Жаңалықтар | Новости

Бүгін заңгерлер қауымдастығының кәсіби мерекесі

30 қыркүйек – Қазақстанның әділет органдары қызметкерлерінің күні. Осы дата еліміздің бүкіл заңгерлер қауымдастығы үшін кәсіби мереке, деп хабарлайды zakon.kz.

Қазақстанда бұл мереке Президенттің Жарлығымен 2012 жылдың 28 тамызында ресми түрде бекітілді. 30 қыркүйектің таңдалып алынған себебі 1919 жылы дәл осы күні Қазақ өлкесін басқару жөніндегі әскери-революциялық комитет әділет департаментін құру туралы қаулы қабылдаған. Кейін әділет бөлімі Әділет халық комиссариатына айналды. 1946-1949 жылдары Қазақ КСР-нің атқарушы билік органдары қайта жасақталып, құрылды, нәтижесінде 21 одақтық-республикалық министрліктер құрылды. Соның ішінде Қазақ КСР Әділет министрлігі де бар.

Қазіргі уақытта Қазақстанның әділет органдары өз құзыреті шегінде мемлекет қызметін құқықтық жағынан қамтамасыз ететін, мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың жұмысында заңдылықты қолдайтын, азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ететін атқарушы билік органдары болып табылады.

Комментарий