Судья мінбері | Судебная система

Сот билігі – құқық қорғау органдарының айнасы

Ата заңымыздың 75-бабының 1-бөлігіне сәйкес елімізде сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады. Сондықтан халықтың сотқа деген сенімінің, соған сай сот билігі беделінің маңызы зор. Осы орайда сот билігінің биік беделін төмендетпей әрқашан биікте ұстап тұру сот жүйесі қызметкерлерінің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі деуге болады. Сондықтан әрбір судья сот билі­гінің тәуeлсіздігін нығайтуға, өз кәсібінің беделін арттыруға, сот төрeлігін нығайтуға қатысты жұмыстарды адал жүзeгe асыруы тиіс. Әділ, қара қылды қақ жарып  қазылық ету де – әр судьяның қасиетті парызы. Ол үшін заңды бес саусақтай біліп, жатқа айта білу де жеткіліксіз. Ең бастысы, би, адал, әділ болып, іс бойынша шешім қабылдағанда жігерлікті, батылдықты, табандылықты, адами қасиетті көрсете білуі қажет. Сот беделінің бүкіл биліктің абыройы екендігін ескере келе, ол адамдар әділдік іздеп баратын ең соңғы саты екендігін де әрқашан ескеруіміз қажет. Сотқа деген сенім арқылы мемлекеттің барлық жүйесіне сенім қалыптасады. 

Сот жүйесінің басты тұлғасы судья болғандықтан, сот беделі мен судья беделін ажырамас ұғым деп қабылдау керек. Сот беделі – сот шешімдерінің әділдігіне, судьялардың кәсіби білікті­лігіне, судьяның ұстанған ұстанымы мен жеке басының қасиеттеріне байланысты болмақ. Жалпы, сот билігін жүзеге асыратын судья тәртіптің ең биік өлшемдерін бекітіп, сот беделіне кір келтіретін кез келген әрекеттерден аулақ болуға тиіс. Әділдікті іздеген әрбір жүгініске судья ізгілікпен қарап, әділ билік айтудың үлгісін қалыптастыруға міндетті. Сондықтан елімізде бірнеше жылдан бері соттың талапқа сай қызмет ете алуы үшін сот жүктемелерін азайтып, олардың әрбір іске тыңғылықты дайындалуы үшін барлық жағдай жасалды. Қазір сот жүктемелері біршама азайтылған.
Осы орайда айта кететін жай – Қазақстанда судьялар – мемлекет басшысының жарлығымен тағайындалатыны және қызметінен босатылатын және тиісті әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз етілген мәртебелі мемлекеттік лауазым иелері. Сондықтан оларға қойылатын  талап та жоғары. Осы себептен судьялардың мінез-құлық, ар-ождан келбеттерінің үлгілі қоғамдық нормаларын қалыптастырудың маңызына жоғары мән беріліп отыр. Сот беделі – сот шешімдерінің әділдігінде, судьялардың кәсіби біліктілігіне, олардың ұстанымы мен жеке басының адамгершілік қасиеттеріне тікелей байланысты. Осыған орай, сот әдебі сот әділдігімен тамыр тартып жатқан, соттың шынайылылығына тәуелді, онымен біте қайнасудан туындаған айқын да жарқын құбылыс. Ел судьяларының Әдеп кодексі – бұқара тарапынан сот жүйесіне сенімді нығайтуға, судьяның халық алдында жауапкершілігін күшейтуге бағытталған заман талабына сай дайындалған құнды – тарихи құжат деп тануға болады.
Судья алдына әркім әділдік іздеп келеді және билік төрінен адам жан айқайын түсініп, тыңдай, тіл табыса білетін парасатты, білімді де, білікті, мейірбан жанды көргісі келеді. Азаматтардың сотқа, судьяның шығарған шешіміне деген сенімі мен үміті нақ осы бастапқы әсерден қалыптасады. Сондықтан судья сыпайылық пен ұстамдылық өзегі болып, заң талабын қолдануда ерекше даналық көрсетуі заман талабы екенін түсінуіміз қажет. Қазыларымыз кәсіби міндеттерін атқаруда және күнделікті өмірде, қызметтен тыс кезінде моральдық және этикалық әдеп өлшемдерін сақтау, сондай-ақ, сот билігінің беделін түсіретін, судьяның абырой-беделіне нұқсан келтіретін және сот төрелігін жүзеге асыруы кезінде оның объективтілігі мен бейтараптылығына күмән тудыратын жағдайлардың бәрінен өзін аулақ ұстауға тиіс. Яғни, судья – сот жүйесінің айнасы бола білуі тиіс.
Ратова Меруерт Талипбаевна, Алматы қаласы мамандандырылған тергеу сотының кеңсе меңгерушісінің міндетін атқарушы

Комментарий