Жаңалықтар | Новости

Израиль премьері халықты тойдан тыйыла тұруға шақырды

Израильде қатаң карантин шаралары енгізілмек. Қазірдің өзінде қалалар арасында қатынас шектеліп, азық-түлік дүкендері мен дәріханалардан өзге барлық мекеме жабылды, – деп жазады nege.kz.

Індеттің алғашқы толқынында Израильде вирустан қайтыс болған әр адам туралы хабарланып, оның өткен өмір жолы мен нендей кәсіппен айналысқаны жөнінде қысқаша баяндалатын. Енді жергілікті жаңалықтарда қайтыс болғандардың жалпы саны ғана айтылып жатыр. Дәрігерлер әр науқастың өмірі үшін күрескенімен, медициналық керек-жарақтардың қор көлемі күннен күнге азайып барады. Мұндай сәтте израиль медицинасы да қауқарсыз. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху: «Адамдардың медициналық бетперде тақпайтынын айтпағанда, той-томалақтарға барып, би билеп, дастархан басында арақашықтық сақтамайтынын көріп жүрмін. Осымен жеткілікті. Доғарыңдар. Ояныңдар. Кез келген нәрсенің шегі болады. Қазіргі шынайы жағдай мүлде басқа. Бүгіннен бастап шұғыл әрекетке көшіп, күресуіміз керек. Әсіресе, мереке күндері оқшаулануға тура келеді. Егер бұл талапқа көнбесек, апталап, айлап карантинде отырамыз. Сондықтан ес жинауға әлі де кеш емес» деді.

Күн сайын Израиль халқы вирус белгілерін анықтау бойынша 60 мың тестілеуден өтеді. Бұл әлемдегі ең жоғары көрсеткіш. Сынама тапсырғандардың 11 процентінде індеттің іздері анықталып жатыр. Медицина мамандары осыған алаңдайды. Қазірдің өзінде көптеген ауруханаларда орын жоқ. Құрал-жабдықтардан бұрын кәсіби кадрлар тапшы. «Ихилов ауруханасының» бас инфекционисті Евгений Качман: «Орталығымызда 18 операциялық бөлме жабылды. Тек бас дәрігердің шешімі бойынша шұғыл операцияларға басымдық беріледі. Анестезиолог дәрігерлердің барлығы жоспарлы наркоз берудің орнына бірінші кезекте вируспен күресуге ден қойды», – деді.

Израиль вирустың алғашқы кезеңінде зерттеу жүргізіп, халық арасында індетке қарсы ұжымдық иммунитет қалыптаспай жатқанына көз жеткізді.

Комментарий