Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Алқалы басқосу алдында

Республика судьяларының басын біріктіріп, пікір алмасуына, тәжірибесімен бөлісуіне мүмкіндік берген тұңғыш съезд 1996 жылы Алматы қаласында ұйымдастырылғаны мәлім. Содан бері зымырап 24 жыл өткен екен. Ширек ғасырға жуық уақыт ішінде қазақстандық сот үлкен өзгерістерді басынан кешірді. Тәуелсіз, азаматтар сенетін сот қалыптастыру жолында күрделі реформалар қолға алынды. Осы бастамалардың көпшілігі төрт жыл сайын өтетін съезд мінберіне айтылып, қолданысқа енгізілген болатын. Әр съезд судьялардың жадында жаңа жоба, жаңа заң, жаңа мүмкіндіктер енгізуімен жаңғырып тұр.

Ал биылғы жылдың қазан айына жоспарланған республика судьяларының ҮІІІ съезі несімен ерекшеленбек? Бұл басқосудан не күтеміз? Жоспарланған басқосу карантиндік режимге тұспа-тұс келіп отыр. Ең басты ерекшелік те осында. Өйткені әлемді алаңдатқан пандемия барлық саланың жұмыс ырғағын бұзып, қалыпты арнадан шығарды. Сот саласы да қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Сондықтан, азаматтардың қауіпсіздігі мен індет жұқтырып алмауын қадағалау мақсатында жұмысын қашықтан жүргізуде. Онлайн сот отырыстары бүгінде еліміздің барлық өңірінде үзіліссіз, еш кедергісіз өтіп жатыр. Жаңа технологияның мүмкіндіктерін барынша кең қолдануға үйренген сот саласы үшін жұмысын онлайн өткізу қиындық туғызған жоқ. Биылғы съезд де осы форматта, онлайн әдісімен ұйымдастырылмақ.

Бұған дейінгі жеті съездің де сенімнен шығып, сот жұмысына серпін бергені шындық. Соның ішінде съездер жаңа технология игілігін пайдалануға, дауларды сотқа жеткізбей балама әдістер арқылы шешуге қатысты бастама көтеруімен құнды болды. Карантин кезінде соттардың қашықтан жұмыс істеуден жасқанбай, жаңа талапқа жылдам бейімделуі де сондықтан. Бүгінгі күнге дейін талап арыздарды «Сот кабинеті» сервисі арқылы қабылдау жолға қойылып, іс материалдары судьяларға компьютердің көмегімен тең бөлінген еді. Кейіннен түзеу мекемелері мен шалғай ауылдардағы куаларды сот процесіне қашықтан қатыстыру тәжірбесі қалыптасты. Сот отырыстарының дыбысбейне құрылғыларға жазылуы да сот жұмысын жеңілдеткен, сын-ескертпені азайтуға ықпал еткен жаңашылдықтың бірі. Осындай жаңа технология игіліктерін меңгерген сот құрылымы алдағы уақытта да азаматтар талабына сай сапалы жұмыс жүргізе беретіні анық. Ал төрт жыл сайын өтетін съездер соттың жетістігі мен кемшілігін таразылап, алдағы күннің бағдарын анықтауға көмектесері күмәнсіз.

Рауза Мусакожаева,

Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы

Комментарий