Қоғам | Общество

ДӘРІГЕ ЗӘРУ СЫРҚАТТАР СЫРТТАН КӨМЕК КҮТУДЕ

ӘЛЕМДІК СТАТИСТИКА КӨРСЕТКЕНДЕЙ ЭПИЛЕПСИЯМЕН АУЫРАТЫН НАУҚАСТАРДЫҢ ТӨРТТЕН ҮШІ 18 ЖАСҚА ТОЛМАҒАН ЖАСӨСПІРІМДЕР. ҚАЗАҚСТАН БОЙЫНША 45 МЫҢ АДАМ ЭПИЛЕПСИЯМЕН АУЫРАДЫ, ОЛАРДЫҢ 40%-Ы БАЛАЛАР.

Эпилепсияның түрі көп, ұстамалардың – есінен тану, дірілдеу, ауыздан көбік ағу, көгеріп кету сынды белгілері бар. Осындай жағдайда бірден дәрігердің тексеруінен өтіп, керек дәрі-дәрмектерді қабылдау өте маңызды. Себебі, бұл аурумен сырқаттанған науқастар, дәрісіз қалыпты өмір сүре алмайды десек те болады. Дәрі-дәрмек ұстаманың алдын алуға көмектеседі. Қазақстанда эпилепсиямен ауыратын науқастарға берілетін тегін 6 түрлі дәрі бар. Бірақ бұл дәрілер біреуге көмектессе, біреуге мүлде әсер етпейді. Сол себепті бұл аурумен сырқаттанған балалардың ата-аналары керек дәріге шет елге тапсырыс беруге мәжбүр. Әрине бұл арзанға соқпайды. Ал қазір пандемия кезінде бұл тіпті қиындық туғызды дейді ата-аналар. Дәрінің де, тапсырыспен жеткізудің де бағасы қымбат. Тіпті кейбір елден қажетті дәріні алдыру мүмкін емес. Бұл үлкен мәселеге айналуда, себебі науқас дәрісін уақытылы қабылдамаса денсаулығы нашарлайды.
Төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап, Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселені бір жақты қыламыз деп уәде берген еді, содан бері міне 5 ай өтті, әлі түйіні шешілген жоқ. Күні кеше балалары эпилепсиямен ауыратын бір топ ата-ана Алматы қаласындағы орталық цирктің алдында жиналып, өздерінің мәселелерін айтып, үкіметтен көмек сұрады. Сырқаттанған баланың дәрі-дәрмегіне шамамен 40–75 мыңның арасында қаражат кетеді. Бұдан бөлек науқас баланы уақытылы массажға, дәрігерге қаратуға, тамаққа ақша керек. Әлбетте мұндай сомманы ешкімнің қалтасы көтере бермейді. Шарасыз ата-аналардың бұл өтінішіне Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов былай деді: «Бұл дәрі-дәрмектер Қазақстанда тіркелмеген, өйткені таралымы аз. Өздеріңіз білесіздер, бізде қатаң тәртіп бар, бір адамға ғана керек дәріні біз тіркей алмаймыз, себебі бұл оңай іс емес» – деп жауап берді. Денсаулық сақтау министрлігі бұл істі қолға аламыз деп сендірді. Бірақ нақты уақыты белгісіз.
Перизат АБДРАЛИНА

Комментарий