Қоғам | Общество

Қазақ жастары Германияға кетуге құмар

Соңғы жылдары қазақстандықтардың, оның ішінде жастардың ақша табу үшін шет елдерге кетіп, жұмыс істеуі әдеттегі үрдіске айналды. Осыған дейін Оңтүстік Кореяға барып, қара жұмысқа жегілген жастар жайлы жазған едік. Енді азаматтар Германияға аттанып, еңбек күшін толықтырып жатыр. Олардың мақсаты ел танып, жер көру ме, әлде қаржылық жағдайдың нашар болуы себеп пе?

Еңбек мигранттарының қарқыны басым

Сыртқы істер министрлігінің дерегіне сенсек, Кореяның ең­бек нарығында 11 мыңға жуық қа­зақстандық заңсыз еңбек миг­ранты болып жүр. Ол елге асық­қан жастардың саны азайған жоқ, басым бөлігі қара жұмыс іс­теп нәпақа тапса, кейбірі көлік саудасымен айналысты. Ендігі кезек – Германияға ауғандай. Бір қызығы, қазақстандықтар бұл істе Ресей, Украина мен Беларусь азаматтарының ізін жалғап отыр. Себебі әуелі ресейліктер ағылған Кореяға із суытпай өз жастарымыз аттанды. Соңғы 1-2 жылдықта аталған үш елдің жоғары білімсіз, дегенмен орта кәсіптік білімі бар азаматтары неміс жерінде еңбек ете бастады. Көп өтпей қазақстандықтар дәстүрді жалғап жатыр. Бірақ мұның да өз себебі бар. Кореядағы азаматтар визасыз жүруге мәжбүр болса, Германия бұл жағынан қысым жасап тұр­ған жоқ. 2020 жылдың наурыз айы­нан бастап неміс жұртында жұмысқа орналасу жеңілдетілді. Виза алу үшін әуелі өзіңіз жұмыс тапсаңыз болғаны – есік ашық. Алайда Кореядағы талап пен мұндағы талап қиыспайды, екі түрлі. Алғашқысында біліміңіз болмаса да, жұмысқа орналаса аласыз, ал Германия жоғары білім талап етпесе де, қара жұмыстың өзіне орта кәсіптік білім мен түрлі сертификаттарды көрсетуді сұрайды. Сонымен қатар өмірбаян да маңызды. Демек, қолынан іс келетін азаматтарды қабылдайды, көрінген көк аттыға келісім бер­месі анық.

Германия елі сөз болғаннан кейін, біз осы елге жұмыс іздеп барған қазақстандықтарды іздес­тіріп, Алматы қаласының тумасы Ержан Байымбетовке ұшырастық. 32 жастағы азаматтың маман­дығы – инженер-бағдарлама­шы. Бірақ Ержан өзге қазақ­стандықтардан қарағанда шетел­ден жұмыс іздеуге ерте кіріскен. 2010 жылы Еуропада жұмыс істеуді армандаған ол кәрі құрлыққа көшкен, қазір Гер­манияның Мюн­хен қаласында тұ­рады. Ержанның ойынша, Гер­манияға біліммен қатар жауап­кершілік, тәжірибе жинап барған жөн, себебі онда өмір сүру оңай емес екен.

