Қоғам | Общество

Праймериз: Кандидаттар халықтың әл-ауқатын арттыруға қалай атсалыспақ?

Соңғы уақытта қызу талқыға түскен праймериздің мәреге жетуіне аз уақыт қалды. 1 қазаннан бастап саяси додада бақ сынағандарға дауыс беру басталады. Партияішілік бәйгеде оза шапқандар қандай мәселе көтереді? Олар халықтың әл-ауқатын арттыруға, өмір сүру сапасын жақсартуға қалай атсалыспақ? Біз бұл сұраққа  жауап іздеп көрдік.

Аламанға Алматы қаласы Алатау ауданынан қатысып жатқан Нұрымбек Тау өз бағдарламасында денсаулық, жұмыссыздық және білім беру мәселесін көтермек. Кәсіпкер өркениетті дамыған елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, жұмыссыздықты түбегейлі жою керек деп есептейді. Айтуынша, қазіргі уақытта шетелде білім алып жүрген жастарды өз мемлекетімізге тартып, жұмыспен қамту қажет. Ал елдегі жастарды шетелдік компанияларға тәжірибеден өтуге жіберіп, олардың біліктілігін арттыруға, жаһандану заманында бәсекеге қабілетті маман атануына атсалысқан абзал.

Ал Әуезов ауданынан қатысатын Қасымов Ерболат өз бағдарламасында сегіз бағытты ұсынып отыр. Ол алдымен экология мәселесін жолға қою қажет деп санайды. Додадан іріктелген жағдайда Алматыдағы ЖЭС 2 және барлық ЖЭС, оның ішінде Алматы облысында орналасқан ЖЭС газға айналдыруды жеделдету, қала тұрғындарына жаңа автокөлік сатып алу үшін төмен пайыздық мөлшерлемемен жеңілдікпен несиелеудің бағдарламасын әзірлеу сынды жобаларды және экология төңірегіндегі басқа да істерді жүзеге асырмақ.  Екі жарым жыл депутат болған кандидат денсаулық, қала қауіпсіздігі,  көлік қозғалысы мен шағын және орта бизнес, құрылыс пен тұрғын үй саясаты жән коммуналдық шаруашылық, сондай-ақ білім мәселесін қарастыруды көздеп отыр.

Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжінің директоры Тайтулеев Төлеуғали партия іріктеуіне Әуезов ауданынан қатысып жатыр. Білім беру саласында 37 жыл қызмет еткен кандидат аудан тұрғындарының түйткілді мәселелерін шешуге атсалысқысы келетінін айтады. Ол тек өз саласында ғана емес, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, экология тұрғысында тұрғындарды мазалайтын басқа да проблемалардың шешімін табуға әзір. Тайтулеев Төлеуғали техникалық-кәсіби білім беру жүйесіндегі педагогтардың жұмыс мүмкіндіктерін жақсарту жөніндегі жаңа бастамаларды ұсынуды жалғастыра бермек. Ол мемлекеттік басқаруға үкіметтік емес ұйымдарды тартуды, яғни, мемлекеттік және квазимемлекеттік секторға қоғам бақылауын орнатуды басты назарға алмақ.

Ал Медеу ауданы медициналық бірлестігінің координаторы, «№5 қалалық клиникалық ауруханасының» бас дәрігері Садықов Болаттың бағдарламадағы негізгі бағыттары денсаулық сақтау жүйесіндегі мәселелерден басталады. Одан бөлек, медицина маманы аз қамтылған және көпбалалы жанұялардың, мүгедектер мен ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың, сондай-ақ, қарттардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жұмыс істемек. Ол жастарға қамқорлық танытуды, аналар мен репродуктивті денсаулықты қорғауды, ұстаздар мен мектепке дейінгі тәрбиелеу жүйесінің қызметкерлеріне қолдау көрсетуді, шағын және орта бизнесті дамытуды көздейді. Садықов Болат инфрақұрылымды дамыту, тұрғындарға өмір сүруге қолайлы жағдай жасау, атап айтқанда, аулалар мен жолдарды жөндеу, балалар алаңы мен спортпен айналысуға арналған орындарды әзірлеу, жарықтандыру жүйесін орнату сынды істерді жүзеге асырамын деген ниетте.

Комментарий