Бас тақырып | Тема дня

БҰЛ «СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ» БҰРЫНҒЫДАН ӨЗГЕРЕК…

Елімізде жыл сайын 130-150 мың оқушы мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басады екен. «Баласы атқа қонса, анасы тақымын қысады» демекші, баланың мектеп бітіруі, әсіресе, ата-аналар қауымы үшін аса үлкен сынақ. Бір жыл бойы перзентінің ҰБТ-дан сүрінбей өтуін құдайдан тілеген ата-аналар оқу жылы соңына қарай «енді мектеп бітіру кешіне қайдан ақша табамыз?» деп уайымға батады. Бұл жағдай қанша жылдан бері қайталанып келе жатқанын дөп басып айту қиын. Десек те, еліміз тәуелсіздік алғанға дейін мектеп бітіргендер дәл бүгінгі түлектердей аста-төк кештер жасамағанын айтады.

Мұндай «дəстүрдің» бар екенін жуырда ҚР Білім жəне ғылым министрі Күлəш Шəмшидинованың өзі де растады.

«…Бұл мəселе жыл сайын көтеріледі. Бұрыннан келе жатқан жақсы бір дəстүр бар: түлектердің кештері мектеп аумағында өтеді. Онда мұғалім мен оқушы, түлектер арасында шынайы, емен-жарқын əңгіме болады. Бірақ, өкінішке қарай, соңғы кезде мектеп бітіру кештері бəсекеге айналды», – деп Үкімет үйінде мəлімде- ген Білім жəне ғылым министрі республикада мектеп түлектерінің кешін ұлан-асыр тойға ұластыру ысырапшылық болатынын түсіндіріп, мұның бір ұшы балалардың қауіпсіздігіне қатысты екенін де қадап айтты. Осылайша, бас ұстаз бір ауыз пікір білдіруі мұң екен, еліміздің түкпір-түкпірінде мектеп бітіру кешінен бас тартқан оқушылардың қатары күн сайын көбейе түсуде. Мəселен, бірер күн бұрын Алматы облысы Талғар ауданы Бірлік ауылындағы №35 мектеп-гимназиясының, Текелі қаласы №4 мектебінің, Алматы жəне Нұр-Сұлтан қаласының бір топ 11 сынып оқушылары басы артық шығынды қажет ететін мектеп бітіру кештерін өткізуге қарсылықтарын білдіріп, əлеуметтік желі арқылы «мектеп бітіру кешінде қымбат көйлек киіп, лимузин жалдап серуендеуге қарсымыз» деген мазмұнда бейне роликтерін жарияласа, артынша Түркістан облысындағы 25 мыңға жуық мектеп түлегі бір ауыздан биылғы «тойжарысқа» қатыспайтындықтарын мəлімдеді.

Түркістан облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықова бұл ата-аналардың қалтасына түсетін салмақты жеңілдету ғана емес, сонымен қатар, мектеп түлектерін алдағы маңызды сынақ алдында алаңдатпаудың қамы екенін айтты. Жалпы, əлеуметтік желі арқылы тараған ақпаратқа қатысты пікір қалдырған оқырмандардың ойы екіге жарылып отыр. Бірі бұл бастаманы толық қолдайтынын айтып, алғыстарын жаудырса, келесілері түлектердің кешін барынша сəн-салтанатқа сай өткізу қажет дейді. Ал, кейбір бейресми ақпарат көздеріне сенсек, мектеп бітіру кешіне ақша жинау науқаны бұрынғыдай қарқынмен жалғасып жатқан көрінеді. Бірақ, бұл жолы жиналған қаражат балалардың мектеп қабырғасында соңғы рет ойнап күліп, көңіл көтеруі үшін емес, қайырымдылық шараларына жұмсалмақ. Қалай десек те, мұны халық білім саласындағы ауыс-түйістен кейінгі жағымды жаңалықтардың біріне жатқызып отыр. Ауыс-түйіс демекші, өткен жылдары еліміздің бас ұстазы Сағадиевтің тұсында мектеп бітіру кештері нағыз бəсекенің бəйгесіне айналып кеткен еді. Бірінен-бірі асып түсетін кештерді ұйымдастыруды кейбіреулер тəп-тəуір табыс көзіне айналдырып алған болатын.

Мысалы, өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласын- дағы № 64 лицейдің түлектері бітіру кештерін анау-мынау емес, Түркияда өткізетіндіктерін айтып мақтанған-ды. Әр балаға 140 мың теңгеге Түркияға жолдама алып берген ата-аналар балаларының қуанышын тойлатуға шығындалғандары сонша салтанатты кешті бейнетаспаға түсіру үшін бірнеше жылжымалы заманауи кран жалдап, бас ұстаз Сағадиевтің өзін таңдай қақтырды. Ең қызығы, былтырғы жылдың ең мықты мектеп бітіру кешіне өзге емес, Білім министрінің өзі қатысып, түлектерге игі тілектерін жаудырған еді. Ал, енді жағдай басқаша болатын түрі бар. Биылғы бітіруші түлектер өздерінің қоштасу кештерін қымбат мейрамханаларда емес, мектептің өзінде өткізіп, бұйыртса ата-аналар басы артық шығын шығармайтын болады. Балам мектеп бітіретін еді деп қарызға батып, тіпті банктен несие алатындар да азайып қалатын сияқты. Ақпарат көздеріне қарағанда, 12 маусымда 11 сынып оқушылары аттестаттарын алғаннан кейін қарапайым салтанатты шараға қатысып, одан соң оқу орындарына құжат тапсырудың қам-қарекетіне кіріседі деген үміт зор.

Камила ЫСҚАҚОВА, «Заң газеті»

Комментарий