Қоғам | Общество

ЯДРОЛЫҚ ҚАРУДАН БАС ТАРТУ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰСТАНЫМЫ

ЖАҺАНДЫҚ ЯДРОЛЫҚ ҚАРУСЫЗДАНУ ҮРДІСІНІҢ НЕГІЗІ 20 ЖЫЛ БҰРЫН ЕЛБАСЫ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫҢ ЖАРЛЫҒЫМЕН СЕМЕЙ ЯДРОЛЫҚ СЫНАҚ АЛАҢЫ БІРЖОЛА ЖАБЫЛҒАН КЕЗДЕ ҚАЛАНҒАН ЕДІ. БҰЛ ҚАДАМ БІЗДІҢ ЖАС МЕМЛЕКЕТІМІЗ ҮШІН ҒАНА ЕМЕС, ЕШҚАНДАЙ АЛЫП-ҚОСПАСЫЗ ТҰТАС ӘЛЕМ ҚАУЫМДАСТЫҒЫ ҮШІН МАҢЫЗДЫ РӨЛ ОЙНАДЫ.

Қазақстандағы Семей ядролық сынақ алаңы жабылғаннан кейін әлемнің Жаңа Жер (Ресей), Невада (АҚШ), Муруроа (Франция) және ҚХР (Қытай) сынды төрт ірі айлағында ядролық қаруды сынауға мораторий жарияланғаны және онда «Невада-Семей» халықаралық ядролық қозғалысының құрылуы шешуші фактор болғаны көрсетілген. Осы арқылы Қазақстан ядролық сынақтың зардабын әбден тартқан ел ретінде, әлемді қауіпсіз етудегі өзінің ұмтылысынан ешқашан таймайтын, атомдық және өзге де халықты жаппай қырып-жоятын қарудың таралуына жол бермеуді көздейтін ізгі ниетін паш етеді.
Алғашқы ядролық жарылыс – 1949 жылдың 29 тамызында, ал соңғысы 1989 жылдың 19 қазанында жасалғаны белгілі. Осы қырық жыл ішінде Семей ядролық алаңында 450 сынақ жүзеге асырылып, 1,5 млн адам зардап шекті. Елбасы бұл сұмдыққа жол бермеу үшін 1991 жылдың 21 тамызында Семей ядролық сынақ алаңын жабу жөнінде жарлық шығарды. Өйткені жаһандық деңгейде ойлаудың бірегей қабілетін иеленген Елбасы әлемде ядролық қару көлемі жағынан төртінші орында тұрған Қазақстан үнемі жетекші ядролық державалардың нысанасында тұрғанын түсінген еді. Осылайша Нұрсұлтан Назарбаев елдің тарихындағы ауыр экономикалық дағдарыс кезеңінде маңызды шешім қабылдап, тек қауіпсіздікке кепілдік алып қоймай, елге қажет инвестицияға да қол жеткізді. Бұл шын мәнінде қазақстандықтар үшін емес, бүкіл жер шары үшін тарихи оқиға болды. Мұның дәлелі – дәл осы күн бір жылдан кейін Қазақстанның Халықаралық ядролық сынаққа қарсы әрекеттер күні болып жарияланды. 1993 жылы Қазақстан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы кеңістігінде бірінші болып Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімге қосылды. Ал 1994 жылдың желтоқсан айында
әлемдік ядролық державалар Қазақстанның қауіпсіздігінің кепілдіктері туралы меморандумға қол қойды.
1995 жылы Семей ядролық сынақ аймағында соңғы өлім себуші заряд жойылды. Келесі жылдың 30 қыркүйегінде Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен тұтастай қамтитын ядролық сынаққа тыйым салынатын келісім бекітілді. 2009 жылы Қазақстанның бастамасы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды халықаралық ядролық сынаққа қарсы күн ретінде жариялады. Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылдың 12 қарашасында жаңа бастама көтеріп, ядролық қарусыз әлем туралы жалпыға ортақ декларация туралы ұсыныс жасады.
– Осы жалпыға ортақ ядролық қарусыздану туралы декларацияны қабылдау арқылы ХХІ ғасырда БҰҰның қатал бақылауымен жаһандық қауіпсіздіктің тұтас жүйесін құруды байланыстырамыз, – деген еді Тұңғыш Президент елордада өткен «Біз ядролық қарусыз әлем үшін» атты халықаралық конференцияда. Елбасы жалпыға ортақ ядролық қарусыз әлем туралы декларация қабылдауды БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-сессиясында ұсынғанын еске салып, бұл қадамды жасаудың оңайға түспейтінін, өйткені ядролық державалар ядролық қарудан құтылғысы келмейтінін айтқан болатын.
