Бас тақырып | Тема дняЭкономика

ХАЛЫҚТЫ НЕСИЕ ҚЫСЫП БАРАДЫ

Несие мен қазақ егіз ұғымға айналғалы қашан?! Карантиндік жағдайдың енгізілуі ең алдымен осы несиесі бар жандарға ауыр соқты. Жұмыс орындары тоқтап, кейбірі жабылып жатқанда ай сайын келетін кесте «несиелі» талайды тіпті титықтатты. Алғашқы кезде Үкімет несие төлеу мерзімін кейінге шегерткенімен, банктер сол мерзімнің пайызын қосып, соңғы айлардағы қарыз мөлшерін тіпті ұлғайтты. Бұл өзгерістер карантинге байланысты жұмысынан қысқарғандарды тығырыққа тіреді.

Қазір алғаш болып, банктерден несие төлеу мерзімін шегерту алған жандардың межелі уақыты бітті. Алайда табыс көзінен айырылып, карантин әлеуметтік жағдайына елеулі әсер еткендер әлі де несиесін төлей алмай отыр. Бүгінде ресми деректер несиесін қайтара алмай отырғандар санының көбейгенін растауда. Сол себепті, қаржы институттарының проблемалық несие портфелі шегінен асып кеткен. Ал соңғы сегіз айда кредиттерін 90 күннен астам төлемегендердің қарызы 120 миллиард теңгеге жетті. Осылайша, 8 айдың ішінде проблемалы несиелік портфель 10 пайызға артып, бас-аяғы 1 трлн 32 млрд теңгеге жеткен. Алдағы уақытта бұл дерек бұдан әрі де өсе түсуі мүмкін. Өйткені несиесін өтей алмай жүрген азаматтар әлі де банктерден төлем уақытын 3 ай мерзімге шегеруге өтініш беруде.
Осы орайда сарапшылар банктерді банкроттықтан, ал азаматтарды кредиттен құтқарудың бірден бір жолы – несиенің пайыздық мөлшерлемесін төмендету дейді. 2019 жылы Қазақстанның кредиттік жүйесіне бұрын кредит алмаған 580 мың жаңа қарыз алушы енген. Олар барлығы 176 млрд теңгеден астам сомаға несие алған. Жалпы 9 млн қазақстандықтың несие тарихы бар болып шықты. Қазақстандықтардың басым бөлігі, шамамен 76%-ы той жасау үшін және тіпті жерлеу рәсімдерін өткізу үшін несие алған. Статистикаға сенсек, Қазақстанда үйлену тойларының 80%-ға жуығы несие қаражатымен жасалған болып шықты. Қазақстанда экономикалық белсенділік төмендеп, коронавирус дағдарысының әсері қатты біліне бастаған тұста «кедейлену» тренді барлық өңір  де байқалды. Індет кезінде Қазақстанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз адамдар саны 5,7 пайызға артқан.
Жалпы елімізде табысы күнкөріс деңгейінен аз 1,1 миллион адам бар екен. Яғни елімізде кедейлер көбейген. Бұл туралы статистика комитетінің дерегін зерттеген аналитикалық Finprom сайты хабарлады. Ақпарат бойынша, кедейлер саны жағынан Түркістан 12,8% көрсеткішпен алдыңғы орынға шықса, Солтүстік Қазақстан облысы 7,4%, Жамбыл облысы 6,9 пайызбен одан кейінгі орындарға жайғасқан. Нұр-Сұлтан 1,4%, Қарағанды 2,4%, Атырау 3,1% пайызбен көрсеткіштің соңғы орындарына жайғасқан.Алматы мен Шымкентте де тұрғындардың табысы былтырғымен салыстырғанда азайған. Мәселен Алматыда кедейлік деңгейі былтыр екінші тоқсанда 2,6 пайыз болса, биыл 6,2 пайызды құраған. Ал Шымкентте былтыр 3,1 пайыз болса, биыл 6,4 пайызды құраған. Несиесін төлей алмай отырғандардың бірі Жәнібек Әлімқұлов. Келіншегі үш баласымен үйде. Ең кішкентайы төрт айлық болғандықтан әзір жұмысқа да шыға алмасы белгілі.
Жәнібек ӘЛІМҚҰЛОВ, Алматы қаласының тұрғыны:
– Базарда құрылыс заттарын сататынмын. Көктем бойына базарлар жабық болып жұмыс істей алмадық. Сол уақытта несиені шегертіп едім. Қазір жұмыс істеп жатқанымызбен әлі төлей алар емеспін. Өйткені халық құрылыс жүргізуге, үй салуға құлықсыз. Бұрын несие алып болса да үй салатын. Қазір қимылдауға қорқып қалды. Мына індеттен құтылсақ болды деп бас амандығын ойлап отыр. Күнделікті тапқаным отбасымның ішіп жемінен артылмайды. Халық майда шүйде құрылыс заттарын ғана алатын болған. Бұрынғыдай ірі сауда жоқ. Балалардың керек жарағына ақша таппағанда келіншегім алтындарын ломбардқа өткізіп жіберді. Басқа жұмыс іздегенмен қазір жұмыс та жоқ. Не істерімді білмеймін. Әйтеуір үйім барына шүкір. Әйтпесе пәтерақымен
тіпті қиналар едім.

