден өткізу үйреншікті әдетке айналған. Өткен аптада ғана Маңғыстау облысында асфальт салған құрылысшылар күлкіге қалды. Жаңадан салынған асфальттың тура ортасында газ құбыры жүргізілген сурет әлеуметтік желіде талайлардың наразылығын туғызды. Өкініштісі – сол қисайған баспаналармен қалай болса солай салынған жолдар мен былтыр салынып биыл қайта қырылған жолдар үшін ешкім жауап беріп, жазаланып жатқан жоқ. Бұл сорақылықтың жыл сайын қайталана беруі де – осыдан. Мемлекеттің қаржысына салынған нысандардың, жолдардың сапасына кім жауап береді?

Мырзабек БЕКБЕРДІ, заңгер:
– Расында да, қазір мемлекеттің бюджетімен, мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлерден гөрі жекеменшік компаниялардың, түрік компанияларының салған нысандары сұранысқа ие. Өйткені мемлекеттік бағдарламамен салынатын үйлер – жергілікті басқарушы орындардың қадағалауында. Сәйкесінше ол нысанның құрылысын жүргізуді де әкімдікте тамыр-танысы бар адам ұтып алады. Сосын сыбайлас жемқорлыққа жол беріп, мемлекеттің бюджетін талан-таражға салып, құрылысты қалай болса солай жүргізеді. Өйткені нысанды қабылдап алатын әкімдікте танысы бар. Болмаса «бармақ басты, көз қыстымен» құрылысты қабылдап алуға көндіреді. Жеңілдікпен беріліп жатқан үй болғандықтан, тұрғындар да артық талаптарын қоя алмай тұрғын үйге кіріп алады. Қазір мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлердің барлығында кемшіліктер жетерлік. Сондықтан мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлердің құрылысына жергілікті әкімдіктегілер басымен жауапты болуы керек. Қандай да бір сапасыздық байқалса, ол мердігер енді құрылыс жүргізу құқығынан айырылып, әкімдіктегі жауаптылар орнынан кетуі керек. Әйтпесе сапасыз құрылыс қоғамымыз үшін қалыпты жағдайға айналып барады.
Қалдыбай ДҮЙСЕМБАЕВ

Комментарий