– Көшуді ойға алғаннан кейін технологиясы барынша дамыған елді қарастырдым. Қауіп­­сіздік жағы да маңызды бол­ды. Еуропада алғашқы уақытта жұмыс табу қиын. Жұмысқа тұрып кетуі тәжірибе мен біліктілікке байланысты. Біріншіден, жұмыс берушілер Еуропа елдерінен келген қызметкерлерді жалдағысы келеді. Бірақ Германияда IT мамандар жетіспейді, сол себепті өзге елден жұмыс күшін қарастырады. Таңдауым Германияның Мюнхен қаласына түсті. Сөйтіп, 2016 жылы BMW компаниясында жұ­мыс істей бастадым. Жалпы, мен Еуропада 10 жылға жуық уа­қыт жүрдім. Алдымен BMW жо­басында бағдарламашы ретін­де жұмыс істедім, «ақылды авто­мобильдерге» арналған бағ­дарламалар мен жүйелер жасауға қатыстым. Ал қазір қаржы ком­­паниясында инженер-бағ­дар­ламашымын. Мюнхен – дамыған инфрақұрылымы, қол­жетімді бағалары және әртүрлі ұлт өкіл­дері бар мегаполис. Бірінші қиындық – жалға алатын пәтер табу. Екіншісі – бюрократия, келгеннен кейін құжат рәсімдеуге көп уақыт кетеді. Бірақ сіз бәрін тез дайындасаңыз, барлығы оңай, бәрі өзіңізге байланысты. Тағы бір проблема – тілдік кедергі, өйткені Мюнхенде бүкіл жұмыс процесі неміс тілінде, тіпті дү­кендегі өнімдердің сипаттамасы да. Сондықтан тілді алдын ала үйренген дұрыс. Жұмыс күні 8 сағаттан аспайды, қатып қалған тәртіп жоқ. Алайда немістердің көпшілігі жұмыстарын таңертең ерте бастайды. Таңертеңгі 7-де әріптестердің көпшілігі жұмыс үстелінде отырады. Кездесулер әрқашан уақытында басталады. Қазақстан – менің Отаным, бір­жола өзге елге көштім демеймін, тәжірибе жинап, жеткілікті қар­ жылық жағдай қалыптастырған соң елге қайтамын, – дейді азамат.

 

Әлеуметтік жағдайдың ықпалы бар ма?

Статистика комитетінің де­регіне сенсек, жыл сайын 14-28 жас аралығындағы 8 мыңға жуық қазақстандық білім не жұмыс іздеп шетел асады. Демек, жастарды шетелге тартып тұрған себептер бары анық. Сарапшылар жағы бірнеше дәйекті алға тартады, тұрақты жұмыстың болмауы, мар­дымсыз жалақы, ең өзектісі баспана – жастардың проблемасы. Сонымен, шетел асқан азаматтарға не түрткі болды, бұл жастардың өресі өскені ме, әлде елдегі тұрақ жайсыз ба? Көр­ші елдерге жүз мыңдап ағылған өзбекстандық еңбек мигранттарын білеміз, бәлкім біз де сол тағдырды ке­шуге жақын шығармыз. Ал әлеу­меттанушы Серік Бейсембаев болса, мұның бәріне тікелей әлеу­меттік-экономикалық жағдай әсер еткенін айтады.

– 2016-2017 жылдардан бастап осы үрдіс белең алды. Оған дейін де болған. Ең басты проблема – халықтың өз табысына көңілі тол­майды. Көріп отырмыз, пан­демия бұл мәселені одан әрі ушықтырды. Онсыз да табысын өмір сүруге жеткізе алмайтын аза­маттар жұмысынан айырылды. Со­ған сай азаматтардың шетелден жұмыс қарастыруы – заңдылық. Қазір көп елдердің шекарасы жабық, менің болжамымша, егер карантин толығымен аяқталып, індет қарқыны бәсеңдер болса, сыртқа жұмыс іздеп кететін азаматтардың саны бірнеше есеге өсуі мүмкін. Осыдан 10 жыл бұрын неге көшпеді десек, ол кезде экономиканың жылдық өсімі тұрақты түрде 7-8 пайызға артып отырды. Қазір мұндай деңгей жоқ. Одан бөлек шетелге шығуға мүмкіндік көбейді. Бір жағынан көшіп-қону – жаһандық тенденция, технология дамыған сайын бұл болады, – дейді маман.

Қорыта айтқанда, «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» демекші, белең алған үрдісті жақсылыққа жори алмасымыз анық. Бірақ әр адам материалдық тұрғыда жағдайын жақсартқысы келетінін ескерсек, шетел асқан еңбек мигранттарын айыптар жөніміз жоқ. Күнкөрістің қамымен шекара асқан кімге оңай дерсіз.

Мадияр ТӨЛЕУ

Комментарий