Төлем қабілетіне орай банктер несие беруден бас тартқан соң енді халық пайызы ынсапсыз онлайн несиелерге жүгінуде. Жақында Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов онлайн-несие беретін компанияларға тексеріс жүргізу керектігін айтты. «Төтенше жағдай мен карантин кезінде табыс көзінен айырылған біршама азаматтар несие алуға мәжбүр. Мұны микроқаржы ұйымдары, ломбардтар, онлайн-несие беретін компаниялар өз пайдасына шешуде. Мысал келтірейін: «Кредит 24» компаниясының үстемақысы 56 пайызға дейін барады. Егер 100 мың теңге алсаңыз 27 150 теңге үстемақы төлейсіз. Ал төлем уақытынан кешіккен әр күнге 3000 теңге көлемінде айыппұл жүреді. Мені таң қалдыратыны – Қаржы нарығын дамытуды қадағалау агенттігінің шарасыздығы. Бұл мәселе қазір коронавирустан да қауіпті», – дейді Мәжіліс депутаты. Оның айтуынша, келісімшарт бойынша қарыз алушы бірінші кезекте ұйымның сыйақысы мен басқа да үстемақыларын төлеу керек. Сосын барып негізгі қарызға көшеді.

Қазбек ДӘУІТӘЛІ, ғалым:
– Халықты дәл қазір несиенің құлдығынан құтқармасақ болмайды. Халықтың әлеуметтік жағдайы өте нашар. «Жеке тұлғаларды банкроттау туралы» заң қазір Ресейдің өзінде іске асып жатыр. Олар ипотекалық несиелерді 6 пайызбен беруге көшті. Ал Еуропада халықтың әлеуметтік жағдайына алаңдаған мемлекет әлдеқашан осындай шешім шығарған. Сондықтан бізге де несиенің пайыздарын төмендету арқылы халықтың жағдайына тереңірек үңіле түсетін кез жетті. Банктер жеке тұлғалар банкротынан зиян шекпейді. Себебі – барлық несиелер сақтандырылған. Атап айту керек, сақтандыру сомасын клиент төлеген. Әлем тарихында жеке тұлғалардың жаппай банкроттығынан банк жүйесі зиян шеккен емес. Жекелеген азаматтардың несиесін бюджет есебінен жабу дұрыс емес, себебі, әділдік принципі бұзылады. Уақытылы төлемей жүргендердің қарызы кешірілді, ал уақтылы төлеп жүрген тәртіпті қарыз алушылардың қарызы кешірілмеді. Қарыздар бюджет есебінен жабылды. Бұл бюджетке салмақ түсіреді. Түптеп келгенде коммерциялық банктер тағы пайдаға кенелді, олар несие сомасы мен пайыздарын толық алды. Азаматтар несиені жеке мақсатқа алады, ал оны мемлекет төлеуі әділетті емес.Осыған орай, «Жеке тұлғаларды банкроттау туралы» заңды жедел қабылдау қажет! Сонда бізде несие алу мен оны дұрыс пайдалану мәдениеті қалыптасады. Несие нарығындағы дауға мемлекет араласпайтын болады. Банктер «Жеке тұлғаларды банкроттау туралы» заңның қабылдануына мүдделі емес. Өйткені бұл заң қабылданса, банктер қанаушылық қуатынан айырылып, ал кредит алған жеке адамдарға заңмен қорғанатын қамал салынбақ. Несие дегеніміз әрқашан тәуекел, ал тәуекел бар жерде банкроттық та болуы керек. Осындай заңдар батыс елдерінде, АҚШ-та ежелден бар. Ресей жеке тұлғалардың банкроттығы туралы федералды заңды 2015 жылы қабылдады. Несиені бір реттік кешіру мен оны бюджет есебінен жабу мәселені толық шешпейді. Мәселен 2019 жылы Президент Тоқаев жекелеген азаматтардың қарызын бюджет есебінен жапты. Арада жыл өтпей жатып халық тағы несиеге кешірім жасау туралы өтініш айтуда. Демек халықты қарыздан құтқарамыз десек басқа жолдарын қарастыруымыз керек. Менің өзімде несие де жоқ. Біреулер несиесі болған соң шырылдап жүр дейтін шығар. Болашақ бағдарламасы бойынша білім алып елге енді келдім. Елге келгеніме алты ай өтпей несие де ала алмаймын. Сондықтан бұл жерде халықтың жағдайына алаңдаған соң ұсыныстарымды айтып отырмын.
Қалдыбай ДҮЙСЕМБАЕВ

Комментарий