– Оларға ядролық қарусыз қиын сияқты көрінеді. Кейбірі бұл қару дұшпандарды тежейді деген ойда. Тағы біреулері оны бүкіл әлемге көрсетіп, міне, біз қандай мықтымыз деп қорқытқысы келеді. Сіздер Семей ядролық сынақ алаңының орнына барыңыздаршы, ондағы мұражайдан небір сұмдықты көресіздер, – деген еді Елбасы.
Қазақстан осылайша жылданжылға ядролық қарусыздануға бағытталған нысаналы саясат жүргізе отырып, 2012 жылдың тамыз айында халықаралық «АТОМ» жобасын іске қосты. Мұндағы мақсат – жаһандық деңгейде ядролық қаруға түбегейлі тыйым салуды қолдауды күшейту. Қазақстанның бастамасымен 2015 жылдың 7 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы мүше-мемлекеттердің көпшілік дауысымен ядролық қарудан азат бейбітшілікке қол жеткізу бойынша жалпыға ортақ декларацияны қабылдады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында дүниежүзі Қазақстанды ядролық қарусыздану үрдісіндегі басты ойыншы ретінде таныды. Осы бастаманың тұрақты жақтаушысы ретінде Қазақстан барлық елдердің жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау тәртібін жіті бақылап отыр. Тұңғыш Президент өзінің БҰҰ Бас Ассамблеясының 2015 жылы өткен 70-сессиясында сөйлеген кезінде ядролық қарусыз әлем құруды адамзаттың XXI ғасырдағы басты мақсаты етуге шақырды. Сонымен қоса еліміз осы бейбітшілік идеясына адалдығы арқасында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайланды. Биылғы жылдың 29 тамызында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қарусыздану үшін» сыйлығының тапсырылуына қатысты. Онда ол кеңестік элитаның қарсылығына қарамастан, Бірінші Президенттің ядролық сынақ аймағын жабу туралы шешімінің қабылдануын ерлік деп бағалады. Осы қадамның әлемдік ядролық
қарулануға қарсы қозғалыстың катализаторына айналғанын мәлімдеді. Сонымен қатар Президент әлемнің кейбір аймақтарында ядролық қауіп әлі де сақталып отырғанына назар аудартты.
– БҰҰ мәліметтері бойынша әлемде 15 мың ядролық қару бар, олардың көбі санаулы минут ішінде қолданысқа енуі мүмкін. Жағдай халықаралық қатынастарда тартыстық әлеуеттің артуы және қаржылық-экономикалық қайшылықтың ушығуына орай қиындап барады. Иранның ядролық бағдарламасы бойынша бірлескен іс-қимыл жоспары мен орта және кіші қашықтықтағы ракеталарды жою жөнінде жасалған келісімнің тағдыры белгісіз болып отыр, – деген еді ол. Президент ядролық қаруды таратпау жолында күш біріктіруге үндеп, осы ретте Елбасының бастамалары жаһандық қауіпсіздікті
нығайтуда негізгі элемент болып қала берсе деген тілегін жеткізді. Бұл, әрине, әлемде бейбітшілікті сақтау үшін Қазақстан тарапынан барлық іс-қимылдың жасала беретіндігін білдірсе керек. Әркім
әлемге өзінде барын береді. Демек, еліміз осы шешімі арқылы тұтас адамзатқа елімізде салтанат құрған ынтымақ пен бірлікті, жасампаздықты, ізгілікті паш етіп отыр.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА,
«Заң газеті»

Комментарий