Судья мінбері | Судебная система

Медиация қазақ қоғамына қолайлы жүйе

Қазіргі таңда медиация жүйесі азаматтар мен заңды тұлғалар тарапынан туындаған дауларды тиісті мемлекеттік органдарға жүгінбей-ақ реттеудің тәсілін таңдау құқығы ретінде енгізіліп, түрлі салада жұмыс істеп жатқанына тоғыз жылға жуықтады. Осы жылдар ішінде медиация қоғамымызға барынша сіңісіп, барлық жағынан тиімді жүйе ретінде өзін танытты. Қазақтың дала демократиясында әлімсақтан билердің дау шешу әдісі саналып келген мәмілегерлік институты өркениеттік жолмен еліміздің сот жүйесіне қайта келіп, қанатын жая түсуде.

Бұл ретте медиация жүйесі негізінен жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қарым-қатынастарынан, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстық істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын дауларды шешуге қолданылады. Сонымен бірге, әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдардың мүдделеріне қатысты, тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын дауларға, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға, мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы өзге де қылмыстық істерге мәмілегерлік, яғни медиация жүрмейді. Негізі мәмілегерлікпен бітім жасап, дау-шарларды шешу тәжірибесі қазақ даласындағы билер сотында ықылым заманнан көрініс тапқан. Сондықтан да, жұртшылық, қоғам арасында туындаған дау-дамайларды баламалы жолмен, қосымша әдістер бойынша шешу жүйесі Қазақстан үшін соншалықты жаңалық емес. Өркениетті елдердің ең танымал тәсілін қазақтың данагөй билері ұлы далада кеңінен атқарғаны тарихтан мәлім. Оның ішінде ауыл-аймақта, өңірлерде елге сыйлы үлкендер, абыз-ақсақалдар, ерекше құрметті қариялардың өздері-ақ мәмілегерлік жұмысын атқарып келгені де баршамызға таңсық жәйт емес. Бұл әлі күнге сарқылмай сабақтасып келе жатқан құндылық. Сондықтан да, жаңа институттың қазақстандық сот жүйесін одан сайын жетілдіріп, дауларды тиімді шешуге қолдана берудің маңызы зор.

Халықаралық тәжірибелерге сүйенсек, Малайзияда мәмілегерлік арқылы сотқа жетпей бітім жасалатын істер саны 90 пайызды құрайды екен. Тек 10 пайыз іс қана сот төрелігіне жығылатын көрінеді. Өкінішке қарай біздегі медиация арқылы бітетін істердің саны бұл көрсеткішке жетпейді. Яғни еліміздегі медиацияның қолдану көрсеткішін арттыру түсу міндеті тұр. Өйткені медиация рәсімі арқылы азаматтар уақытын жоғалтпайды. Қайта керісінше, ақша қаражаттарын үнемдейді. Сот рәсіміне қарағанда медиация рәсімі қысқалау, әрі мемлекеттік баж салығы төленбейді. Дауласушы тараптар адвокаттың қымбат ақылы қызметіне жүгінбейді. Ең бастысы екі жақтың қатынасы үзілмейді. Абырой-бедел сақталып, татулық бұзылмайды, дауға қатысушылардың жүйкесі жұқармайды. Қоғамдағы алауыздықты азайтып, ел бірлігін, тұрғындардың татулығын нығайта түседі. Сотқа жүгінбестен бұрын ақылға салып әбден ойлану керек. Соның ішінде қаймағы бұзылмаған қазақы ауылдағы ағайынның дау-жанжалын өрбітпей, оларды келісімге келтіріп бітістіру аса қажет екендігі анық. Өйткені, ауылда бәрі бір-біріне туыс, жекжат, ағайын боп келеді емес пе?! Осы орайда медиацияның қазақ қоғамындағы маңызы ерекше екенін атап айта кету керек.

Серікбаев Нұрболат, Алматы қаласы Бостандық ауданы №2 сотының жетекші маманы

 

Комментарий