Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Халық медиацияның тиімділігіне көз жеткізді

Медиация, медиатор ұғымдарына халықтың құдағы да, көзі де үйренді. Бүгінде «Медиация туралы» заңды қалқан етіп, дау-дамайын бейбіт келісіммен шешіп жатқан азаматтар баршылық. Әсіресе «Татуластырушы судьялар» тәжірибеге қосылғалы бері медиативтік келісімдердің көбейгенін айта кеткен жөн.

Қалай айтсақ та, азаматтар өз құқығын тек сот арқылы қорғауға әбден үйренген. Жылдар бойы қалыптасқан бұл түсінікті бір сәтте өзгерту әрине оңай емес. «Медиация туралы» заңның да алғашқы кезде қарапайым халық тарапынан кең қолдау таппауының сыры осында. Басында медиаторларға да сенім білдіре қоймаған азаматтар тек сот тарапынан жүзеге асырылған кең көлемді насихат жұмыстарының арқасында жаңа институттың тиімділігіне бірте-бірте көз жеткізді. Дегенмен, медиаторлардың тізімі бекітіліп, арнайы медиация кабинеттері ашылғанымен, ауыл ақсақалдары, билер кеңесі бітімгершілік үрдісіне атсалысқанымен көптеген азаматтар істің нүктесін бәрібір сот қойғанын, соңғы сөзді тек судья айтқанын қалайтын. Осыған орай, заңнамаға өзгеріс енгізіліп, тәжірибеге татуластырушы судья лауазымы енгізілді.

Татуластырушы судьяларды таңдаудың өзіне ерекше мән беріледі. Бұл жұмыс тек тәжірибесі бай, сот саласында ұзақ жылдан бері қызмет еткен, ең бастысы, өз тәжірибесінде неғұрлым көп бейбіт бітімге қол жеткізген қазыларға ғана жүктелді. Сонымен бірге мұндай таңдаулы судьялардың сөзге шешен, өз пікіріне ұйыта білетін қабілеті де болуы маңызды. Өйткені дауласып отырған жандарды татуластыру үшін өз сөзіңе сендіре де, мойындата та білуің керек.

Азаматтық іс жүргізудегі бұл жаңа тұлға соттың тараптарды татуластыруға белсенділігін арттырады және оның қызметі белгіленген іс жүргізу нормалары бойынша дауды кәсіби шешуге жол ашады. Татуластырушы судьяның басты міндеті – қос тараптың ақылға қонымды және өзара тиімді шешімге келуіне көмектесуге негізделген. Мұндай институт сот рәсімдеріне жұмсалатын шығындарды азайтып, соттардың жүктемесін төмендетеді, сондай-ақ азаматтардың уақытын оңтайлы пайдалануға ықпал етеді.

Жақында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған “Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, татуластыру рәсімдерін қолданудың мүмкіндіктері кеңейіп отыр. АПК-ға енгізілетін түзетулерге сай, медиатордың мәртебесі мен медиация механизмін процестік реттеу, судьялардың медиацияны жүргізуі және медиация туралы келісімді бекіту рәсімдері заңдық шешімін тапқан. Соған орай, талап арыз келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде татуластыру рәсімдерін жүргізуге болатыны заң жүзінде бекітілді. Осылайша, татуластырушы судья

қалыптасқан жағдайды объективті бағалап, оның ішінде: жанжалға қатысушылармен және басқа адамдармен келіссөздер жүргізе алады; істің материалдары мен құжаттарын зерделей алады; дауды аяқтау және іскерлік қатынастарды сақтау үшін іс-әрекеттер бойынша ұсыныстар бере алады, яғни іс жүзінде дау тараптарына оны шешу бойынша ұсыныстар әзірлеуге көмектеседі. Бұл даулы мәселені сот қабырғасында шешуге мүмкіндік береді.

Осыдан көріп тұрғанымыздай татуластыру тетіктері, дауларды медиациямен бітіру мүмкіндіктері жыл өткен сайын жаңғыртылып, кеңейіп келеді. Мұның өзі азаматтардың әуре-сарсаңын азайтып, құқықтық мәселелерін оңтайлы шешуге деген шынайы жанашырлықтан туған әрекет.

Ғалия Әбимұрат,

Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 сотының судьясы

Комментарий