Судья мінбері | Судебная система

Сот актісі – судья сауатының көрсеткіші

Еліміздегі сот жүйесінің дамуы судьялардың кәсіби білім-білігіне тікелей тәуелді. Сондықтан, олардың өз қызметтеріне сай болуы қоғам талабы. ” ҚР Судьяларының әдеп кодексінің” талаптарына сай, судья сот отырысын жүргізудің жоғары мәдениетін қамтамасыз етуге міндетті. Әрине, мұның қатарына талап арызды қабылдап алғаннан бастып, сот актісін қолға бергенге дейін кезең кіреді.

Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Қажыманұлы Асановтың еліміздегі сот саласын одан әрі дамыту мақсатында “Сот жүйесінің жеті түйіні” бағдарламасы арқылы жеті басым бағытты айқындап бергені және бұл жобаның қазіргі таңда табысты жүзеге асып жатқаны баршаға мәлім. Жеті бағыттың көш басында – “мінсіз судья” міндеті тұруы да бекер емес.

Елбасы айтқандай, “Судья – халықтың ары, мемлекеттің – айнасы”. Сот мемлекет атынан шешім қабылдайтындықтан, осынау жоғары жауапкершілікке сай болу – мәртебелі міндетті мойнымызға алған әрбіріміздің басты парызымыз. Судьяның білім-білігі, абырой-беделі әділ билігімен өлшенеді. Бұл тұрғыда оның өзі қабылдаған сот актілерін сапалы әрі сауатты жазуы, яғни, көпшілікке түсінікті тілде жеткізуі маңызды. Олай дейітініміз, соттан екі тараптың бірдей риза болып шықпайтыны дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Даулы істе шешім не үкім қаншалықты әділ болғанымен, оның не үшін олай қабылданғаны сот актісі арқылы қарапайым тілде қысқа әрі нұсқа жазылмаса бәрібір күмән туады. Өйткені, жұрттың бәрінің заңдық сауаты жоғары емес. Таза заң тілімен жазылған ұзын-сонар сот актісін түсінбеуінің өзі олардың әділ сот төрелігіне деген кері көзқарастарын тудыруы әден мүмкін. Осы себепті, әрбір сот шешімі оны оқыған әрбір адам түсініп, қорыта алатындай деңгейде жазылуы тиіс.

Әрине, бұл талап өз кезегінде қазылар қауымына жоғары жауапкершілік жүктейді. Сауатты сот актілері халыққа әділ сот төрелігін жақсы түсінуге мүмкіндік береді. Сондықтан, сот актілерінің түсінікті жазылып, ұғынықты болуы және орындалуы өзектілігін жоймайды. Қазіргі таңда судьялар сот шешімін жариялаған соң, тараптарға не себептен нақ осындай шешім қабылданғанын түсіндіреді. Бұл процесске қатысушылардың сот актісімен келіспеушілігін азайтуда.

Әрбір сот актісі судьяның кәсіби біліктілік дәрежесі мен білім деңгейінің, қарапайым тілмен айтқанда, жалпы сауатының көрсеткіші. Тіл және тіл білімі әрқашан да судьяның кәсіби тұрғыдағы ең қажетті құралы болып саналады. Сондықтан, бұрынғы билеріміздің билік айту тәсілінен үйренеріміз көп.

“Сот төрелігінің жеті түйіні” бағдарламасының бір бағыты “Сапалы нәтиже” жобасы. Осы жоба аясында сот актілерінің сапасына баса мән берілуде. 2019 жылды Жоғарғы Соты төрағасы “Сот төрелігінің сапасын арттыру жылы” деп жариялады. ҚР Жоғарғы Сотының “Сот үкімі туралы” және “Сот шешімі туралы” нормативтік қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соған орай, сот шешімдерінің жазылу нысаны өзгеріп, олардың бірізділігі қамтамасыз етілуде. Жалпы, елімізде жүзеге асып жатқан сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы реформалар заман талабына сай жүзеге асуда.

Қанат Утеубаев,

Алмалы аудандық №2 сотының судьясы

Алматы

Комментарий