Судья мінбері | Судебная система

VIII съездің де сала жұмысына серпін береріне сенім зор

Уақыттың бір орында тұрмайтыны, соған сай, заман өзгеріп, оның талаптарының да арта берері хақ. Өмір көшінен қалмай, өркениетке сай даму әрбір елдің басты мақсаты. Осы тұрғыда Қазақстанның бағыты айқын – ол әлемдегі озық отыз елдің қатарына кіру. Елбасының ҚР Судьяларының VI съезінде айтқан “Халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін қоғам – ең дамыған қоғам”-деген сөзі сот беделін мемлекет беделінен бөліп қарай алмайтындығымыздың жарқын дәлелі.

Тәуелсіздік алғалы сот саласы өзінің даму жолында жаңа реформаларды үздіксіз әрі нәтижелі жүзеге асырып келеді. Әрине, мұның бәріне съездердің айрықша ықпалы бар. Әрбір төрт жыл сайын өтетін алқалы жиында заң үстемдігін қамтамасыз етудегі көкейтесті мәселелер көтеріліп қана қоймайды, сонымен қатар, нақты ұсыныстар ортаға салынып, оларды жүзеге асырудың жүйелі жоспарлары жасалады. Бүгінге дейін атқарылған игі істер мен жеткен жетістіктер сол жоспарлардың жемісі деуге толық негіз бар.

Сот тарихында әр съездің өзіндік ерекшелігі бар. Мәселен, VII съезден кейін салада айтарлықтай өзгерістер орын алып, жұмыс жаңа бағытта жанданды. “Келісіп пішкен тон келте болмас” дегендей, сала жұмысын жақсарту мақсатында Бас судья Ж.Асанов жалпы заңгерлер қауымы мен судьяларға үндеулер жариялады. Үндеулерге үн қатқан мамандардың сот төрелігіне қатысты сын-пікірлері мен ұсыныстары ескерусіз қалмады. Жақып Қажыманұлы еліміздегі сот жүйесін одан әрі дамыту бойынша жеті басым міндетті саралап, “Сот төрелігінің жеті түйінін” айқындап берді. Осы бағдарлама шеңберінде “Виртуалды сот”, “Түнгі сот”, “Отбасылық сот”, “Татуластырушы-судья”, “Судья көмекшісі”, “Татуласу: сотқа дейін, сотта”, соттан тыс татуласу орталықтары, фронт-кеңселер және тағы басқа қанатқақты жобалар жүзеге асып, жұртшылықтың оң көзқарасына ие болды.

Тұңғыш президент V съезде сот тәртібімен қаралуға жататын дау-дамайларды азайту мәселесіне басты назар аударып, дауды соттан тыс реттеудің баламалы тетіктерін, соның ішінде бітімгершілік пен медиация рәсімдерін кеңінен енгізуді тапсырған болатын. Қазіргі таңда бұл тапсырма кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, нақты шешімін тапқанына ел куә. Сот төрелігінің сапасын арттыруда қолға алынған кешенді шаралар сала ашықтығын барынша қамтамасыз етіп, тиімділік пен қолжетімділікті одан әрі арттыруда. Бұл тұрғыда жұртшылықтың сот жұмысымен ашық танысуына мүмкіндік беретін сот анықтамасы жобасының да айрықша әсері бар.

Елімізде қылмыстық жазаларды ырықтандыру мен ізгілендіру, соттарды мамандандыру мәселелері де алғаш рет съездер барысында көтерілді. Бүгінде мамандандырылған соттар институтын одан әрі дамыту, тараптардың бәсекелестігі мен тең құқылылығын қамтамасыз ету, алдын ала тергеу әрекеттеріне соттық бақылауды белгілеу, өлім жазасы көзделген қылмыстық істерді алқабилердің қатысуымен қарау, азаматтық істерді жүргізудегі сот прецеденттерін енгізу, судьялар тәуелсіздігін нығайту, т.б. мәселелер заң жүзінде толықтай шешімін тапты. Елімізде Тергеу институты жұмыс істейді. Сот тарихында болмаған тағы бір жағдай, соңғы жылдары ақтау үкімдері

күрт өсті. Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер енгізілді. Мұның бәрі, әрине, алқалы жиындарда қозғалып, қолға алынған шаралар нәтижесі.

Заман талабына сай азаматтардың мүдделерін қорғау тәсілдері де өзгеруде. Дегенімен, біздің басты міндетіміз – әділ сот төрелігін жүргізу. Сол арқылы адамдардың сотқа деген сенімін арттыру. Себебі, Елбасы айтқандай, “Заңның үстемдігі азаматтар соттың әділ шешімін алған кезде ғана қамтамасыз етіледі”. ҚР Судьялар одағының мәлімдеуінше, VIII съез карантиндік жағдайға байланысты бейнеконференц байланыстың көмегімен онлайн режимінде өтеді. Бұл съезде де сот әділдігі мен заң үстемдігін қамтамасыз етуге қатысты ұтымды ұсыныстар айтылып, пайымды пікірлер өрбіріне сенім зор.

 

Дүния-Зада Кеншимова,

Ақтау қалалық №2 сотының судьясы

Комментарий