Судья мінбері | Судебная система

Сот процесін қашықтықтан өткізу – қауіпсіздік кепілі

Еліміздің даму бағытын айқындайтын “Қазақстан-2050” стратегиясында тәуелсіз әрі әділ сот билігін қалыптастырудың жаңа міндеттері белгіленген. Атап айтқанда, соттар мен судьяларды одан әрі мамандандыру, солар арқылы халықтың сотқа деген сенімін нығайта түсу, қазылар біліктілігін көтеру, материалдық-техникалық базаны жаңарту, сала жұмысына электронды ақпараттық-технологияларды енгізу, т.б. осы секілді маңызды мәселелер қамтылды.

Қазақстанның озық мемлекеттермен терезесін теңестіруі басты мақсат десек, көздеген межеге жетуде елімізде барлық мүмкіндік қарастырылған. Әсіресе, бұлар заңнамалық тұрғыда нығаюда. Ресми ақпараттарға сүйенсек, бүкіл әлемдік экономикалық форумның жаһандық қабілеттілік индексіне сай базалық көрсеткіші ең бірінші соттардың тәуелсіздігі, халықтың оған деген сенімі және меншік құқығын қорғауымен бағаланады екен. Демек, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын әділ қорғауда қашанда ашықтық пен қолжетімділіктің маңызы зор. Бұл тұрғыда озық технологиялардың алар орны айрықша.

Сала жұмысына оларды енгізу сот төрелігін іске асырудың барлық кезеңін, яғни, сотқа құжат тапсырудан, соттың шешімі мен атқару парағын алғанға дейінгі уақытты қамтиды. “100 нақты қадам” ұлт жоспарының 20-қадамына орай, ел соттары дыбыс және бейне құрылғыларымен толықтай қамтамасыз етілді. Бұл өз кезегінде судьялар мен процеске қатысушылардың процессуалдық нормаларды сақтауына оң ықпал етті. Жаңа ақпараттық технологияға негізделген электрондық бағдарламалар бүгінде нәтижесін көрсетуде.

ҚР Жоғары Соты “Сот жүйесінің жеті түйіні” бағдарламасы аясында “SMART сот” пилоттық жобасын іске қосты. Осы жоба жұртшылыққа сот процесіне қашықтықтан қатысуға мүмкіндік беріп, оңтайлылығын көрсетуде. Елдегі жағдайға байланысты соттардың қашықтықтан жұмыс істеп жатқанына бірнеше айдың жүзі болды. Күрделі кезеңге қарамастан, республикамызда толыққанды сот төрелігі жүзеге асып, процестер «TrueConf», Zoom, Skype, WhatsApp және басқа да байланыс құралдарының көмегімен бейнебайланыс арқылы өткізілуде. Қазіргі күні сот процестерін қосымша уақыт пен қаражат шығындамай-ақ қашықтықтан бейнеконференцбайланыс арқылы өткізу қалыпты жағдайға айналды.

“SMART сот” онлайн режимі халықтың тұрғылықты жерінен сот процестеріне қатысуын қамтамасыз етіп, ашықтық пен қолжетімділікті арттыруда. Онлайн режимінде өтетін сот процестерінде электронды хаттама толтырылып, аудиобейнежазба жүргізіледі. Бейнебайаныс арқылы процеске қатысу үшін смартфон, планшеттік компьютер, тіпті, смарт сағат көмегіне де жүгінуге болады. Тек арнайы бағдарлама жүктелуі керек.

Бүгінгідей күрделі эпидемиологиялық жағдайда сот отырыстарын онлайн форматта өткізу халық денсаулығын сақтауда ең оңтайлы шешім болды. “Денсаулық – басты байлық” демекші, қашықтықтан сот отырысына қатысу

сырқат жұқтырудан сақтап, барлық жерде қауіпсіздіктің кепілі болып табылады. Қашықтықтан қарау тараптардың сот отырысына қатысуын қамтамасыз етіп қана қоймайды, сонымен қатар, істің қаралу мерзімін қысқартады. Оның ең басты артықшылығы тараптар сотқа келмей-ақ, құқықтарын қорғай алады.

Жалпы, алғанда сот жүйесіне енгізілген барлық ақпараттық-инновациялық технологиялар азаматтар мен заңды тұлғарлардың сот қорғауына өз құқықтарын барынша ашық және ыңғайлы іске асыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге сот ісін жүргізуді жеңілдетеді, төрешілдік кедергілерді қысқартады, сот органы қызметкерлерінің азаматтармен байланысын азайтады. Бұлар өз кезегінде халықтың сотқа деген сенімділігін одан әрі нығайта түседі.

 

Анар Толықбаева,

Ақтау қалалық №2 сотының судьясы

Комментарий