Бас тақырып | Тема дня

ЖОЛ САЛУ МА, ҚАРЖЫҒА ҚОЛ САЛУ МА?!

«ЖОЛ АЗАБЫН ЖҮРГЕН БІЛЕР» ДЕГЕН ХАЛЫҚ ТӘМСІЛІ БЕКЕР АЙТЫЛМАСА КЕРЕК. ЖҮРЕТІН ЖОЛЫҢ НАШАР БОЛСА, БАРАТЫН ЖЕРІҢЕ УАҚЫТЫНДА ЖЕТЕ АЛМАЙ, КӨЛІГІҢ СЫНЫП, ЖОЛ АЗА- БЫН ТАРТАРЫҢ АНЫҚ. БҰЛ РЕТТЕ ЕЛІМІЗДЕ ЖОЛ САЛУҒА, ЖӨН- ДЕУГЕ ЖЫЛ САЙЫН МИЛЛИАРДТАП ҚАРЖЫ БӨЛІНІП ЖАТСА ДА, САПАСЫ СЫН КӨТЕРМЕЙТІНІ БАҚ БЕТТЕРІНДЕ АЙТЫЛЫП ТА, ЖАЗЫЛЫП ТА КЕЛЕДІ.

Елге сүйіншілеп айтатын Батыс Еуропа – Батыс Қытай автокөлік дәлізінің пайдалануға берілгеніне бірер жылдың ғана жүзі болды. Бірақ, оның ой-шұңқыры он жыл қолданыс та жүрген жолдармен теңдей. Әсіресе, Алматы облысының аумағында оның бұрылысы көп болуы көлік апаттарына себеп болуда. Тау-тассыз, өзенсіз, көлсіз жазық аймақта не үшін осындай ирек-ирек жол салғандары белгісіз. Күз бен қыстың тайғанақ күндері жол жиегіндегі темір қоршауларға соғылу оқиғасы өте жиі болатынын көзіміз көріп жүр. Жақында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар, Алматы, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарына іс-сапармен барғанда да аталмыш аймақтардың әкімдеріне жолдарды жөндеу жөнінде қатаң тапсырма берді.

Мәселен, Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновке санамалап тұрып 5 міндет жүктесе, соның үшіншісінде осы облыс аумағындағы жолдардың 70 пайызы сын көтермейтінін қадап айтты. Сонымен қатар, халықтың 45 пайызы ғана орталықтандырылған ауыз сумен қамтылғанын сынға алды. Мұндай кемшіліктер Павлодар, Қызылорда облыстарында да бар. Өндірісті өңірлерде осындай кемшіліктерді түзей алмай отырғанда, Алматы облысында да жолы ойқы-шойқы, ауыз судың жетіспеушілігі және жоқ емес. Жергілікті жолдардың сапасы сын көтермейтінін тілге тиек еткен Президент облыс әкімі Амандық Баталовқа 2025 жылға дейін апатты автожолдарды кезең-кезеңімен қайта құрылымдаудан өткізудің жоспарын жасауды тапсырды. «Облыс аумағынан өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізінің іске қосылуы өңірдің ғана емес, еліміздің экономикасына да серпін қосады.

Алайда, аймақтағы ішкі жолдардың сапасы сын көтермейді. Қазіргі күні облыс жолдарының 22 пайызы күрделі жөндеуді қажет етеді», – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы атап өткен аймақтағы ішкі жолдардың ұзындығы 6138,6 шақырымды құрайды. Бұл облыстағы 17 аудан мен 2 қаланың тіршілігіне жан бітіріп тұрған қатынас жолы. Жалпы, Алматы облысында жергілікті маңыздағы жолдарды салу мен жөндеуге жыл сайын 30 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп келеді екен.

Ал, осы жылы ішкі жолдардағы қауіпсіз жəне үзіліссіз қозғалысты қамтамасыз ету мақсатына 17 359,815 млн теңге қарастырылған. Оның ішінде, 6 374,117 млн теңге республикалық бюджеттен, 10 985,698 млн теңге жергілікті бюджеттен бөлініпті. Осы қаржыға аймақтағы 23 шақырым жолды қайта салу мен жаңғырту жұмыстары басталып кеткен. Бұл ресми мəлімет. Ал, шын мəнінде осы жолдармен жүрген адам оның сапасының қаншалықты екеніне көз жеткізеді. Мəселен, жақында Құлжа күре жолымен Райымбек ауданына бардық. Осы жолдың Талғар, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек аудандарына қарайтын шақырымдарының ойылып қалған тұстарын көп кездестірдік.

Яғни, 10 шақырым дұрыс жол болса, ары қарай 15-20 шақырым ойылған, бұзылған жерлер. Амалсыз жылдамдықты төмендетесің, əйтпесе көліктің бір тетігіне зақым келіп, жол апаты орын алары анық. Әсіресе, осы күре жолдың Көкпектен өткеннен ке йінгі тұсы ой-шұңқырға айналған. Бұл жөнінде біз «ҚазАвтоЖол» ҰК-ның Алматы облысы бойынша директоры Жаңабай Нағымұлына хабарласқанбыз. Оның айтуынша, жолдың осы бөлігін өткен жылы «Алматы-Инженеринг» фирмасы жөндеуден өткізген екен. Басшы бір кемшілік кеткенін мойындап отыр. «17 шақырым жол көктем шыға қатты бұзылды, енді олар өздері жөндейді», – дейді басшы.

Сонда олар сол жолдарды қабылдап алғанда сапасын неге дұрыстап тексермеген..? Сонымен қатар, Кеген ауданы- ның Ақсай ауылынан Кеген асуына қарай түзу асатын асу жолдың құрылысы 2017 жылы басталған болатын. Бұған Кеген мен Райымбек ауданының халқы қуанған. Себебі, сай ішіндегі шұрық-тесік жолдың азабын олар біледі. Міне, осы тура асатын жолдың ұзындығы 11,3 шақырым ғана екен. Не керек, «ҚазАвтоЖол» ҰК Алматы облыстық филиалы бас болып, «Изета» компаниясымен бірігіп 3 жылдан бері халық күтіп отырған асу жолын бітіре алмай келеді. Негізі қарапайым логикаға сүйеніп есептесек, бір күнде бір метр жерге асфальт төсесе де, жол құрылысын аяқтайтын уақыттары болды. Жалаң қолмен салып жатқан жоқ, ауыр техникалары да бар. Сонда келісімшартта уақыттары көрсетілмей ме, түсініксіз..? Негізі, тəуелсіз сарапшылар қаржыны осылай жылдарға бөліп, кезең-кезеңімен игеру қаржы жымқыруға қолайлы деген пікірде. Бұл енді арнайы тексеруді қажет ететін мəселе…

Нұрболат СҰЛТАНҒАЗИЕВ, «Заң газеті»

 

Комментарий