Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Съезд Судьялар одағының жұмысын жандандырды

Судьялар съезі дегенде ең алдымен Судьялар одағы елестейді. Себебі 1996 жылдан бастау алған алғашқы съезд қазақстандық қазылардың басын қосып, бірлігін нығайтатын Судьялар одағының құрылуына түрткі болған еді. Бүгінде бұл одақ әр өңірде өзінің қосындарын ашқан алып құрылым. Судьялар одағы сол кезден бері тек съездерді ұйымдастырып, маңызды мәселелердің шешімін табуына ұйытқы болып қоймай, сонымен бірге, судьяларды білім, өнер, спорттағы қарым-қабылетін шыңдайтын орталыққа айналды.

Шын мәнінде ұжымның бірлігі тек қызметтегі нәтижелерімен, қол жеткізген жетістіктерімен өлшенбейді. Ортақ істерде бас қосып, бірлесе әрекет жасаған әріптестердің байланысы нығая түседі. Мұны судьялар, соттар арасында ұйымдастырылған спорттық жарыстар, өнер байқауларынан анық аңғаруға болады. Жеңіске талпынған ұжымдар бір-біріне болысып, бір-біріне демеу болып бір үйдің балаларындай болып кететініне куә болып жүрміз.

Судьялар одағы көптеген қайырымдылық істердің де басы-қасында жүр. Одақтың бір филиалы ретіне ондай жақсы істерен Алматы қалалық соты да шет қалған емес. Төтенше жағдай, аяқ астынан болатын апаттар кезінде зардап шеккендерге судьялар үнемі қаржылық көмек көрсетіп келеді. Сонымен бірге, судьялар жыл сайын оқу жылы басталар уақытта әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына оқу құраларын алып беріп, азық-түлікпен көмектесуде де алдыңғы қатарда.

Судьялар одағы доғарысқа шыққан, зейнеттегі судьяларды да назардан тыс қалдырмайды. Мейрам сайын ардагер судьялардың үйіне барып, азық-түлік себетін тарту етеді. Сонымен бірге, көргені көп судьяларың жас судья, мамандармен тілдесіп, пікірлесуі үшін үнемі кеш, дөңгелек үстелдер ұйымдастыруға ұйытқы болуда. Бұл аға буын мен кіші буын арасындағы байланысты үзіп алмай, лайықты жалғастыру үшін қажетті шара. Осындай іргелі істердің басында тұрған Судьялар одағы жыл сайын судьялар, соттар арасындағы үздіктерді іріктеп, марапаттау арқылы білікті мамандар шоғырын қалыптастыруға талап жасап жүр.

Ал биыл осы республика судьяларының ҮІІІ съезі өткелі отыр. Ең алдымен бұл съезд онлайн түрде өтеді. Алдыңғы жеті съезде елорданың төрінде республика судьяларынан құралған 600-700-ге дейін делегаттың басын біріктіріп, шетелдік сот, құқық қорғау майталмандарының, елдегі парламент депутаттары мен құзырлы орын басшыларының, заңгерлер мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылған еді. Биылғы басқосуда карантин талаптары толықтай сақталмақ. Енді мәртебелі меймандар мен республика судьялары үшінші биліктің өзекті мәселелерін қашықтан отырып талқылайды. Ғаламтордың мүмкіндігін пайдаланған қатысушылар тікелей желіні ой қосып, пікір айтудың, өз ұсынысын білдірудің алаңына айналдырмақ. Жаңа форматта өтететін жиыннан судьялар қауымдастығының күтері көп.

 

Абзал Шакуал,

Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы

Комментарий